Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – адам баласына Алла Тағаланың жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен, алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің қайырлы болмасы белгілі.
Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған.
«Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ
«Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен». Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді» (Мүсілім, зекет, 65). Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7).
Хакім Абайдың қара сөзінде: «Құдайдан мал тілейсіңдер, неге керек етейін деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарп етуді білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғынарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек етсе, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам тонағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ дүние таптың, байыдың. Сол дүниені сарп етіп, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ақірет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, дүниені иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды» деп айтады.
Бұл сөздердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген немесе айла жасаған адам бізден емес» деген хадисі мен Құрандағы сүрелердің негізіне сәйкесіп жатқандығы анық.
Халқымызда да еңбек туралы көптеген мақалдар мен мәтелдер даналық сөздер бар. «Еңбектің малы – тәтті», «Еңбек түбі – зейнет» деген дана халқымыз. Ұлтымыз бар байлық пен бақыт еңбекте деп түсінген. Еңбектің маңызына аса терең тоқталған. Халқымыздың бай мұрасы, руханияты мен әдебиеті, өнері еңбектің арқасында келген. Еңбек жасаушыға Алла тағала міндетті түрде ризық береді. Адам тек амал етуі қажет.
Ержан АМАНБАЕВ
«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы