ДІН – ӨМІРЛІК БАҒЫТЫҢ, ДӘСТҮР – ТАНЫМЫҢ

ДІН – ӨМІРЛІК БАҒЫТЫҢ, ДӘСТҮР – ТАНЫМЫҢ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі әлемді жаратқан Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 Алла тәуелсіздікті нәсіп етіп, бодандықтан арылып, дін мен дәстүрімізді еркін ұстануымызға жол ашылды. Исі мұсылман кеңестік қатаң дәуірде де салт-санасын, Раббысын ұмытпай осы күнге жетті. Дегенмен, бәһадүр бабаларымыз салып кеткен сара жолдар ұмытыла бастап, уақыт өте түрлі қайшылықтар пайда болды. Әлемнің дамуымен өзгерістердің пайда болуы заңдылық. Осы орайда, біз дінге сабақтастырылған дәстүрімізді ұмытпай, шариғатымызды дұрыс ұстануымыз маңызды.

Құранда:

"يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ"

«Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» («Хужрат» сүресі 13 аят) – дейді. Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.

Дін мен дәстүр құстың қос қанаты секілді. Әрбір ұлт пен ұлыстың өз тұрғылық мекеніне қарай тілі, дәстүрі қалыптасқан. Пайғамбарлар түсірілген барлық ұлттардың өз дәстүрі бар. Және оны пайғамбар кезеңінде де дінге қайшы келмейтіндері ұстанымда болды, дін арқылы жаңа дәстүрлер орнығып, атадан балаға яғни бізге жетті. Қазақ халқы сонау ғасырлардан бері мұсылман болғандықтан, дін біздің дәстүрімізге сіңген. Сондықтан да ел басына қанша ауыртпашылық, қиындық, жау келсе де, дәстүріміз бүгінде жалғасын табуда.

Алла Тағала:

"خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ"

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»[1], – деп бұйырған. Алланың Елшісіне (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.

Қазақ халқында ғана емес әлемнің барлық ұлттарында шариғатқа қайшы әрекеттер, дінге жат әдеттер бар. Атап айтсақ, болашақты болжау, ырымшылдық, құмалақ ашу, әруақ яғни өлген адамнан сұрау, бір затқа сену. Бұл ешқандай ұлттық дәстүр емес және ешбір ұлттың дәстүрі емес. Ақ жүрген жерде қара болатындай, адамның адасуы болады. Егер бұл бұрынан бар дүние, біздің дәстүр десеңіз – қате. Дәл қазіргі уақытта парақорлық, аманатқа қиянат, Аллаға серік келтіру сынды күнәлі істер бар болғандай, о заманда да сауатсыз әрекеттер болған. Оның барлығын дәстүр дей салу дұрыс емес.

Ержан қажы Малғажыұлы өзінің «Дін мен дәстүр» кітабында: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі»[2] - дейді. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, ел аузында жүрген сөз оралымдары мен өлең шумақтарынан имани ұғымдар мен ұстанымдардың жарқын мысалдарын таба аламыз. Мұның өзі Алаш жұртының салт-санасының, ақыл-ойының асыл діннен ажырамағандығын көрсетеді.

عَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : "لَيْسَ مِنَّا مَنْ دَعَا إِلَى عَصَبِيَّةٍ وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ قَاتَلَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ مَاتَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ" (رواه أبو داود 5121)

Жубейр ибн Мутғим (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес (яғни, мұсылмандыққа жат қылық). Ұлтшылдық, рушылдық үшін шайқасқан адам бізден емес (яғни, мұсылмандыққа жат қылық). Ұлтшылдық, рушылдық үшін өліп кеткен адам бізден емес (яғни, мұсылмандыққа жат қылық)»[3], – деп ескерткен.

Яғни, қаншама ұлт, дәстүр болса да біздің шыққан тегіміз бір – Адам ата мен Хауа ана. Дәстүр Алла бізді бір-бірімізді, өзімізді тану үшін ұлттарға бөлгеніндегі болмысымызды, тарихымызды танытушы ғана.

Адам болмысындағы, жүрегіндегі сенімнің түп-негізі Құран Кәрім мен хадистерде жатыр. Раббы Тағала білімнің көзі Жаратқаннан қорқу екендігін баяндаған. Алла Тағала былай дейді: «...Әрі Алладан қорқыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді...»[4]. Өмірді, дәстүрді, әлемді тану үшін ең әуелі Алланы тану маңызды.

Дініміз бақытты өмір сүрудің бағыт-бағдары, бағдаршамы болса, дәстүріміз адам ретінде өзімізді танудың құралы.

Алла дінімізге қуат, елімізге ауызбіршілікті нәсіп еткей! Әмин!

 

Ержан Аманбаев

«Һибатулла Тарази» облыстық мешітінің наиб имамы



[1] Ағраф сүресі 199-аят.

[2] Е.Малғажыұлы, «Дін мен дәстүр» Алматы: «Ғибрат» баспа үйі, 2013ж., 14-бет

[3] Әбу Дәуіт, 5121-хадис

[4] Бақара 282-аят

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: