БЕКТЕМІР ҚУАНДЫҚҰЛЫ: ЗИЯРАТ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ҚАЖЕТТІ ҚАДАМ

БЕКТЕМІР ҚУАНДЫҚҰЛЫ: ЗИЯРАТ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ҚАЖЕТТІ ҚАДАМ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Darhan Dala Travel» туристік фирмасының директоры Бектемір Қуандықұлының «Мұнара» газетінде жарияланған сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

–  «Darhan Dala» жобасының идеясы қалай туды? Cұхбатымызды осы сұрақтан бастасақ...

– Былтыр жыл аяғында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістанға кезекті сапарында отандық туризмді дамытуға күш салу қажеттігін айтқан болатын. Түркістанға және басқа да киелі орындарға турлар ұйымдастыруды тапсырды. Осы бастама негізінде Діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесінде «Тарихи, киелі жерлерге саяхат жасаудың әдебі» атты құжат талқыланып, қабылданды. Бұл құжатта қазақта киелі деп саналатын орындарға барғанда шариғат пен дәстүрімізге сай зиярат жасау, шариғатқа қайшы әрекеттерден сақ болу, ниеттің дұрыстығы, ол жерлерді қастерлеп, құрметтеу сияқты мәселелер нұсқаулық ретінде қамтылған. «Киелі» деген қазақта өте кең, қасиетті ұғым. Ол тек бабаларымыздың зираты немесе кесенесі ғана емес, тіпті шипалы бұлақ немесе тақуа тұлғалар құлшылық еткен үңгір, тіпті әулиелер егіп кеткен ағаш та болуы мүмкін. Біз бабалар қалдырған әрбір мұрасынан, басып өткен әр бір ізінен, кие іздеген халықпыз ғой. Сондықтан өткендерді қалай құрметтесек, олар қалдырған мұраларды да солай қастерлеп, қорғап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет деп санаймыз.

Жалпы, жоба осы мәселелерді басшылыққа алып, еліміздің киелі орындарын, басқа да тарихи жерлерді зиярат етуді бірізділікке салу, зиярат мәдениетін насихаттауды көздейді. Міне, осы мақсатта «Darhan Dala Travel» турфирмасы ашылып, жұмысын бастады.

– Туристік фирманың «Darhan Dala» деген атауы әдемі екен...

– Иә, турфирмаға ат беру де оңай емес екен. Түрлі атауды қарастырдық. Осы «дархан дала» деген атау көңілімізге қонды. Жанымызға, яғни қазақи пейілімізге жақын сияқты көрінді. Жалпы «дархан» деген сөз кеңдікті, кеңпейілдікті, қонақжайлықты білдіретін қазақи бір қасиетіміз емес пе? Мысалы, дархан көңіл деген тіркестер кеңдікті, кеңпейілдікті білдіреді. Ал дала сөзі де жанымызға жақын ұғым. Бұл жерде тек жазық дала мағынасында емес, исі қазақ даласын, оның өзен, көлін, тауы мен теңізін, бәрін құшағына алып жатқан кең байтақ жерімізді меңзейді. Қысқаша айтқанда, «дархан даламды келіп көріңдер, таныңдар» деген мағынаға саяды. Себебі алдағы уақытта тек ішкі туризм бағыттары ғана емес, алыс және жақын шет елден туристер тартып, ұлы даламыздың киелі жерлері мен әсем табиғатын көрсетеміз деген жоспарымыз да бар. Алла амандық беріп, мынау әлемге келген індет сейіліп, әлем халқы бұрынғы қалыпты, берекелі тірлігіне көшетін болса, ол ойларды да жүзеге асырамыз деген ойдамыз.

– Зиярат мәдениетін насихаттау туралы айтып қалдыңыз. Жалпы зиярат дегеніміз не? Оның әдебі, тәртібі қандай болу керек? Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...

– Халықаралық туризмнің «зиярат туризмі» деген үлкен бір саласы немесе бағыты бар. Мысалы, Түркия, Малайзия, Индонезия сияқты мұсылман елдерінде туризмнің бұл саласы кеңінен мәлім. «Зиярат» – арабша сөз. Оның тілдік мағынасы «бір жерге арнайы бару» немесе «қонаққа бару» дегенді білдіреді. Ал діни терминдік мағынасы ақыретті еске түсіріп, одан ғибрат алу үшін, бақилық болғандардың қабіріне барып, олар үшін Алладан жарылқау тілеп, дұға ету дегенге саяды. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Сәид әл-Худридің риуаятында келетін мына хадисі: «...Енді оларға (қабірлерге) зиярат етіңдер. Расында, зиярат етуде ғибрат бар... Сонымен қатар Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен бір риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Бақи қорымына шығып, олардың күнәларының кешірілуін тілейтін. Сонда Айша (Алла оған разы болсын) Одан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жөнінде сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен оларға дұға етуге бұйырылдым» дейді» (Ахмад, Мүслім және басқалар). Сондықтан мұсылман әлемінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етумен қатар белгілі Ислам ғалымдары мен тақуалығымен танылған әулие құлдарын зиярат ету үрдісі қалыптасқан. Ал халқымызда, жалпы түркілерде елдің құрметіне ие болған абыройлы, беделді абыз-әулиелер, батырлар мен билердің қабірін зиярат ету дәстүрі бар. Мысалы, Арыстан баб, Ибраһим ата, Қожа Ахмет Яасауи, Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп сынды тұлғалардың есімдері ел арасында кеңінен белгілі. Міне, осындай  кісілердің қабіріне уақыт өте келе үлкен кесенелер тұрғызылып, мұсылмандардың зиярат жасауына жағдай жасалған. Ол кісілер өздеріне кесене тұрғызуды өсиет етіп кетпесе де кейінгі ұрпақ олардың әруағын құрметтеп, қабірін елеусіз қалдырмай кесене тұрғызып, олар үшін әрдайым Құран оқып, дұға жасауды өнеге еткен. Бұл үрдіс олардың ел арасында қандай құрметті, беделді болғанын білдірсе керек-ті. Өкінішке қарай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары пайда табуды көздеген түрлі топтар «дертіңнен айығасың», «жолың ашылады» деген сияқты түрлі жалған жарнамалармен киелі орындарға халықты алып барып, өздерінің шариғатқа қайшы, бұрыс әрекеттері арқылы «зиярат» деген осы қасиетті ұғымды жағымсыз сипатқа айналдырғаны жасырын емес.

Зиярат жасауда ниеттің дұрыстығы – ең басты мәселе. Медетті, құтылуды тек Алладан тілеу басты назарда болу қажет. Әулиелердің қабірі немесе кесенесі құлшылық нысаны емес. Керісінше олардың рухына құрмет көрсетіп, оларға Алладан жарылқау тілеп, дұға жасайтын орын. Біз олардың өткен өмірінен өнегелік тұстарын үйреніп, елге тигізген пайдасы мен халыққа қалдырған мұрасын қастерлеп, дәріптеуіміз қажет. Қарапайым діни сауаты жоқ адамның өзі зиярат маңынан жолаушылап өткенде ішінен күбірлеп дұға оқып, бет сипайтынын білеміз. Олай болса халқымызда тірісінде ел ықыласына бөленген тұлғалардың қабіріне деген құрметтің қандай болатыны белгілі жайт. Демек зияратты әрі діни әрі тарихи-танымдық саяхат деп айтқанымыз дұрыс болар.

– Қабір басына кесене тұрғызуды ысырап, шариғатқа қайшы амал деген пікірлер айтылады?

– Осы мәселелерді бірізділікке түсіру мақсатында таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінде «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданды. Құжатта еліміздің түрлі аймақтарында, ол жерлердің климаттық, табиғи ерекшеліктері ескеріліп, қабір басына шариғат шеңберінде мазарды қалай көтеру қажет, мазар көтеруде ысырапқа жол бермеу сияқты мәселелер қамтылған. Әрине дініміз бірінші кезекте ысырапқа жол бермеуге, мазарды салғанда пенденің байлығын көрсету үшін немесе мақтаныш ниетінен аулақ болуға шақырады. Өмірден өткендердің қабірі басына қымбат тастардан мазар тұрғызудың орнына сол өмірден өткен кісілердің атынан жетім-жесір, жарлы-жақыбайға садақа беріп, дұға жасағанды құптайды. Әйтсе де мазар тұрғызу көшпенді халқымыз мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін ұмытпауымыз қажет. Мысалы, Қазақ даласындағы Қарахан және Алаша хан кесенелері сонау орта ғасырдың сәулет ескерткіштеріне жатады. Көшпенді қазақ тұрмысында қабірлерге мазар тұрғызу қажеттіліктен туды деп айтуға болады. Себебі қабір басындағы кесене ең әуелі өмірден өткен кісінің әруағын құрметтеп, дұға оқитын орын қызметін атқарса, жапан түзде жолаушылап жүрген кісінің жаңбыр, қардан қорғанып, паналайтын тұрағы да қызметін атқарған. Сонымен қатар түзде жолаушылап келе жатқан кісі зират көрсе, демек сол маңда ел бар екенін және ол қоныс қандай руға тиесілі екенін зираттағы рудың таңбасынан танитын болған. Бұдан мазардың жерді игеру аймағын оның тиесілігі мен меншігін дәлелдейтін белгі ретінде де стратегиялық маңызы болғанын білеміз.

– Кейде кісілер зират басындағы ағаштарға немесе оның қоршауына шүберек байлап кетеді. Осы әрекет дұрыс па?

– Жалпы мұсылман адам қандай амал, әрекет жасаса да оның мәнін, мағынасын біліп, түсініп жасау қажет. Біреу шүберек байлап жатса, соны көріп, солай жасау керек екен деп жөн-жосықсыз еріп кете беруіміз дұрыс емес. Өсіп тұрған ағашқа шүберек байлап оны тұншықтырудың қандай қажеті бар? Сол сияқты бұлаққа тиын лақтырып жатады. Онда қандай мағына бар? Міне, осы сияқты мәселелерді елге түсіндіріп, насихаттау қажет. Осы ретте айтып өтетін жайт, елімізде туристер табиғат аясына саяхатқа шыққанда айналасын ластап, соңынан қоқыс қалдырып кететіні жиі айтылады. Елімізде еңселі таулары мен өзендері, тау баурайындағы қайыңды, шыршалы ормандары тұнып тұрған тұмса табиғатымен ерекшеленетін экотуризм аймақтары бар. Ол біздің керемет байлығымыз. Міне, осы барымызды, байлығымызды аялап, қорғай білуіміз қажет. Көшпелі тіршілік кешкен бабаларымыз табиғатпен қандай етене байланыста, үйлесімде болып, жаз жайлауына көшіп, қыс қыстауына қонып оны қалай қызғыштай қорғағанын білеміз. Біздің турфирма жұмысының басты бағытының бірі осы табиғатты қорғау, аялау. Осы мақсатта біз экотуризм аймақтарында еріктілерді жұмылдырып, табиғатты қоқыстан тазалап, басқаларды да табиғатты қорғауға шақырып, насихаттаймыз.

 

Сұхбаттасқан Әмина ҚАБЫЛБЕК

«Мұнара» газеті, №15, 2021 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: