Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын! Әлемдерді жаратқан Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтаулар болсын! Алланың игілігі мен сәлемі Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) болсын!
Алла деген ар болмас,
Алланың жолы тар болмас,
Алла деген пенделер
Екі дүниеде қор болмас - деп, бабаларымыз айтқандай әуелі әрбір ісімізді бастарда Алланың атымен бастауға дағдыланғанымыз дұрыс. Сонда бастаған ісіміздің берекесі болады.
Енді еңбек тақырыбына көшсек. Бұл мәселе де бүгінгі күнімізде өте маңызды тақырыпқа айналды деп нақты айта аламыз. Әрбір адам баласы адал еңбекпен нәпақасын тауып жеуге міндетті. "Құдай деген құр қалмас" деп бабаларымыз, құдайға сыйынып, еңбек етсең қатарыңнан құр қалмайтыныңды меңзегендей. Бізді жоқтан бар еткен Алла Тағала құран кәрімде: "Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер" - деп, бұйыруда. Ал ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеумен келеді" - деп, адал ризық іздеудің құлшылық екенін насихаттағанын көреміз. Осы аят пен хадистегі "адал" сөзіне баса назар аударуымыз маңызды. Өйткені бүгінгі күні дүниенің қызығына түсіп көбіне көп тауып жатқан ризығымыздың адал арамына мән бермей кеткеніміз ащы да болса шындық. Бұл өте қауіпті. Өзіміз үшін де, ұрпағымыз үшін де. Үйімізге кіріп жатқан дүние мүлкіміз арам жолмен келіп жатса отбасымыздан да, ұрпағымыздан да береке кетеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғалым сахабасы Абдулла ибн Масғудтан келген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): "Адал пайда табуға талпыну - парыздан кейінгі парыз" - деп осы жағдайдың өте маңыздылығын жақсы көрсетіп кеткен. Данышпан Абай атамыз қара сөзінде: "Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол. Бұл - Құдайдан тілеген емес. Бұл - абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол дүниені сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса , балаң тапсын. Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпенен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы - сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды", - дейді. Осы айтылған сөздер бүгінгі күні тіпті маңызды екнін айтқымыз келеді. Оңай олжа тапқымыз келеді, біреулердің үстінен арызданып, шағымданып содан байығымыз келеді. Болмаса біреуді алдап, біреуді арбап, біреуге арымызды сатып, біреуге тәнімізді сатып, әйтеуір жеңіл жолмен байып кеткіміз келеді. Қаншама бауырларымыз ағайын туыстан, бала шағадан айырылып қалып жатыр. Сол баяғы жеңіл жолмен мал табамын деп құмар ойындардың соңына түсіп, ағайыннан, жора жолдастан алдап ақша алып, үйіндегі балаларының напақасын ұрлап алып сол құрып кеткір арам ойынға салып жіберіп қаншама адамдар қор болып жүргенін көз көріп отыр. Бұл берекесіздікке алып баратын жол. Мұсылмандардың атқарар міндеттерінің ең абзалы: адал жолмен тапқан таза киімді кию, адал жеп, ішу, ілімді үйренуге ұмтылу, бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру, жетімнің малын жемеу, адал кәсіп ету, отбасын адал кәсіп етіп, адал өмір сүруге тәрбиелеу. Бұл дүниеде адам деген атқа дақ түсірмеу үшін, ешкімнің қолындағысын аңдымай, өз маңдай терімізбен адал жолмен нәпақа тапқаннан артық ештеңе жоқ.
Осы жерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір оқиғасы еске түседі. Бір кісі келіп "Маған көмектесіңізші ішерге асым жоқ"- деп жәрдем сұрайды. Ол кісі бірнеше мәрте көмектеседі. Содан тағы бір келгенінде Алла елшісі (с.ғ.с.): "Үйіңде не бар?" - деп сұрапты. Әлгі кісі тамақ ішетін ыдысы, жамылатын жамылғысы бар екенін айтыпты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бар заттарын алып келуді бұйырыпты. Ол кісінің алып келген заттарын көрсетіп Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларынан: "Мынаны кім алады?" - деп сұрайды. Сахабалардың бірі: "Мен бір дирхамға аламын" - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Одан көбірек берем дейтіндер бар ма?" - дейді. Көпшіліктің ішінен бір кісі: "Мен екі дирхам беремін" - дейді. Сөйтіп сол кісіге екі дирхамға сатып: "Мына ақшаға үй ішіңе тамақ ал да бір балта сатып ал, сөйтіп ол балтамен отын шауып, оны сат. Он бес күнге шейін қайтып келме" - деп шығарып салған екен. Сол кезден бастап әлгі кісінің жағдайы жақсарып, үстіне жақсы киімдер кие бастаған екен. Кейін үстіне жақсы киімдер киіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келгенде, ол кісі: "Адамдардан сұрап, қияметте қарабет болып келгенше, осы нәрсе саған жақсы емес пе?" - деген екен. Дінімізде адал еңбек етіп, отбасын асырау үшін жолға шыққан адамдар Алла жолында жүрген болып есептеледі.
Сөзіміздің соңында айтқымыз келгені еріншектік өте жаман сипат. "Адам болып туған соң, қалай надан болайын" демекші, табан ақы, маңдай термен тапқан дүниеден бағалы дүние жоқ. Сол үшін өзіміз адал жолмен мал тауып, сол малмен бала шағаны асырап, оларды да алалдыққа тәрбиелеп үйрету біздің мойнымыздағы міндетіміз.
"Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей"- деп аталарымыз босқа айтпаса керек. Данышпан Абай атамыздың тағы бір шумағын айтсақ:
"Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз"...
Осы бес асылды әуелі өзіміздің бойымызға қондырып, кейін өскелең ұрпағымыздың бойына сіңіру біздің парызымыз.
Ғалымжан Қонақбаев
Сарысу аудандық мешітінің бас имамы