Дүние жүзі халқын қатты әбігерге салған COVID-19 індетін бір Алланың сынағы деп қабылдаймыз. Дінімізде адамның өмірі, жаны, ақыл-есі, мал-дүниесі және абыройы сақталуы терең бағаланады әрі шариғатта бұл жөнінде көптеген үкімдер мен нұсқаулар бар. Шариғат заңы әрбір зиянды ететін жағдайлардың алдын алады. Соның ішінде қазіргі таңдағы екпе салдырудың да көптеген жақтары жайлы көзқарастар білдірілуде. "Сақтанғанды Құдай сақтайды" дейді дана халқымыз. Екпеге салдыруға қатысты кейбір мәселелерді қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдік.
Біріншіден, дініміздің түсіндіруіне қарағанда, Алла Тағала әр бір дерттің шипасын да берген. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
ما أنزلَ اللهُ داءً إلَّا أنزلَ له شِفاءً أخرجه البخاري
“Алла Тағала әрбір дерттің шипасын да түсірген” (Бұхари риуаяты).
Басқа бір хадисте былай баяндалады:
قالَتِ الأعرابُ: يا رسولَ الله، ألَا نتداوَى؟ قال: نَعمْ، يا عبادَ اللهِ تداوَوْا؛ فإنَّ اللهَ لم يَضَعْ داءً إلَّا وضَعَ له شفاءً (رواه الإمام البخاري عن أُسامةَ بنِ شَريكٍ رَضِيَ اللَّهُ عنه).
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) араб қауымынан бір адам:
"Уа Алланың елшісі, дертімізге дауа іздейік па?", деп сұрады. Сол кезде Алла Елшісі: "Әрине, Әй! Алланың құлдары, дерттеріңе ем іздеңдер, емделіңдер. Өйткені Алла Тағала әр бір аурудың шипасын да жаратты", дейді. (Бұхари)
Екіншіден, кейбір адамдар өзінің науқас емес, яғни ауырмайтын бетке ұстап, екпе алғысы келмей жатады. Ал шариғатымызда болса, ауруға шалдығудың алдын алып, одан сақтануды жөн санаған. Бұл жайында ғұламаларымыз былай дейді:
لوقاية خير من العلاج
“Ауруға шалдыққаннан гөрі одан сақтанып, алдын ала ем қолданған жақсырақ ” (“Әл-Фиқһул исләми уә әдилләту” кітабы).
Демек, ауырмаған, сырқаттанбаған адамдар да сырқаттың алдын алуы және соған себеп болатын ем-домдарды жасауы діннің басты талптарынан болып саналады.
Үшіншіден, дініміздегі негізгі қағидалардың бірі өзіне де өзгеге де өз зиянын тигізбеу. Бұл жайында Әбу Сәғид әл-Худридан (р.ғ.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
عن أبي سعيد الخدري رضي الله عنه: أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال:
«لا ضرر ولا ضرار» (رواه الإمام ابن ماجة).
“Исламда зиян беруші де зияндық көруші де болмауы тиіс", деген. (Ибн Мәжә).
Яғни, Ислам дінінде адамдар өзіне де өзгеге еш зардап тигізуіне еш болмайды деген ұғымды түсінеміз. Демек, екпені алудағы мақсатымыз, әуеліден өзіміздің деніміздің саулығы үшін, қала берсе, өз жақындарымыздың денсаулықтарын сақтауға үлкен себеп болады.
Төртіншіден, қазіргі кезде Қажылық және Ғұмра сапарына барушылар үшін бірінші кезекте екпе салдырған болу керектігі талап етілуде. Тіпті қандай да бір адам шет елдің қай өлкесіне бармақшы болған болса, екпе салдырғандығы сұралуда.
Қорыта айтқанда, қазіргі кезде мемлекетіміздің тарапынан халыққа салдырып жатқан екпе түрлерін қолдануға дініміз рұқсат береді. Емделуіміз керек, күтінуіміз де керек. Өйткені бұл емделудің бір жолы, әрі әрбір аурудың алдын алу болып саналады.
Кейде адамдардан түрлі сұрақтар келіп жатады. Соның бірі, вакцинаның құрамында харам нәрселер бар ма? Кейбір адамдардан бар екен деп те естіген едім. Ондай вакцина түрін қолдануымызға бола ма? - дейді.
Оған төмендегі мынадай мәселеде жауап беріп көрелік. Вакцина құрамында харам нәрселердің болуы ешқандай да ғылыми жолмен дәлелденбеген. Тіпті, вакцинаның құрамында қосымша азғантай ғана да болғанның өзінде де химиялық реакциялар нәтижесінде ол өз негізін жоғалтып алған болса, оның ешқандай харамдығы да қалмайды. Яғни, харам нәрсе өз күшін жоғалтуы мүмкін. Ал оны пайдалануға толықтай негіз бар. (мұны шариғатта "истихәлә" яғни, бір қосындының толықтай құрамы өзгеріп, басқа нәрсеге айналуын айтады.)
Мысалы, Мысырдағы "Дәрул-ифтә" пәтуа беру кеңесі, БАӘ-дегі Ислами істер басқармасының Шариғи пәтуа кеңесі және де дүние жүзіндегі көптеген Ислам елдерінің дін істері бөлімдерінде де екпе алудың жайыз (рұқсат) екендігі жайында мақұлданған шешімдер шыққан.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Луговой ауылы
Т.Рысқұлов ауданы