Отбасы - кішігірім мемлекет

Отбасы - кішігірім мемлекет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Ислам дінінде де отбасылық құндылықтарға үлкен мән берілген.  Ислам діні отбасы ұғымына үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, бақытты қоғам орнатуды мақсат етеді. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алатыны белгілі. Іргесі берік отбасылардан  қоғамның тұрақтылығы беки түседі.

Отбасы- исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген. Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады»  деген ұлағатты сөздер бар.

Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне ұмтылды. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол –  мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған.

Отбасы және оның ішкі мәні мен маңызы туралы ғұламалардың жазған еңбектері өте көп. Ол еңбектер ғылым мен білімде, өнер мен мәдениетте, руханият пен әдебиетте өз орнын тауып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп келеді. Алдағы болашақта да мұндай еңбектер жазыла бермек. Алайда сол данышпан ғұламалардың өзін жүз ойландырып, мың толғандырған, сосын жалпы қоғамның толғақты мәселесіне айналған отбасы ұғымын біздер қаншалықты қадірлеп жүрміз?!

Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» деген. Осыған қарап ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілген. Отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен.  

Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері. Қазіргі таңдағы жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскеніне байланысты жас отбасыларға олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтары туралы теледидардан, ғаламтордан көруге болады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әртүрлі.Бірақ олардың ұқсас жақтары да бар. Мысалы, кез келген отбасыда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, баларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылықтар ортақ болады.

Асыл дінімізде Аллаға бойұсынуға шақыра отырып, ата-анаға қарайласуды міндеттейді. Ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата-анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата-ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген.

Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген  ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық! 

 Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы

Жамбыл ауданының бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: