Исламдағы отбасы қандай?

Исламдағы отбасы қандай?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бізді тура жолға салып, өз жұбымызбен жаратқан, ер мен әйелден адамзатты таратқан Жаратушы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Біздерге тура жолды әкелген. Екі дүние сардары Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у) сансыз салауат жаусын.

 Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруды бұйырды. Бізді жұп – жұп етіп жаратты.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», - делінген.

Бүгінгі біздің қоғам мұсылмандық тәрбиеге ауадай мұқтаж десек, артық айтқандық емес. Себебі бүгін жеке адамның да, отбасылардың да, бүтіндей қоғамның да өмірінде рухани түйткілдер шаш етектен. Күн санап көбейіп келе жатқан ажырасу актілері, ата-анаға құрметсіздік, баланың тәрбиеден жырақ қалуы сияқты түйткілдер қазіргі қоғамда жоқ дей алмаймыз.

Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек.

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», - деп айтты».

Демек, сәлиқалы жұбайдың нәсіп болуы - Аллаға мың мәрте шүкірлік айтуға тиісті үлкен нығметтерден. Өйткені, сіз аманат етіп алған салиқалы әйел- болашақ балаларыңыздың, ұрпақтарыңыздың анасы.

Еркек пен әйел бас қосып, ортақ шаңырақ құрғаннан кейін отбасы ішінде әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі мен жауапкершілігі бар. Егер де олар толық орындалмайтын немесе бұзылатын болса, отбасының берекесі кетеді. Кей жағдайда бұл тіпті, отбасында шаңырақтың шайқалуына апарып соғады. Өмірдің сан қилы сынақтарымен бетпе-бет келгенде Алланың алдында бір-біріне берген серттерін жадында ұстап, отбасын күйреуден сақтағасы келгендерге бірнеше өсиет айтуға болады.

  Оның ең әуелгісі: Некені уақытша емес, өмір бақилыққа деп ниет етіп қию керек. Тіпті, ерлі – зайыптылар салиқалы кісілер болса, олар жәннатта да мәңгі бақи бірге болады екен. Кей жастардың арасында «Тұрып көрейік, болмаса ажырасып кетерміз», деген таяз пікірлер де кездесіп жатады. Мұндай неке әу бастан дұрыс негізге қаланбайды. Шын мәнінде некенің жалғасымдылығы үйленетін адамын дұрыс таңдаудан, жөні түзу оймен басталады. Сол үшін некелесу алдында ізгі ниетте болуымыз міндетті.

Ерлі-зайыпты кісілер бір – бірінің алдындағы міндеттерін білуі ләзім. Асыл дініміз әр жыныстың өзінің икемі мен табиғатына қарай, отбасында кімнің қандай міндеттер атқаратыны жайлы айқын көрсетіп қойған. Кей жағдайда жұбайлардың өзара жауапкершілігін айырбастап алғандарына куә болып жатамыз. Әйел адам базар кезіп, жұмыс істеп ақша табуға, ал, ер адам үйде қалып ыдыс жууға, үй шаруасымен айналысуға мәжбүр болып жатады. Аяқ киімін құдды теріс киген адамдар тәрізді мұндай отбасының алысқа бара алмайтыны анық. Себебі, әрқайсысы өз табиғатына қарсы ғұмыр кеше алмайды. Осыны ұғынып, әр адам өмірдегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін терең сезінуге тиіс әрі міндетті. Еліміздің болашағы жастардың қолында деген сөз жиі айтылса да, сол жастардың отбасындағы өз орны мен жауапкершілігін білмеуінің салдарынан босағасы берік отбасылардың сиреп бара жатқандығы ащы шындық. Отбасын сақтаудың тағы бір керемет үлгісі: Жақсы мәміледе болу. Жұбайлар бір-біріне жиі  жақсы сөздер айтып тұруы керек. Сонда отбасы жылулығы сақталады. Жұбайлар бір-біріне жақсы сөздер айта білуі қажет.

Алла Тағаладан  барша отбасыларға және әр үйленген жас отбасыға некелері берекелі болуын,  шаңырақтары биік болып, керегесі кең болуын тілейміз.

Ахат ҚАЙЫПБЕРГЕНҰЛЫ

      Талас аудандық Қаратау «Қажы би»

орталық мешітінің ұстазы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: