ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз – Исламмен біте қайнасқан қазақ қоғамында ертеден-ақ отбасы құндылықтарына, атап айтқанда жанұяның ауызбірлігіне, біртұтастығына, отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне, баланың болашағына аса қатты мән берілген. Мұсылмандықты ту еткен қазақ халқында отбасы ұғымы аса қадірлі, баға жетпес құндылықтар ретінде есептелген. Дана халқымыз ежелден дін мен дәстүрді ұштастыра біліп, қоғам игілігі үшін, соның ішінде отбасының бақыты үшін рухани тәрбие мектебін қалыптастырды. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның, яғни қоғамның отбасыдан құралатынын Хақ елшісі (с.а.у.) уақытында жете түсініп, халықтың бақытты өмір сүруінің айқын жолы – жанұя тәрбиесі мен баға жетпес рухани құндылықтарында жатқанын біз үмбеттеріне өсиет етіп кеткен.

Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Ер азамат – өз жанұясының бақташысы, сол үшін де ол өзінің қол астындағыларға жауапты» деп айтқаны бәрімізге белгілі.

Бұл өсиеттен отбасы мүшелерінің өзара міндеттері, жауапкершіліктері белгіленгенін байқаймыз. Отбасы құндылықтарының қалыптасуы әлбетте үйдің тірегі болған ер азаматтың жанұядағы орны айқындалуымен тығыз байланысты. Ата-бабамыз «әке көрген оқ жонар» деп, ер азаматты жастайынан болашақ өмірге дайындаған. Тәрбие беру барысында ер азаматтың қадірі жоғары екенін отбасы мүшелеріне үнемі дәріптеп отырған. Бұл тәрбиені көріп өскен ұл да, қыз да келешекте ер азаматты, үлкен кісіні сыйлай білген.

Отбасының бақытты болуында әрине ананың да рөлі зор. Ана өз перзентіне әрдайым тура жолды нұсқап отырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан сақтандырып отырады, жан дүниенің рухани баюына зор үлес қосады. Ананы отбасы құндылықтарының негізін қалаушы десек әсте қателеспейміз. Анадан алған тәрбие ұрпақ үшін сарқылмас рухани байлық. «Ана бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Қызымыздың қылықты, ұлымыздың ұлықты болуы – аналарымыздың жастайынан жанұясынан көрген мықты да қатаң тәрбиесінде жатса керек-ті. Осы ретте пайғамбарымыз (с.а.у.) да өзінің өнегелі өсиетінде әйелдің отбасындағы жауапкершіліктерін нақты айқындап көрсеткен. Ежелден жеткен өсиетінде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін де жауапты» деп әйелді жанұяның береке-бірлігінің бастауы ретінде бағалаған.

Еркектің ісі – түзде болса, иманды перзент, ұлағатты ұрпақты қалыптастырып, болашаққа дайындау – тек ананың қолынан келер іс.

Дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлы отбасы құндылықтарын таразылай келе: «Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді», – деп, бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді.

Ұлы Абай атамыз: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан» деп отбасылық құндылықтың қалыптасуына не әсер ететіндігін анық айтқан.

Отбасы құндылығының қалыптасуында асыл дініміз, салт-дәстүріміз, қоршаған ортамыз, ішкен-жегеніміз, іс-әрекетіміз, төңірегіміздегі адамдармен қарым-қатынасымыз зор рөл ойнайды. Осы ретте «Жеті рухани қазық» қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасында көрсетілген «Имандылық, Отаншылдық, Білімділік, Ауызбіршілік, Еңбекқорлық, Мәдениеттілік, Әділдік» принциптері отбасы құндылығының қалыптасуына зор септігін тигізетінін айта кеткеніміз жөн.

Алайда қазіргі уақытта отбасылық құндылықтар жоғалып бара жатқандай әсер қалдырады. Бала-шағаны бағудың қамымен ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырған көптеген ата-аналар баланың бақытын материалдық жағдаймен тығыз байланыстырып, рухани тәрбиені бір шетке ысырып қоюы өкініш тудырады. Болашақ тек материалдық жағдайдың жақсы болуымен қалыптаспайды. Осындай қасаң пікір мен келте ойлаудың салдарынан қарны тоқ, алайда рухани тәрбиеден жұрдай, тек қарақан басын ойлайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпейтін, сый-құрметтің не екені санасына жетпеген ұрпақтар өсіп шығары сөзсіз.  Осындайда дана халқымыздың өзіндік тәрбие мектебі қалыптасқанын айта кеткеніміз жөн. «Балаңды аясаң – аяма» деген сөздің мәні – тәрбиеге көнбеген балаңды ұрып, таяқтау деген сөз емес, тәрбиелеу барысында тым шектен тыс жанашырлыққа салынбау дегенді білдіреді. Жүрегі мейірімге толы ата-ана әрине перзентін бетінен қақпай өсіреді. Ата-ананың осындай кеңшілігін бағаламай, бұрыс түсініп өскен кейбір балалар ер жетіп, бойжетіп, отбасын құрғанда еркіндікке салынып, бала тәрбиесіне қырын қарай бастайды. Тек өзінің қара басын ойлаудан әрі аса алмайды. Өз перзенті ақылына құлақ аспаса, жұдырықпен тәрбиелеуге көшеді. Ата-анадан зорлық көріп өскен бала әрине қорқақ, үркек болатыны сөзсіз. Ондай бала өз отбасында ата-ана қамқорлығын сезіне алмай, керісінше жәбір көріп, зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады.

Қазіргі уақытта елімізде жасөспірімдердің отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырау жағдайы жиі кездеседі. Осы жағдайды желеу еткен кейбір үкіметтік емес ұйымдар бала тәрбиесін ата-анасына емес, арнайы мекемелердің қолына тапсыруға барынша күш салуда. Әлбетте бұл біздің кемшін кеткен тұстарымызды білдіреді. Перзенттеріміз Абай атамыз айтқандай «Толық» адам боп қалыптасуы үшін өзгенің қаңсығы емес, өзіміздің атадан балаға жалғасып келе жатқан имандылықпен ұштасқан ұлы тәрбиесін сіңіруіміз қажет. Қазақ атам мұны үш-ақ ауыз сөзбен: «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», деп шебер жеткізе білген. Мұның түбінде әрине имандылық жатқаны сөзсіз. Осы құндылықтарды ешқашан ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуіміз – біздің адамгершілік борышымыз.

Әбдіжаппар АМИРОВ

Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» 

мешітінің найб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: