Ел тағдырына жазылып жатқан қиын мезеттер қазақ халқымыздың басын қосып, бауырмалдығын арттырып жатыр десек артық айтпаған боламыз. Соңғы уақытта жем-шөп тапшылығын сезініп жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына жер-жерлерден жаны жомарт, ниеті ізгі жандар асарлатып шөп, жемді жүк вагондарына артып сол аймақтарға көмек қолын созуда.
Ел мұсылмандарының рухани тұтқасы саналатын Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы оның «Зекет және қайырымдылық» қоры «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық асарына бастамашылық жасап, жамағатты жәрдемдесуге шақырды.
Шақырылыған игіліктен Шу ауданы да шет қалмай әуелде 1 вагон шөп жинап, Сексеуіл станциясына жөнелтуге кіріскен болатын. Жақсы істің жарнамасы тез таралып, сауапқор рухы ояу азаматтар бас көтеріп 2 вагон ішін лезде сығымдалған шөп бумасына толтырды. Осылайша Шу,Мойынқұм,Қордай аудандарының сәлемі 4 вагонға салынып, Сексеуіл станциясына бет алды. 4000 мың сығымдалға шөп бумасы діттеген жерге жетіп, көпшілік көзінше әділ үлестірілгені туралы хабарлар жетіп, көңілімізді қуандырды.
Ауданымыздың азаматтары таралған ақпараттарды оқып көмектері бар екенін айтып, қосымша вагондар сұрады. Халық қаласа хан түйесін сояды дегендей атқамінерлердің араласуымен қосымша 5 вагон қойылып, біршама уақыт ішінде ол да алуан түрлі шөптің орамымен толысты.
Одан бөлек аудан азаматтарынан 1 млн теңгеге жуық қаржы жиылып, оның тиісті төлемдерге, құжаттар жасауға, т.б шығындарға жұмсалғанын айта кету керек. Амалдар ниетке байланысты деген асыл хадиске сүйене отырып себепті тәуекеліміз сәтті аяқталып, 2000 дана шөп орамы Арал ауданы Сексеуіл станциясына жеткізілсе, 5000 дана шөп орамы Маңғыстау облысының Шетпе және Жетібай станцияларына аттанбақ.
Осы іске атсалысқан иманды, рухты азаматтарға, мешіт жамағаттарына, қалталы ел ағаларына, қолдан келгенге көмек көрсеткен барша жандарға алғыс білдіріп, Алланың нұры жаусын демекпіз.
Байжан Емберді
Шу ауданы "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі