Асыл дініміздің түпкі мақсаты адам баласына Құран мен Сүннеттен насихат жасап, жұмаққа жетелейтін амалдарды көрсетіп, отыны жындар мен адамдардан болған тозақтан құтқару екені екі бастан белгілі. Ал, бұл дүниеде адам баласына жәрдемдесу, қиыншылығынан құтқару қайырымды әрі сауапты іс екені сөзсіз.
Жуырда Шу ауданы, Жаңажол ауылы, «Күнту баба» мешітінің имамы Әуесбаев Берік таң намазынан шығып, үйіне келе жатқанда өртке оранып жатқан үйді көзі шалады. Еш ойланбастан, басын қатерге тігіп есігін күшпен ашып, ішінен ес-түссіз жатқан ауыл азаматын байқайды. Дереу оны далаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, азаматтың есін жинатады. Сәл кешіккенде іс насырға шабатыны анық болатын.
Мән-жайдан хабардар болған ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы және «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы аталған ауылға барып, құтқарылған азаматтың жағдайын білмек үшін зиярат жасады. Зиярат жасаушылар сынақ көріп, қиналып тұрған ауыл тұрғынына 50 мың теңге қаржылай, 10 мың теңге азық-түлік түріндегі көмекті арнайы табыстады. Басын қатерге тіккен ауыл имамы Берік Арқабайұлы ауыл азаматтарын ұйымдастырып, өртенген үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бел байлап отырғаны көңілімізді марқайтады.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары ауылдастарына дәрі-дәрмек, басқа да қажеттіліктері үшін 300 мың теңге тапсырған екен. Қиын сәтте қапы қалмаған Жаңажолдықтардың бұл істері мақтауға тұрарлық екені ақиқат. Батыл іске батасын берген Бахтияр Амантайұлы ауыл имамына ризашылығын білдірді.
Сол сияқты осы ауылда әлеуметтік осал топтағы жандарға арналып соғылып жатқан қос үйдің құрылыс барысымен танысып, қыс басталмай жатып кілті тапсырылатынын білген ауданның бас имамы бұл шаруа шариғатта құптарлық іс екенін жеткізіп, жақсы тілегін білдірді.
Байжан Емберді
Шу ауданы «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі