Таразда Құрбан айт мерекесіне арналған брифинг өтті

Таразда Құрбан айт мерекесіне арналған брифинг өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Баспасөз орталығында Құрбан айт мерекесіне арналған брифинг өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77», «Taraz 24» арналарының, ZHAMYLNews ақпараттық порталының тілшілері қатысты.

Баспасөз мәслихатында Құрбан айтының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген тапсырма бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

Бас имам Бейбіт Мырзагелдиев өз сөзінде: Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Биыл құрбандық шалу онлайн түрде де, мешітке келіп шалу арқылы да жүзеге аспақ. Осы мақсатта Таразда 2 қасапхана мен бірнеше қасаптар жұмыс жасайды. Ал онлайн түрде qurban2020.kz сайты арқылы өтінім қабылданады. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Әрине бұл жылы тікелей қасапхана арқылы құрбандық шалуға басымдық беріледі. Ал етті мұқтаж отбасыларға үйді-үйге жеткізіп береміз. Ол үшін арнайы еріктілер тобы құрылып жатыр. Яғни, шалынған мал еті тізім бойынша тегін жеткізіледі»  - деп ұлық мерекені ұйымдастырудың жаңалықтарын жеткізді.  

Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Ал Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев құрбан айтты ұйымдастыруға қатысты тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

 Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази"  мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: