Шу қалалық «Жәми» мешітінің бас имамы Қуат Дүйсенбайұлы жамағатқа салттық қызметтің мақсаты мен мәнін түсіндіріп өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти хазіреттің бастамасымен құрылған «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының қызметі бүгінгі талап пен талғамға сай қолға алынған.
«Бір қуаныш, бір қайғы. Алма-кезек зулайды» дегендей, ағайын туыстар қаза мен қуанышта ұжымдасып жататыны белгілі. Муфтияттың бұл бастамасын қолдап қана қоймай, оны іс жүзіне асыру және қазалы ортада өз жақындарымызға түсіндіре отырып талап етуіміз керек. Себебі, жерлеу рәсімі – қайтыс болған кісіні жер қойнына беру ғана емес, шариғатымыздағы ережелерді сақтай отырып, ысырапшылдықтан тыйылу. Мысалы, қабірге белгі ретінде күмбез тұрғызу міндетті емес. Одан гөрі марқұмға бағыштап жиі құран оқып тұрған сауап.
«Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының осы мәселеде нақты пәтуә беруі, дұрыс жол көрсетуі дәл уақытында қолға алынған іс. Ендігі біздің міндетіміз осындай межелі пәтуәні моральдық жақтан қолдап, дұрыс түсіндіру екенін жеткізді.
Шу қалалық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.