Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат Ағыбайұлы арнайы іс-сапармен Жамбыл облысы Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді.
Наиб мүфтидің жұмыс барысы әуелі Қордай ауданының әкімі Рүстем Рысбайұлымен кездесуден басталды. Жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров пен ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы қатысты.
Жиналған азаматтар Қордай өңірінің діни ахуалы, тыныс-тіршілігі жөнінде сұқбаттасып, пікір алмасты. Бірқатар маңызды мәселелерді талқылаудан өткізді.
Бұдан соң наиб мүфтий облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен "Бейбітшілік және келісім" жобасы аясында ауданындағы жұмыс тобымен бірқатар кездесулер өткізді.
- “Сіздерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемдемесін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Мұсылман қауымының бейбіт сүйгіштігінің бір дәлелі - олардың амандасу сөзінен басталады. Әрбір қазақ азаматының «Әссәләмуағалейкүм» деп, оң қолын кеуде тұсына апарып иіліп жатуы білген адамға құнды өнеге, жақсы қасиет. Яғни ол алдынан шыққан замандасына: «Сізге Алланың амандығын, бейбітшілігін тілеймін» деп, ықыласын білдіріп тұр. Сондықтан да осы бір ауыз сәлемнің өзі асыл дініміздің бейбітшілікті толық қолдайтынын, адамдарды ынтымақ пен бірлікке, ымыраға бастайтынының үлкен дәлелі", - деді Е.Ағыбайұлы.
Жиыннан соң наиб муфти Қордай ауданына қарасты 62 мешіттің имам-молдаларымен мәжіліс өткізді.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі