ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев Сортөбе ауылдық "Мисбахул ислам" мешітінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Алла үйінің көрігін аша түспекке жасалып жатқан жұмыстармен ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен аталған мешіттің имамы таныстырды.
Жөндеуден өткен мешіт ғимаратын аралаған бас имам БАҚ өкілдеріне сұқбат берді. Сөз барысында Қордай ауданының иман ахуалы мен имамдар үйінің жұмысы туралы тілге тиек етіп, имамдар үйін ашудағы мақсат, оның жұмыс барысын атап өтті. "Мұнда 4 бағыт: дәріс, қазақ тілі, бейбітшілік және келісім, оңалту және оның алдын алу бойынша жұмыс жасайды" - дейді ол.
Айта кетейік, мешіттің ішкі және сыртқы қабырғалары толықтай жаңартылды, шатыр қосылып, жарық пен терезесі ауыстырылды, сонымен қатар жаңа кілем төселді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі