"Расында, мүміндер - бір-біріне бауыр" аятына шын көңілден сенетін Түркиялық мұсылмандар Рамазан шаттығын бірге бөлісу мақсатында қайырымдылық істе қазақ елімен бас қосты.
Жоғарыда келтірілген аятпен аталатын іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Зекет және қайырымдылық" қоры мен Түркия дін істері басқармасы "Türkiye diyanet vaka" қорының бірігіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Бастама аясында облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға көмек көрсетілді. Игі шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев, Түркиялық қордың өкілі Талғат Амангелдіұлы, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша "Зекет" қорының өкілі Ержан Аманбаев пен мешіт қызметкерлері қатысты.
Азық-түлік жинақталған әрбірі 10 400 теңгені құрайтын қораптың 20 данасы мешітте таратылса, 30 данасы үйді-үйге жеткізіліп берілді.
Бауырлас елдің ынтымағы мен бірлігінің көркем көрінісі болған қайырымдылық шарасында бас имам сөз сөйлеп, қорға алғысын жеткізді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі