Ұлттық спорттың iшiнде iлкiден келе жатқаны – қазақ күресi. Кезiнде қазақ күресi арқылы аты бүкiл әлемге мәшһүр болған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың iзбасарларын бүгiн де көптеп кездестiремiз. Солардың білек күшін сынап, иық тірестіру үшін жағаласса жыртқызбаған жағасын, тайғақ кешсе тайдырмаған тағасын батыр бабаларымыздың білекті ұрпағы - палуан жігіттердің арасында "Қордай барысы" өтті.
Жауырыны жерге тимеген иықты жігіттердің ішінен ең үздіктерін анықтау оңай болмады. Сағаттап соғылған сайыста қатысушылар бірінен-бірі асып, облыстық турнир үшін бақ сынасты.
Іріктеу кезеңі бойынша кіл мықтылар ғана жолдама алып, шараға арнайы шақыртылған аудан имамы Асқар Зәкіржанұлы жүлдегерлерге медаль тақты. Ал Қордай спорт бөлімінің бастығы Дидар Манарбек алғыс хат табыстаса, Қазақ күресінің президенті Женіс Жолдасов ақшалай сыйлық, Спорт ардагері Алтыбай Мықтыбек кубыкпен марапаттады.
Атап айтсақ, 1 орынды Фёдоров Данил қанжығасына байласа, 2 орынды Добай Әмір алды, ал 3 орын Орынбаев Әлмұханға бұйырды.
"Әлем жұртына қазақ халқының батырлығымен қоса, ептілігін, жауынан тайсалмайтын ержүрек, қайсар мінезін танытсақ дейміз», – дейді шараны ұйымдастырушылар бізге берген сұқбатында.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі