Алла Тағала адамзатты көркем түрде жаратып, есепсіз көп сыйлықтарды беріп қойды. Иә, сыйлықтарды. Өйткені, бізге берілген осыншама жақсылықтар үшін ештеңе төлемейміз. Екі көзіміз, екі құлағымыз, екі қолымыз... айта берсек өте көп. Және де олар қандай сыйлықтар десеңізші... Техника мен технология дамыған осы заманда адамның он екі мүшесін толыққанды алмастыратын бірде-бір аппарат жасап шығару мүмкін болмай тұр. Еш уақытта оны жасай да алмаймыз. Себебі, бұл мүшелердің барлығын жасаушы шексіз білім иесі, ешқандай көмекшіге мұқтаж болмаған, бүкіл кемшіліктерден пәк болған Жаратушы Иеміз.
Әлемнің әртүрлі әсемдігін Алла берген екі көзімізбен көреміз. Неше түрлі әсем дыбыстарды екі құлағымызбен естиміз. Гүлдердің хош иісін мұрнымызбен иіскеп ләззәт аламыз. Барғымыз келген жерге аяғымыз алып барады. Қалаған затымызды қолымызбен ұстап пайдаланамыз. Айта берсек бізге берілген нығметтердің шегі жоқ. Алайда біз осыншама нығметтерге бөлеп отырған Жаратушымызға шүкір айтамыз ба? Бір сәтке ойланып көрейікші. Егер біздің екі көзіміз көрмегенде қалай болар еді. Аяқтарымыз жоқ болса ше?.. Өте қорқынышты солай емес па? Ендеше Жаратқан Иеміздің әрбір сыйлығы үшін шүкір айтуға тиіспіз. Әрбір арайлап атқан таңымыз үшін шүкір айтайық. Өйткені қаншама жұрт осындай тыныштықпен атқан таңға зар болып отыр. Әр жұтқан ауамыз үшін де шүкір етейік. Қаншама адамдар қауіпсіз, еркін отырып демін алуға зар.
Жаратқан Жаббар иеміз өзінің кәләмі Құран Кәрімде: «Ендеше, сендер Мені әрдайым зікір етіңдер (Яғни, әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік етпеңдер (яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)»,- деп ескертуде. («Бақара» сүресі. 152-аят) Осы аяттан байқағанымыздай Алланың бергеніне шүкір ету жақсы амал болса, Оған шүкір етпеудің түбі күпірге апаруы мүмкін екен. Қараңызшы, біз Жаратқан Иеміздің бергеніне шүкір етсек, ол үшін де сыйлық алады екенбіз.
Мұса ғаләйһиссаламның кезіндегі бір оқиға еске түседі. Алламен тілдесуге кетіп бара жатқан Мұса ғаләйһиссаламға бір кісі: «Я, Мұса сен Алла Тағалаға айтшы маған беретін ризығын азайтсын», - дейді. Мұса Алламен тілдесіп болғаннан кейін қайтып келе жатып әлгі кісіге жолығып: «Алла Тағала саған: «Шүкірін азайтсын. Мен де оған беретін ризығымды азайтамын», - деп айтты»,- деген екен. Әлбетте, ол кісі шүкірін азайта алмайтынын айтады. Олай болса, Алла да саған беретін ризығын азайтпайтынын айтты депті. Мінекей, ағайын біз өзімізге берілген жақсылықтарға шүкір айту арқылы келетін ризығымыздың молайуына жағдай жасайды екенбіз.
Кей кісілер: «Мен намаз оқып жүрмін, барлық құлшылықтарымды жасап жүрмін, бірақ Алладан ананы сұрадым, мынаны сұрадым бермеді» дейді. Алла тағала дұғаларды естуші әрі оларға жауап беруші. Дұғаның қабыл болу шарттарын орындай отырып сұраған құлына Ол міндетті түрде береді. Бірақ жауаптың тура біз ойлағандай болмауы мүмкін. Хазіреті Әлі былай деп айтқан екен: «Мен Алладан дұға қылып бір нәрсені сұраймын. Дұғамды қабыл етіп сұрағанымды берсе, қуанып шүкір етемін. Ал егер сұрағанымды бермесе, екі есе қуанып Оған шүкір айтамын. Өйткені, маған ненің хайырлы екенін Ол менен артық біледі». Осындай ізгі кісілердің өмірінен үлгі алсақ, әсте, өкінбесіміз анық.
Қазіргі күнімізде адамдардың өміріне разы болмай «Менде анау жоқ, менде мынау жоқ, не үшін менің өмірім осындай болды, деген сияқты арыз айтуын көп естиміз. Астына мінген көлігінің басқа біреу мініп жүрген көліктен арзан болғаны үшін өміріне риза емес. Қолына ұстаған телефоны соңғы модель емес. Осы үшін шағымданады... Ал бізге берілген бейбіт өмір, он екі мүшеміздің саулығы, аспанымыздың ашық болуы, бұл жайында ойланып көрдік пе? Осының өзі баға жетпес байлық емес па?
Әсілі, біз Алланың берген сыйлықтарын көре алмаудамыз. Қаншама мұсылман бауырларымыз, жасы бар кәрісі бар осындай бейбіт күндерге жете алмай отыр. Біздің үйіміздің ішінде ағып тұрған таза судың бір ұрттамына жете алмай отыр. Демек, Алланың берген жақсылығын одан айырылмастан бұрын бағалай білу, сол жақсылықтар үшін оның Берушісіне шүкір айту – иман келтірген адамдар үшін лайықырақ амалдан болады екен. «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық аздырар адам баласын», - деп аталарымыз осындайдан айтса керек. Дауд алейһиссалам Алла Тағалаға мінажат етіп, Одан сұрапты: - Йа Раббым! Адам алейһиссаламға өте көп сыйапатпен мейірімділік таныттың. Ол саған қалай шүкір етті?
Сонда Алла Тағала оған былай бұйырды: «Ей Дауд! Ол бүкіл сыйапаттарымның менің тарапымнан келіп жатқанын білді. Оның бұлай білуін оның шүкірі ретінде қабылдадым!» Олай болса, Аллаға шағым айтуға ешқандай да хақымыз жоқ, керісінше оның берген әрбір нығметіне шүкір етуші құлдарынан болуды Жаратқан Иеміз бізге нәсіп етсін!
Ғалымжан ҚОНАҚБАЕВ,
Сарысу аудандық мешітінің бас имамы.