Адам баласы тек ет пен сүйектен жаралған емес, түрлі қасиеттермен қоса руханият пен нәпсінің де табиғатында бар екенін білеміз. Ақыл мен рухы жақсылыққа тартып, дұрыстыққа итермелегені секілді, нәпсісі жамандыққа тартып тұратыны да белгілі. Құран кәрімде «Расында нәпсі жамандыққа бұйырады»[1] деу арқылы, нәпсінің қалауына ерген адамның ұрынатындығын әрі күнәға белшесінен бататындығын көрсеткен. Нәпсіні өлтіру мүмкін емес, себебі ол адамның бойына біте жаратылған. Ендеше, нәпсіні тек тәрбиелеу, тежеу және таза ұстау ғана мүмкін. Алла тағала құранда «нәпсісін таза ұстаған құтылды, оны кірлеткен қор болды»[2] деп нәтижені көрсетеді.
Нәпсіні таза ұстау және көңілдің қалаған нәрселеріне беріле кетпеу ол алды-артын ойлайтын ақылды адамның ісі. Дініміздің асылмұраты адамның осы жанын таза ұстауға шақырады. Ақырет күнінде жүзінің жарық шығуы үшін, дүние тіршілігінде арсыздық пен күнәлі істерден аулақ жүруін ескертеді. Тіпті адам баласына рұқсат етілген адал істердің өзін орынды жасауын әрі шектен шықпау керектігін нұсқаған. Нәпсісін тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен Алланың бұйрықтарын орындауға, парыздарын өтеуге тырысуы керек. Түсінген адам үшін күнделікті жасайтын құлшылық-ғибадаттарымыз да нәпсімізге ауыр келеді, әрі көңілдің қалауын реттеп, адамға орта жолды ұстауға себепші болады. Қаншалықты өзінің адал жары болса да адам өзінің ақ некелі жарымен бет алды қосыла алмайды. Себебі күніне бес уақыт намаз бар, намазға тұру үшін де ғұсылды болу шарт. Осылайша, мұсылман адам адал істің өзін реттей бастайды. Жылына бір мәрте ораза ұстаған уақытында адал астың өзін тоқтатып, бір ай бойы өзінің нәпсісін тәрбиелеумен айналысады. Нәпсінің ең қалаған нәрсесі, ішіп-жеу әрі жыныстық қатынас жасау. Бұл үшеуінен тиылған уақытта нәпсісі шырылдайды екен. Адам өзін тәрбиелеп үнемі дұрыстыққа талпынса, Алла тағала сол ниетіне қарай бағыттайды.
Тәрбиеленген мұсылманның нәпсісін «жазғырушы нәпсі» дейді. Қателік жасап қойса немесе орынсыз іс істеп, не күнәлі іске ұрынса іштей өзін-өзі жазғыру сезімі осы аталмыш нәпсінің себебінен. Мұсылманның нәпсісі ең кемі осындай дәрежеде болуы керек. Осы істі бекер істедім, айтпай-ақ қойғанымда дұрыс болар еді, әбден көңіліне тидім ғой деген секілді жағымсыз істерде өзін-өзі айыптау. Адам баласы қателік-кемшіліксіз өмір сүре алмайды, алайда түзете алады. Сондықтан кінәні өзгеге жаба салмай ең әуелі өз нәпсісін, өзінің жанын таза ұстауға талпынуы қажет. Қателікті өзінен іздеу, нәпсіні қойып ақылмен ізденіп дұрыс іс жасап жүргендіктің белгісі. Мұндай адамдар дұрыс өмір сүргені секілді өзгенің де азғыруына ермейтін, рухани жетілген кісілер қатарында болары анық. Құран кәрімде Алла тағала «Уа иман келтірген мұсылмандар! Өз нәпсілеріңді дұрыстаңдар. Егер өздерің дұрыс болсаңдар, адасқан адамдар сендерге зиянын тигізе алмайды»[3] деп айтуының себебі де осы болса керек.
Ғазиз АХМЕТ
«Әзреті Әли» мешітінің имамы
Тараз қаласы