Жабир бин Ғабдулла былай айтқан: «Кезінде мешіттің айналасындағы жерлер бос жатқандықтан, біз мешітке жақынырақ көшкіміз келді. Бұл хабар Пайғамбарымызға (ﷺ) жеткенде ол (ﷺ) бізге келіп: «Уа, бану Салима (тайпаның атауы), сендердің мешітке жақын орын тепкілерің келіп жүргенін естідім», - деді. Біз: «Уа, Алла Елшісі, көшкіміз келіп еді», - дедік. Сонда ол (ﷺ): «Уа, бану Салима, өз үйлеріңде қалыңдар, өйткені сендердің іздерің сауап болып жазылады!» - деп айтты. Пайғамбарымыздың (ﷺ) осы сөздерінен кейін мешітке жақындап көшуден біз бас тарттық».
Әнас бин Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Қырық күн бірде-бір ракағатты жібермей шынайы түрде жамағатпен намаз оқыған адам екі сый алады. Біріншісі – Тозақтан құтылу, екіншісі – екіжүзділерден аулақ болу».
Факих (р.а.) өз иснадымен Губад бин Саммиттің была айтқанын келтірген: «Лайықты түрде дәрет алып, намаз оқығанда Құран сүрелерін айтып, тиісінше рүкұғ, сәжде жасаған адам үшін оның намазы: «Мені сақтағаныңдай, сені де Алла сақтасын», - деп дұға жасайтын болады. Содан кейін бұл намаз жарық та көркем түрде көкке көтеріледі, оның алдынан көктің қақпасы ашылатын болады және Алла оны қайтармайынша әлгі намаз адам үшін шапағатшы болады. Ал егер адам лайықты түрде дәрет алмай, намазын уақытында оқымаса, Құранды шала-пұла оқып, рүкұғ пен сәждені қалай болса солай жасайтын болса, онда бұл адамның намазы: «Мені құртқаныңдай, Алла да сені құртсын», - деп дұға жасайды.
Содан кейін әлгі намаз кейіпсіз, қап-қара түрде көкке көтеріледі, оның алдынан көктің қақпасы ашылмайды да ол адамның бетіне кір шүберек түрінде лақтырылады».
Хасан Алла Елшісінің (ﷺ) сахабаларға былай айтқанын келтірген: «Ең жаман ұрлықшының кім екенін айтайын ба? Сахабалар: «Уа, Алла Елшісі, кім ол? Айтшы» - дейді. Алла Елшісі (ﷺ): «Ең жаман ұрлықшы – өзінің намазынан ұрлайтын адам», - деп жауап береді. «Өзінің намазынан қалай ұрлауға болады?» - деп сұрайды сахабалар. Сонда Пайғамбарымыз(ﷺ): «Адам лайықты түрде рүкұғ пен сәждені жасамаса», - деп жауап береді».
Салман Фариси (р.а.) былай айтқан: «Намаз - таразы. Өз таразысымен алдамайтынға әрі дұрыс өлшейтінге сый болады. Ал таразыдан «жейтіндерге» келер болсақ, Алла Тағаланың Қасиетті Құранда былай айтқанын білсін:
«Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да; Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді!»(83:1-3).
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір сөздерін келтірген: «Екіжүзділер үшін таңғы және кешкі намазды оқығаннан ауыр нәрсе жоқ, алайда олар бұл намаздарда ненің бар екенін білсе ғой, еңбектеп барса да оқыр еді!»
Барида бин Аслама Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Түнде намаз оқу үшін мешітке барғандарды мен Қиямет күні нұрыммен қуантамын».
asyldin.kz