Алланың жаратқан мақлұқтарының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі - періште. Ал азғын, тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі - шайтан. Адам баласы періште де емес, шайтан да емес, бірақ нәпсімен жаратылған. Нәпсі болғандықтан адам жақсы мен жаманды, күнә мен сауап амалды жасайтыны анық. Қателікке бой алдырмайтын, күнә жасамайтын пенде жоқ. Өзіне қанша мұқият қарағанымен, пайғамбарлардан өзге барлық адам қателеседі, күнә жасайды. Қайырылмайтын қанат, майырылмайтын тұяқ болмайтыны секілді аяғын шалыс баспайтын адам да болмайды. Біреу сөзінен, біреу ісінен, біреу қылық-әрекеттерінен, енді біреу сенімінен қателеседі. Кейде біліп тұрып, кейде білмей қалып қате жасаймыз. Алайда жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрай білген адам жақсы адам болмақ. Яғни ардақты Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген (Ибн Мажа, зуһд 30). Демек, күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Өкінішке орай, кейбір жандар өздерін күнәсізбіз деп санауы қателік екенін білуі тиіс. Адам күнәсіз болса, оның жаратылу мақсаты қалмайды. Себебі күнәсіз жаратылыс иесі – періште. Адамның жаратылу мақсатының бірі күнә істеп, жасаған ісі үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, тәубе ету. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында былай деген: «Егер сендер күнә істемесеңдер Алла сендерді опат етіп, орындарыңа күнә істеп, істеген күнәсі үшін тәубе ететін құлдарын жаратады» (Муслим, Тәубе 9- 10).
Араб тілінде «тәубе» сөзі «кері шегіну», «кері қайту», «артқа қарай аяқ басу» мағыналарын білдіреді. Діни мағынасына келер болсақ, «тәубе» – шариғат тыйым салған нәрселерді (өзі бұрын істеген) тәрк етіп, керісінше дін бұйырған қайырлы істерді жасауға ұмтылу» дегенге саяды. Сондай-ақ, «тәубе» дегеніміз біліп-білмей істеген қателіктері мен күнәлары үшін өкініш білдіріп, Алладан кешірім сұрап, оны қайта істемеуге бекінуді айтамыз.
Алла Тағала Құран кәрімде: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» (Ниса, 116).
«Алланың қабылдаймын деп уәде еткен тәубесі – жамандықты білместікпен істеп алып, одан соң көп ұзамай (өлмей тұрып) түзелген адамның тәубесі. Алла олардың тәубесін қабыл етеді. Ол барлығын біліп тұрады, әрі хикметпен іс істейді. Тірлігінде жамандық жасаудан тыйылмай, өлер шаққа келгенде, яғни өлер алдында «енді тәубе етемін» деушілердің тәубесі және кәпір қалпында өлгендердің тәубелері қабыл болмайды» («Ниса» сүресі, 17-18-аяттар).
Күнәсі үшін тәубе еткісі келген кісіге Алла Тағаланың тәубе есіктері қашан да ашық. Себебі Алла Тағала, құлының тәубесін өлімі алқымға келгенге дейін қабыл етеді.
Әбу Һурайра мына бір жүрек сыздатар оқиғаны жеткізген: «Бір күні жаныма бір әйел келді. Сөйтті де: «Мен зина күнәсін жасадым. Одан туған баланы өлтіріп тастадым. Енді мен үшін тәубе етуге мүмкіндік бар ма?» деді. (Мен күнәнің ауырлығына қарап): «Жоқ, сенің тәубең енді қабыл болмайды дедім. Әлгі әйел: «Әй, сорлы басым-ай, сонда менің шынында да тозаққа күю үшін жаралғаным ба?» деп еңкілдеп жылап қоя берді. Жылап-жылап үйіне қайтты. Ертесіне болған жайдың бәрін Алла елшісіне түп түгел жеткіздім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабағын шытып: «Сен не істеп қойғаныңды білесің бе? Сен Құрандағы мына аятты оқып жүрген жоқсың ба» деп Фурқан сүресінің мына аяттарын оқып берді: «Олар Алламен басқа бір тәңірге сыйынбайды. Алланың жаратқанын жазықсыздан жазықсыз өлтірмейді. Зина жасамайды. Кім бұл күнәларды жасаса, Алланың құзырында жазаға тартылады. Қиямет күні оған еселеп азап беріледі. Онда қор болып мәңгі қалады. Алайда кімде кім тәубе етсе, иман келтіріп, ізгі амалдар жасаса, Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла аса жарылқаушы, өте мейірімді» (Фурқан сүресі, 68-70 аяттар)». Сонымен қатар Алла Тағала тек күнәларды кешіріп қана қоймай, бұған қоса, жаман істерді жақсысына алмастырады.
Алла Тағала: «Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» (Бақара, 186).
Қиямет күні, тәубе ету мен Алладан жарылқау тілеу амалдары, мизан таразысының оң жағын ауыр басып, салмақты етеді. Имам Мүсілім Әнас ибн Мәліктен (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізді: «Расында сендердің біреуің, сапар шегіп келе жатқан уақытта, үстінде азығы мен сусыны артылған түйесі қашып кетіп, шөл далада жалғыз қалып, түйесін табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп ұйықтап кетіп, кейін оянып, жоғалған түйесі бүкіл азығымен жанынан табылған кезде, дереу ноқтасынан ұстап: «Уа, Аллам, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын!»-деп, есі шығып қуанғаннан, қателесіп кеткенін білмей қалған пенде қалай қуанса, Алла Тағала құлының тәубесіне, одан да артық қуанады».
Пенде жасаған күнәсі үшін өкініп, шынайы түрде тәубе етсе, тәубесі сөзсіз қабыл болады. Өйткені Алла тәубені қабыл етуші. Бұл жайында Құранда көптеген аятта баян етеді:
«Ей, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кірізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды...» (Тахрим сүресі, 8 аят)
Тәубе ете білу үшін өзіндік шарты бар. Жай ғана «мен істеген күнәм үшін тәубе еттім» деп айта салумен тәубе етілген болып саналмайды. Адамның жасайтын күнәсі екі түрлі болады:
1. Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, зина ету, ішімдік ішу. Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсіне тәубе ету үшін 3 шарт орындалуы тиіс. Қайшы жағдайда тәубесі шынайы тәубеге жатпайтын болады.
а) Жасаған күнәсін тоқтатуы;
ә) Жасаған ісі үшін өкіну;
б) Сол ісін енді қайталамауға уәде беру.
2. Пенде ақысына қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, ғайбат айту, ұрлық жасау, ұру секілді. Пенде ақысына қатысты жасаған күнә: пенденің ақысына кіретін күнәні жасау тек шынайы тәубемен кешірілмейді, оразамен өшірілмейді, қажылықпен өтелмейді. Ондай күнә үшін тәубе етумен қатар сол адамнан кешірім сұралуы тиіс. Мәселен, біреуді ғайбаттаса, сол адамнан артынан ғайбат айтқаны үшін кешірім сұрап, кешірімін алса, сосын тәубе етсе ғана жасаған күнәсі кешірілмек.
Шынайы тәубе етудің арнайы бір уақыты жоқ. Кезкелген сәтте тәубе ете аламыз. Бірақ екі жағдайда кеш қалатын боламыз: жан алқымға келгенде, күн батыстан шыққанда.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Кімде кім күн батыстан шықпайынша тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді» (Муслим, Зикр 43).
Әбу Абдуррахман Абдуллаһ б. Омар б. Хаттабтан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізеді: «Жан алқымына келмейінше Алла пендесінің тәубесін қабыл етеді» (Тирмизи, Дағуат 98).
Алла біздің тәубемізге мұқтаж емес. Алайда пендесіне аса мейірімді. Олай болса, мейірімі шексіз Алланың рахымынан үміт етіп, күнәларымыз үшін шынайы тәубе етейік.
Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп:
Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік, - деп өтінеді. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала:
«Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам,» - деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Сәлден кейін баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. Үмметіне мына адам Алла құзырында нендей жаман күнә жасады екен деген ой келеді.
Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп:
«Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік,» - деп өтінеді. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам,» - деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң баласын жетектеген кешегі адам өтеді.
Кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған адам бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды. Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Ей, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде кешегі ең жаман адам деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адамнан, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды. Сонда баласы әкесіне қарап:
-Әке, мынау не? – деп сұрады. Әкесі:
-Балам, бұл теңіз деген болады, – деді. Баласы:
-Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда әкесі:
-Балам, теңізден үлкен мұқит бар, – деп жауап берді. Баласы:
-Әке, мұқиттан үлкен не бар? – деді. Сонда әкесі:
-Балам, мұқиттан үлкен жер шары бар, – дегенде баласы:
-Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады. Әкесі:
-Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді. Баласы:
-Әке, әкемнің күнәсінен де үлкен не бар? – дегенде әкесі:
-Балам, бейбақ әкеңнің күнәсінен де үлкен бұл Алланың шексіз рахымы, мейірім бар, – деп жауап берді. Міне сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Яғни адамға жасаған күнәсі үшін кешірім сұрау мүмкіндігі берілген. Пенде қандай күнә жасамасын, үмітсіздікке салынбауы керек. Алланың рахымы шексіз. «(Ей, Мұхаммед) айт: «Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсін кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді»» (Зумар сүресі, 53 аят).
Нұрбек ЖАНЫҚҰЛОВ
«Меркі ата» мешітінің бас имамы