Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Биыл Бараат түні 28 наурыздан 29 наурызға қараған түнге сәйкес келіп тұр. Баршаңызды осы тағдыр түнінің келуімен құттықтаймын!
Бараат түні жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» (Ибн Мажә).
Иә, бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін көтеріп, біреудікін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы біреуін одан құр қалдырады.
Бараат түні – бір жыл ішінде дүние салатын және қажылыққа баратындардың тізімі жасалатын түн.
Сондықтан да, мүбәрак болған Бәраат түнін құлшылықтармен (тәубе етіп, дұға жасап, намаз оқып, ораза тұтып, Құран оқып, пайғамбарымызға салауат айтып, жоқ-жітіктерге көмек беріп т.б.) өткізген абзал.
Бәраат түнінде жақындарымызға, көрші-қолаң, дос-жарандарымызға «Құдай тағала құт-береке жаудырсын» деп тілейік. Осы бір мүбарак түні біріміздің хал жағдайымызды сұрап, қайғы мен қуанышымызға ортақтасып, ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығын, болашағы мен баяндылығын, жеріміздің, қала берді күллі адамзат баласының қайғы мен қасіреттен аман болып, бақытты болуы үшін Ұлы Жаратушыға жан жүрегімізбен жалбарынайық.
Алла тағала әр отбасыға бақ-береке, шаттық әкелсін! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы