ЖЕТІМ – ЕЛГЕ АМАНАТ

ЖЕТІМ – ЕЛГЕ АМАНАТ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Жетім» сөзі араб тілінде «жалғыздық» дегенді білдіреді. «Баяу жүргін, артта қалған» деген тәрізді мағынасы да бар. Дана халқымыз: «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты терең бойына сіңірген. Жетім деп, діни тұрғыда әкесі қайтыс болған баланы атайды. Әкесі бар, анасы болмаса жетім болып есептелінбейді. Ал жануарларда керісінше, шешесінен айырылған жануар жетім. Сондықтан да, мақал-мәтелдерде «әкесіз жетім жарым жетім, анасыз жетім нағыз жетім» -деген.

Жетімдік үкімі балаға балиғат жасынан асқанша айтылады. Балиғат деп, дінімізде ұл балаларға 12–15 жас арасы, қыз балаға 9–15 жас аралығын атайды. Бұл жастан асқан соң, жетімдік үкімі бұл балалардың мойнынан түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға-іні) боламыз», - деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Имам Ибн Мажәһ риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» - деген. Осы жерде жетім бағып-асырау шексіз сауап, әрі құлшылық екендігін айта кеткен жөн.

Ал енді  ауыр күнә қатарына жататын күнәлардың бірі – жетім ақысын жеу немесе оған қол сұғу. Құранда мұндай адамдар  Алла тағала тарапынан лағынеттелінген. «Бай болғандар ( жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін» - деп, Алла тағала қатаң тыйған. Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген мына хадис баяндалады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Бәлеге жолықтырар жеті түрлі күнәдан сақтаныңдар»,- деді. Сахабалар: «О, Алланың Елшісі, олар нелер?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сиқырлау, нақақ адам өлтіру, өсімқорлық, жетім ақысын жеу, соғыс майданынан қашу, мұсылман ар – намысты әйелді зина жасадың деп айыптап, жала жабу» - деп, жауап берген.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге немқұрайлы қарамай, ел келешегін ойлап, жетімдерімізге пана бола білейік ағайын. Дана халқымыз: «Бай болсаң елге пайдан тисін, батыр болсан жауға найзаң тисін» деген қанатты сөздер бекер айтылмаған. Әрине, мүмкін болса жетімдер үйінен бала асырап оны бағып, тәрбие беріп, өз балаңдай бөле қарамай, қамқорлық таныта білсек Алланың мейірім шапағатына бөленіп, нұр үстіне нұр болары анық. Жетімге қарайласумен біз Алла тағаланың ризалығына бөленіп, сауапқа кенеліп, халықтың игі батасын алып, жүрегімізді мейірімділікке толтырып, үлкен жақсылыққа жетеріміз хақ. Жаратушы Алла Тағала баршамызды осындай сауапты амалдарға ұмтылуымызды нәсіп етсін бауырлар!

Ахат ҚАЙЫПБЕРГЕНҰЛЫ

Талас аудандық «Қаратау Қажи би» орталық мешітінің ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: