Көркем мінез адамды көрікті етеді

Көркем мінез адамды көрікті етеді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады.

Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп баяндалған.

Омардың (Алла оған разы болсын) былай дегені риуаят етіледі:

«Бір күні біз Алла елшісінің (с.а.с) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайссымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың тізелеріне тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойып, бірнеше сұрақта қойды. Сол сұрақтың бірі «Ихсан жайында хабар берші» деген болатын.

Алла елшісі (с.а.с): «Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер олай істеу қолыңнан келмесе, ол сені көріп тұрғандығын ұмытпауың»,-деп жауап берген болатын.

Осы хадистен көріп тұрғанымыздай «Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта шынайы болуға тәрбиелейді. Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.

Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттап: «Шын мәнінде, сен жоғары мінез-құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деген. Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі арқылы надандық құрсауындағы Мекке халқын мойындатып, оларға өнеге көрсетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – дейтін.

Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез» деп жауап береді. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын бірнеше қайталаса да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін – көркем мінез» деп жауап берген екен.

Саңлақ сахабаның бірі Мұаз ибн Жәбәл былай дейді: «Йеменге басшылық қызметіне кетейін деп, үзеңгіге аяғымды қойған сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Мұаз! Адамдармен қарым-қатынас жасағанда жақсы мінезді бол!» деп маған соңғы өсиетін айтты. Мұсылман күнделікті өзін тәрбиелеп, өзгеге жамандығын тигізбеу үшін дұға-тілекте жүргені дұрыс. Мәселен, Алла Елшісі (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) намазды бастамай тұрып, Жаратқанға былай дұға ететін: «Уа, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиіркенетін мінезді алыс ет. Бұл істі Сенен басқа ешкім орындай алмайды». Тағы бір дұғасында: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де сондай көркем ете гөр!» деп Жаратқанға жалбарынатын. Ардақты сахабаның бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) бір күні түнде тұрып Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де көркем ете гөр!» деп таңға дейін дұғасын жалғастырады. Таң атқаннан кейін әйелі: «Әбу Дәрда, бүкіл түнгі дұғаң және қажетіңнің барлығы көркем мінез жайында сұраумен болдың ғой. Неге соншама таңға дейін мұндай дұға жасадың?» деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда: «Уа, Умму Дәрда! Бір мұсылман мінезін әдемілей-әдемілей ғұмыр кешетін болса, көркем мінезі оны жәннатқа жетелейді. Егер мінезі жаман болып тіршілік кешсе, жаман мінезі тозаққа итермелейді» деп себебін жеткізген екен.

Мұсылман – әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді жан. Ғұлама ибн Мүбәрак: «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» деген екен. Құстың қос қанаты секілді мұсылман баласына білім де, әдеп те әркез керек. Ислам діні қандай таза болса, мұны екі дүниемнің бақыты деп білген адам әдеп негізінде өмір сүреді. Дініне титтей де кір келтірмеу үшін өмірлік мақсатын ихсан ілімінің аясына топтастырады.

Бұл байырғы  заманнан мұсылмандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын болған. Осы ілімді қалыптастыруға Түркістан діни мектебінің негізін салушы Қожа Ахмет Яссауи бабамыз және оның ізбасарлары ерекше еңбек сіңірген. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін тақуа адам болғанын байқаймыз.

Сопылықты, тариқатты ұстанатын адам ең әуелі шариғат ілімін жақсы меңгеруі тиіс. Түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмет Йассауидің хикметтері адамдарды тазалыққа, адалдыққа, қанағатшылдыққа, кісі ақысын жемеуге, қиянат жасамауға үндейді. Қожа Ахмет «Мир’ат ул-қулуб» (Жүректердің айнасы) атты еңбегінде алдымен шариғатты, одан кейін ғана тариқат, мағрифат және ақиқат деп сопылық жолының мәртебелерін сатылап көрсетті. Сондай-ақ ол білімсіз сопылықты:

«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің

Шайтан келіп, имандарын алар екен», деп мінеген.

Сопылықтың ілімсіз болмайтындығы туралы өз ойын Әубәкір Кердері де:

Сопылық жолы ауыр жол,

Ұстап көрсең тәуір жол,

Сопылықты ұстансаң,

Оқыған көп ғалым бол, деген өлең шумақтарымен жеткізді.

Ислам дінінің қазақ даласына емін-еркін таралуына сопылық елеулі ықпал еткендігі белгілі. Қазақ зиялылары мен дін қайраткерлері сопылық ілімінің шынайы мақсаттарын жақсы түсінген, әрі оларды жүзеге асыру үшін өздері де көп тер төкті. Сол мақсаттардың бірі – парасатты, кемел адамды тәрбиелеп шығару. Абайдың: «толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған адам» деп айтқаны сопылық іліміндегі кемел адамның тұлғасын білдіреді. Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл – ғылыммен астасып кетеді.

Ихсан іліміне терең бойлап, әдеп, ар-ұяттан аттамаған мұсылман өзінің емес, ең алдымен ислам дінінің, туып-өскен жерінің абыройын биік қояды, кір келтірмейді. Отанға деген сүйіспеншілік, қызметке деген адалдық, ағайынға деген сыйластық, жаманшылықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүрудің бәрі осы ихсан ілімінен екенін әркез естен шығармағанымыз абзал.

Ихсан ілімінен бастау алатын Ислам әдебі жекелеген тұлғадан бастап, күллі қоғам үшін де аса пайдалы. Дін – тәрбие құралы. Дін қай жерге ұяласа, тыныштық пен береке сол жерден көрініс берері ақиқат.

Нұрбек ҚАЙСАРҰЛЫ

Меркі ауданы, «Меркі ата» мешіті

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: