"Һибатулла Тарази" мешітінде Алла үйінің әйел қызметкерлеріне арналған келілі жиын өтті. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен жасалған шарада ақ дастархан жайылып, облыстық мешіттің қызметкерлері жиналды. Бас қосуға Жамбыл облыстық Әжелер алқасының төрайымы Жәмиля Джумабаева да келіп қатысты.
Ұжымның ауызбіршілігін арттыру мақсатында қолға алынған игі бас қосуда сектор жетекшісі, облыстың бас ұстазы Гүлжан Серікқызы "Мұсылмандық әдеп" тақырыбында уағыз айтты. Жұмыс орында, көшеде жүру әдебі, мұсылманмен қарым-қатынас әдебі, сөйлеу, ас ішу сынды барлық әдеп түрлері тілге тиек болды.
Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт әріптестермен бірге, уағыз тыңдай отырып, ас ішу бір үйдің баласындай көпшілікті бұрынғыдан да байланыстыра түскен-ді. Мұндай шараны жамағат алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұруға ниетті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі