Аудан орталығы Жаңатас қаласында Сарысу ауданы иамамдарының жиналысы өтті. Жиналыста аудандық мешіттің бас имамы биылғы жылы болып жатқан кейбір өзгешеліктер жайында айтып өтті.
«Бұған дейін төрт бағытта жұмыс жасап келдік, енді осыған үш бағыт қосылды. Атап айтар болсақ: Ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз насихат, қайырымдылық, оқу ағарту, ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бағыттары бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Ауылдардағы мешіттердің жұмыстарын жандандыру керек. Тек қана мешітке келіп жүрген аз ғана жамағатпен шектелмей ауыл тұрғындарымен көп жұмыс жүргізу керек. Екінші мәселе, имамдар мешітке келуші барлық азаматтармен көркем түрде қарым-қатынас жасауы керек. Бұл бүгінгі күннің талабы емес, бұл дініміздің бет бейнесі. Ислам діні әдептілік, мәдениеттілік, көркеммінезділіктің діні екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал имамдар сол дінге бастаушы, діннің қызметін жасаушы адамдар ретінде өздері үлгі көрсете білуі керек. Осы себептен бізге келген жаңа нұсқаулықпен таныс болыңыздар. «Мешіт имамдарының қызметтік әдебі» деп аталатын бұл шағын кітапшада имамның қызмет барысында өзін қалай ұстауы керек екені егжей тегжейлі айтылған. Бұдан былай әр имам осы кітапшаны төс қалтасына салып жүріп өзінің әрбір ісін бақылап отырса артық етпейді» - деп сөзін аяқтады бас имам.
Ауылдардағы мешіттердің әрқайсысына осы кітапша бір-бір данадан таратылып берілді.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі