Қордай ауданында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен, мешіт ұстазы Эльмира Аманқожақызының ұйытқы болуымен әйелдер жамағатының арасында сайыс өтті. Алла Тағаланың көркем 99 есімін жатқа оқудан сынға түскен қыздар бірінен-бірі өтіп, ең ұлық есімдерді тебірене атап шықты.
Айтулы іс-шараға ауданық Әжелер алқасының мүшелері Кулбану Суюмбаева, Хадиша Мухаммедқалиқызы, Меруерт Баянғазықызы, қыз-келіншектер қатысты. Ұстаздар мен әжелер алқасының төрайымы әділ қазы алқасында болып, Алланың есімдерін арабша және қазақша мағынасын жеткізе білуін бақылады.
Жүзден жүйрік шығып жүлделі орындарды қанжығасына байлағандарды атап айтсақ, 1 орынды Рабиға Қуанышқызы иеленсе, 2 орын Меруерт Баянғазықызы алды, ал 3 орын Алтын Сулейманқызына бұйырды. Қатысушылар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.
Әжелер алқасынан сөз сөйлеп, ұлағаты мен өсиетін айтып, тәрбиелік уағызын айтқан ақ жаулықты Кулбану апа қоғамдағы бүгінгі мәселелерді қозғай отырып, әжелік өнегесін көрсетті. Жамағат көкейкесті сауалдарын қойып, рухани жиыннан ерекше әсер алған қыз-келіншектер келесі жиынды асыға күтетіндерін жеткізді.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі