Наурыз да аяқталып, сәуір айы да келіп жетті. Бірақ шуақты көктем айларының бірі болған сәуірдің алғашқы күні біраз азаматтар күлкі немесе әзіл күні деп әзілдеймін деп, елді күлдіремін деп шариғат шеңберіне келмейтін іс-әрекеттерге барып жатқанына куә болып жатамыз. 1-ші сәуір күнгі қалжыңдар қоғамның әр түрлі саласында қызмет етіп жатқан, үлкен-кішіні қамтитын әзілдер орын алады.
Кейбір жағдайда мұндай «ойын-күлкі» біреуді ренжітіп, біреуді ашуландырып, тіпті кейбір жағдайда қайғыға да апаруы мүмкін. Өскелең ұрпақтың санасында өтірік айтуға болады екен ғой деген ой-сана қалыптастыруы мүмкін. Алғашқы сөздерімізді оқып отырған адам «жетісіппіз, молдалар тіпті күлуге, қалжыңдауға тиым салды ғой, сонда біз тек қана жылауымыз қажет па не?» деген пікір айтуы мүмкін. Әсте олай емес. Ислам діні тек қана жылауды, қайғыруды әмір ететін дін емес, ақиқат дін болғандықтан қайта өмірге бейім, құндылықтарға бай дін. Ислам — жан-жақты дін және өмір салты. Дінімізді үйреткен Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) сахабаларынң арасында отырғанда әзілдеп, қалжыңдап отыратын, бірақ өтірік қоспайтын, ешкімнің көңіліне тимейтін. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірінен мысал келтіре кетейік.
Заһир бин Хузам атты бәдәуи кісі бар еді. Бұл кісі өзі өңсіздеу болғанға ұқсайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны ерекше жақсы көреді екен. Заһир базарда жұмыс істейтін. Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) оның арқасынан келіп байқатпай құшақтай алады. Ол: «Бұл кім екен, жіберсеңші?»,-дейді де бұрылып қалады. Өзін бауырына қысып тұрған пайғамбар екенін көріп қысылған ол үнсіз тұрып қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) болса: «Мына құлды кім сатып алады?»–деп әзілдейді. Ол болса: «Уа, Алла елшісі! Мен өтпей қалған тауармын ғой»,– деп өзінің реңсіздігін меңзегендей болады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алайда сен Алла тағала құзырында өтпей қалған тауар емессің» (басқа риуаятта: жоқ, сенің Алла құзырында құның жоғары)»,-деп жауап береді. (Байһақи). Әли әл-Қари бұл хадисті ашықтай отыра «Оны құл деп айтып тұрғаны, расында да, ол Алла тағаланың құлы, ал сату дегеніміз ұсынылған затқа, соның құнындай тауарға айырбастау», – деп, әзілдің бос сөз емес екенін түсіндіреді. Басқа бір оқиғада бір күні Умму Айман Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп күйеуінің қонаққа шақырып жатқанын хабарлайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сенің күйеуің көзінің ағы бар кісі емес пе еді?»-дейді.
Умму Айман: «Менің күйеуімнің көзінде ешқандай ақ жоқ» — деп жауап береді. «Бар ғой»- деп пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқанынан қайтпайды. «Алланың атымен ант етемін, жоқ» — дейді әйел. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көзінде ақ болмайтын (яғни, қарашықтың айналасындағы ақ бөлік) адам болмайды» — деген екен. Немесе мына бір оқиғада бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) түйемен қыдыртуды өтінеді. «Мен сені түйенің баласымен серуендетемін» — деп жауап береді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). «Мен түйенің баласымен қалай қыдыра аламын. Ол мені көтеруге шамасы жетпейді ғой» — дейді әлгі кісі.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Әрбір түйе – басқа бір түйенің баласы» — деген екен. (Әбу Дәуд). Жасы үлкен кісілермен, басшымен, әзілді түсінбейтін және оған ренжитін адаммен және де бөтен әйелмен әзілдеспеген жөн. Алла елшісінің (с.ғ.с) әзіліне қарай отыра әзіл мағыналы және орынды болуы, реніш тудырмайтын, адамның абыройына, ата-тегіне қол сұқпайтындай болуы керек.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, қалжыңдасудың да өз қағидасы бар. Осыларды ұстансақ әзіл өз шекарасында және орынды болып табылады. Бірінші және ең басты қағидасы дінді және діни рәсімдерді мазақ қылмау, егер осы мәселеде шектен шығатын болса тіпті иманына күдік түсіреді. Келесі талабы жоғарыда көрсетілген хадистер сынды әзіл тек шындыққа негізделуі қажет.
Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұртты күлдіру үшін өтірік айтатын кісіге тозақ болсын» (Әбу Дәуід) және «Расында біреу отырғандарды күлдіру үшін бір сөз айтады да, жұздыздардан да алыс болған отқа қарай құлдырайтын», (Ахмед) – деп ескерткен. Және әзіл болсада адамды қорқытып, шошытып әзілдеуге болмайтынын Алла елшісі (с.ғ.с.) тиым салған мына хадистерінен аңғарамыз.«Сахабалар пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сапарда жүрген кез болатын.
Араларынан біреуі ұйықтап жатқанда, достары оның қойнына әзілдеп арқан салып жібереді. Ұйқыдағы кісі қорқып кетеді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылманды мұсылман қорқытуына болмайды»,-деген.» (Әбу Дәуд). Мазақ қолданып әзілдемеу қажет. Адамның жүріс-тұрысын және қимыл-әрекеттерін мазақ етіп, қалжыңдау, кемістігін айтып күлуге болмайды, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бауырыңның үстінен күлуші болма, Алла тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін» (Тирмизи), – деген екен.
Алла елшісі (с.ғ.с.) адамның болмысына қарай отыра, шындыққа сүйене былай деп әзілдескені бізге жеткен: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахаба Әнәс ибн Мәлікке (с.ғ.с.) «Ей, екі құлақтың иесі!» деп әзілдейтін.(Тирмизи). Осыған қосымша біреуді ғайбаттап әзілдеуге, немесе ар-намысына тиіп әзілдеуде шариғатымызда тиым салған. Әзіл-қалжың ретімен және өз уақытында болса, дастархан басында және жора-жолдастармен бірге әңгіме-дүкен үстінде болса, мұндай әзіл жан сергітіп, достардың жанын жадыратады. Суфиян бин Ғуиайнаға бір кісі келіп: «Әзіл-қалжың кемшілік пе?»–деп сұрайды.
Сонда ғұлама: «Дұрыс етіп және орнымен әзілдескен адам үшін сүннет (яғни пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да әзілдескен)», – деп жауап береді. Ал Алла елшісінің әзілдесу сүннетін тағы да бір хадиспен келтірер болсақ, Әбу Һурайра риуаят еткен бір хадисте сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Сіз бізбен әзілдесесіз», – деген кезде: «Расында мен тек рас сөзді ғана айтамын» – деп, әзілдесе де, өтірік сөйлемейтіндігін түсіндірген. Шариғат тек шындық арқылы болған, сондай-ақ қоғамға зиянсыз және дінді мазақ етпейтін әзілдерге оң баға береді.
Кейде адамдар біреудің көңілін табу үшін немесе басқа себептермен өтірік қосуы мүмкін бұл турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Адам өтірікті әдетке айналдырса Алланың алдында өтірікші болады» дейді. (Бухари). Осының бәрінен бас тартып, нағыз сүннет болған әзілмен қалжыңдасса сауап жинайды. Әбу Дәуд жеткізген хадисте: «Әзілдеп болса да өтірік айтудан тосылған адамға жәннаттың ортасынан үй берілуге кепілмін» деп, ақиқат астарланған әзілдің құнын түсіндірген. Міне осылайша дініміз әзілге тиым салмайды бірақ әрбір нәрсенікі сияқты қалжыңныңда өз шекарасы бар екенінін көрсетіп өтіп, шындыққа негізделген қалжыңды құптайды. Сондықтан мұсылман баласы 1-ші сәуір күні қалжыңдаймын деп өтірік айтып, ғайбат сөз сөйлеп немесе біреудің ар-намысына тиіп амал дәптерін күнә істермен толтырмағаны жөн. Өмірізді сүннетпен ұштастыра білсек, нағыз ұтушы біз боларымыз хақ!
Дәуренбек Жандосұлы,
Аудандық «Қордай» мешітінің
наиб имамы, дінтану магистрі.