Рәбиа ибн Кағыб (р.а.) былай әңгімелейді: «Таңның атысы, күннің батысы Пайғамбарымыздың қызметінде жүріп, тіпті ел орынға отырғаннан кейін де, түнгі намазын тамамдап үйіне қайтқанда, «Аяқ астынан Расулаллаһтың бір шаруасы шығып қалар», – деп, Расулаллаһтың есігінің алдында тапжылмай отыратынмын.
Пайғамбарымыздың әрдайым «Сүбханаллаһи уа бихамдиһ», – деп тәсбих ететінін еститінмін. Кейде етегіме сүрініп қатты шаршаймын. Ондай кезде кетіп қалатынмын. Кейде ұйқы басып отырған жерімде қалғып кететінмін. Менің ақысыз-пұлсыз, өз еркіммен қызмет етіп жүргенімді байқаған Алла елшісі бір күні: «Уа, Рәбиа, менен қалағаныңды сұра, қолыңды бос қайтармаймын», – деді.
Мен: «Ойланып көрейін, сосын айтармын», – дедім. Өзіме-өзім дүние нығметтерінің өткінші екенін, оның үстіне әзірше жеткілікті тамағым бар екендігін ойлап: «Алланың елшісінен ақырет өміріме қатысты нәрсе сұрайын, өйткені Алланың алдында Оның мәртебесі жоғары ғой», – дедім. Алланың елшісіне жүгіріп бардым. Алланың елшісі «Рәбиа, қандай шешім қабылдадың?» – деп сұрады.
«Мені жаһаннамнан азат ету үшін Раббыңның алдында маған шапағат етуіңді тілеймін», – дедім. Расулаллаһ: «Мұны саған кім үйретті?» – деді. «Сені хақ дінмен жіберген Раббыма ант етем, ешкім үйретпеді. Алланың алдында ұлы мәртебеге ие болған сен «қалағаныңды сұра, берейін», – деген соң жағдайды саралап көрдім. Бұл дүние өткінші, нығметтері де өткінші, әрі табысым да жеткілікті, сондықтан «Ақырет өмірімде сіздің тікелей жәрдеміңізге иек артқым келеді», – дедім.
Менің осы жауабымды тыңдаған соң Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұзақ уақыт үндемей тұрды да: «Мақұл, орындаймын. Бірақ өзің де көп құлшылық етіп маған көмектес», – деді».
asyldin.kz