Жамбыл ауданына қарасты ауылдық мешіттердің имамдары қатысқан жылды қорытындылау жиыны өтті. Шараға аудан имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы басшылық етті.
Жиналыста келер жылға жоспар құрылып, мақсатты істер талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өңірде қызмет атқарып келе жатқан дін мамандары облыс имамы Бейбіт қажы Мырзегелдиевтың алғыс хатымен марапатталды.
Алланың ақиқат діні ислам жолында аянбай еңбек етіп, халықтың игілігі үшін күш салып жүрген имамдарға разылығын білдірген Ғайырфулла Әмірбеков алғыс хаттарды табыстап, облыс имамының сәлемін жеткізді.
Жиын соңында мамандарға береке, жеміс, елімізге амандық тілеп, бата берілді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі