Ағайынның азары болса да безері болмас

Ағайынның азары болса да безері болмас

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Табарака уа Тағала хадис –құдсида;
«Мен Рақымдымын. Әрі «туыстықты» Өзімнің «Рақым етуші» сипатымның атауынан жараттым. Туыстық қатынасты сақтағанды рақымыма бөлеп, ал үзгенді рақымымнан мақрұм етемін (яғни, рақым етпеймін).» (Имам Бухари )
Ешкім де туысқан–туғансыз, ағайынсыз емес.Барлығымызда қан тұрғысында жақын тартар ағайын,туыстарымыз бар.Тіпті қаза берсең Адам баласының бәрінің де кіндігі бір болып шығады.Түрі-түсі ,тілі-ділі әртүрлі болса да тегі тұрғысынан бір нәсілден тарағандықтан. Адамзатты Алланың өзі аса құрметтеп,мейір махабатымен жаратқан.Сол мейірімнің нышаны ретінде Алла Құран аяттарында адамзаттың асыл тегін,бірі-біріне туыстығын айрықша білдіріп өтеді.Нәсілшілдікті,жікшілдікті,араздықты түбегейлі тиып тастайды.

Дұрыс тізбекпен жеткізілген нақылдарға (Құран мен сүннет) сүйене отырсақ,туыстық қарым-қатынас сияқты Исламдағы Алланың өзі мән берген ізгі амалды көп кездестіре бермейміз.Туыстық қарым-қатынасты шежірені білу , ағайынгершілікті көркемдей түсу, туыстық тізбегін үзбеу,бейне бір Алланың өзімен қарым-қатынас жасап жатқандай ізгі іс.Ал керісінше оны үзіп қою немесе көңіл бөлмеу,Алланың ашуының тудырады.

Туыстық қарым-қатынас иманнан соң Алла алдындағы ең сүйікті амал.Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Алла үшін ең сүйікті амал иман сосын туыстық қарым-қатынас» (Абу Иағла) Туыстық қарым-қатынас Аллаға және ахиретке шынайы сенген мұсылманның айрықша белгісі ,иманның үлкен бір бұтағы; Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Кімде-кім Аллаға және ахирет күніне сенсе, туыстық қарым-қатынасты үзбесін». Туыстық қарым-қатынас ахирет үшін ғана емес,дүние ісіне де көп пайдасы бар.Өмірінді ұзартып,нәсібенді арттырады. Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Ризығы берекелі және ғұмыры ұзақ болуын қалаған адам туысымен қарым–қатынасын үзбесін»,(Имам Бухари) Алла Елшісі С.Ғ.С басқа бір сөзінде ;-« Өз туыс-туғандарымен қарым қатынас жасау үшін өз нәсілдеріңді білуді үйреніңдер.Шындығында туыстық қарым-қатынас жақындарына сүйіспеншілік сыйлайды.Мал-мүліктеріне береке кіргізеді.Өміріңді ұзақ етеді. (Имам Тирмизи) Сондай-ақ туыстық қарым-қатынас жаннатқа төте бастап баратын амалдардың төресі. Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Ей,адамдар.сәлемді таратыңдар,тағам беріңдер, туыстық қарым-қатынасты үзбеңдер,адамдар ұйықтап жатқанда түн намазын оқыңдар,бейбіт түрде жаннатқа кіресіңдер.(Имам Ахмад)

Туыстық қарым-қатынас үзу өте ауыр күнә.Себебі,сөз басында келтіргендей,ол адамдар арасында дұшпандылықпен өшпенділіктің туындауына,араздықпен нәсілшілдіктің өршуіне түбегейлі себеп болады. Сол үшін олар қиямет күні Алланың лағнетіне ұшырап,соқыр күйде тіріледі. Құран-Кәрімде «Егер іс басына келетін болсаңдар, (немесе бет бүрсаңдар,) сендерден жер жүзінде бүзақылық істеу, жақындық байланысын үзу ғана үміт етілмей ме? Олар, Алла, лағынет етіп, саңырау және көздерін соқыр қылғандар. (Мұхаммед сүресі 22-23 а) Алла пендесінің көп күнәсінің жазасын қиямет күніне дейін кешіктіреді.Ахирет күні толықтай жазасы беріледі.Бірақ та туыстық қарым-қатынасты үзудің күнәсінің ауырлығы сол болар,ол тек қана қиямет күніне ғана кешіктіріліп қоймайды.Дүниеде де ахиретте де жазасы беріледі.
Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Аллаһ Тағаланың осы дүниеде кешіктірмей жазалауына және ақыретте қатты азаппен азаптауына азғындық пен туған–туысқанмен қатынасты үзуден басқа себеп болатын күнә жоқ.” (Имам Бухари)Күнәнің ауырлығы себебімен жаннатқа кіруді харам еткізеді. Алла Елшісі С.Ғ.С айтады;-«Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді.»(Мутттафақу алайһи)

Туыстық қарым-қатынас көптеген игі істерді қамтиды.Туыстарының жағдайын біліп тұру,зиярат жасау,олардың ахуалын есінен шығарып алмау,әлсіздеріне мейірімділік,кішілеріне ізет,үлкендеріне құрмет жасау,кедей-кембағалдарына садақа жасап тұру,өзара сый сияпат жасасу,ауырса көңілін сұрау,қонаққа шақырса қалмау,қайғысын бөлісу,қуанышына ортақтасу,ағайын араздасса татуластыру,тірі кезінде тілектес болу,мархум болса дұғасынан тастамау т.б Әлбетте, туыстық қарым-қатынас тұрғысында ең сауапты іс ол жақсылыққа шақыру,жамандықтан қайтару,туысынды осы арқылы өзімен бірге жетектеп жаннатқа алып кіру екендігі сөзсіз.

Туыстық қарым-қатынас Алла разы болатын іс болғандықтан,дүние мақсатында қылынбайды.Яғни, туыстық қарым-қатынас, туысым маған келді,мен оған барамын,маған берді,мен оған қайырып беремін деген түсінікті қамтымайды.Керісінше қарым-қатынасты үзген туысқанымен Алла үшін деп ғана қарым қатынас жасалса құны артады. Бұл туралы Алла Елшісі С.Ғ.С ; «Туған–туыспен санасып (яғни, ол бергенімді немен қайтарады деп) жасалған қатынас қатынасқа жатпайды. Арада есеп болмай, үзілген қарым–қатынасты қайта жалғастыру ниетімен жасалған қатынас–нағыз қатынасқа жатады.» деп анықтама береді. (Имам Бухари) Араға кірбің түсіп,араз болсаңда немесе ағайының азар көрсетуің тоқтатпаса да туыстық қарым-қатынасты үзбеу ол шариғи бұлжымас заңдылық екен. Алла Елшісі С.Ғ.С бір кісі келіп: “Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), менің туысқандарым бар. Мен олармен қатынасқанға әрекет етемін, алайда олар оны қаламайды. Мен оларға жақсылық істесем, олар маған жамандықпен жауап береді. Мен момындық қылсам, олар надандық білдіреді”,–дегенде, Нәби (с.ғ.с.): “Сен айтқаныңдай істеген болсаң, сенің істегенің олар үшін ауыздарына ыстық күл салғанмен тең (яғни, олар туыстық қатынаста болуын қаламағаны). Ниетіңнен қайтпасаң, Аллаһ Тағаланың жәрдемінен құр қалмассың”,–деп кеңес берген екен.(Имам Бухари)

Бұл тұрғысында ізгілер өмірінен бір мысал келтірсе де болады; Әбу Айюб Сулайман жеткізеді; « Бейсенбі күнінің кешінде, яғни жұманың түнінде бізге Әбу Хурайра (р.л.ғ.) келіп: “Мен туыстық қатынасты үзуге қарсымын!”,–деді. Арамыздан ешкім орнынан тұрмады. Әбу Хурайра (р.л.ғ.) сөзін үш қайталады. Бұл сөзді естіген бір жігіт екі жылдан бері қатынаспай қойған әке жағынан болған туыс әпкесіне барды. Оны көрген туыс әпкесі: “Ей, бауырым! Не үшін келдің?”,–деп сұрады.- Мен Әбу Хурайраның (р.л.ғ.): “Мен туыстық қатынасты үзуге қарсымын!”,–дегенін естідім.-Оған барып ол бұл сөзді не себептен айтқанын сұра.Жігіт Әбу Хурайраға (р.л.ғ.) барып ол әлгі сөзді не себептен айтқанын сұрады. Сонда Әбу Хурайра (р.л.ғ.): “Мен Нәбидің (с.ғ.с.): “Әрбір бейсенбінің кешінде, яғни жұманың түнінде адам баласының амалдары Аллаһ Тағалаға қабыл етіліп, тек туыстық қатынасты үзгеннің ғана амалы қабыл етілмейді”,–деп айтқанын естідім”,–деді.”(Имам Бухари)

Шариғатымыз осы құндылығын жете білгеннен болар,ата –бабамыз ағайынгершілікті өте қатты ұстанған.Күні кеше тілімізбен дінімізді жойып жібере жаздаған зұлмат замандарда да дәстүр арқылы генімізге сіңіп кеткен осы Исламның құндылығын жоғалтпай ұстанып қалған.Ауыз екі дамыған халық даналығында осы тақырыптарда қаншама маржан сөздер бар.Осыған негізделген салт-ұғым дәстүрлермен үрдістер қаншама.Мысалға;Ағайын — ағайынның айнасы. Ағайын бірде араз, бірде тату, Ағайында өкпе бар да кек жоқ. Ағайынның азары болса да безері жоқ. Ағайынның ұрысы — торқаның жыртысы. Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті. Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берсін сазанды. Бетің қисық болса айнаға өкпелеме.,Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме, Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді, Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің,Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың.

Ата-бабамыздың осыншама даналықпен қоса,оны атқаруда ұстанған салт-дәстүрлеріде кісі қызығарлықтай.Мысалға;қазақта туыстық шеңберлерді білдіретін,үш жұрт бар;нағашы жұрт,қайын жұрт,өз жұрты.Сондай-ақ шариғат шеңберінен де шығып,арыға кететін жеті ата сақтау үрдісі бар. Осы арқылы «Жеті атасын білген ер,жеті жұрттың қамын жер»,деп,туыстық қарым-қатынасты шеңберінен кеңінен сызып жатады.Тіпті,қыз алысып,қыз беріссе де,үш жүзге енші бөлмей,елдің бірлігін,ағайынгершілікті дамытқан мұсылман елдерінің бірегейіміз.Ауыл арасындағы той-томалақ,өлім-жітімдерде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз көптеп кездеседі.Мысалға,кісі қайтқанда,жетісін,қырқын,асын беру.Бұл шариғатқа тікелей қатынасы болмағанмен,бата жасап,көңіл білдіруші,ағайын-туғанның басын қосу үшін,кісі қайтыс болғанда хабар жету мүмкіншілігі қиын болған көшпенді елдің жағдаятына сәйкес атқаратын тамаша дәстүрлеріміз.Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.
Алла елімізді аман,жұртымызды тыныш қылсын!

Алмас Кенжемолдаев, 

Жуалы ауданының

бас имамы 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: