Бүгін Қордай ауданында қос ауылдың белсенді азаматтарымен жүздесу өтті. Атап айтқанда, жиынға Сортөбе ауылы "Ханафи" мешіті және Масаншы ауылы "Мұсылмандар" мешітінің жамағатымен, ауыл ақсақалдары қатысты.
Шараға өңірдің бас имамы Асқар Зәкіржанұлы арнайы қатысып, "Ауыз біршілік, ынтымақта болу" жайлы уағыз айтты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған (қиянат жасамайды) зұлымдық қылмайды, оны мақрұм қалдырмайды, оны төмен көрмейді. Бір кісіге жамандық ретінде оны төмен көрудің өзі жеткілікті. Қандай да бір мұсылманның малы, қаны, ар-намысы басқа бір мұсылманға харам етілді», – деген, дей отырып бас имам көркем насихатын жеткізіп, көпшіліктің көкейкесті сауалдарына жауап берді.
Рухани азық болар игі жиын карантин талаптарына сай жүргізілді. "«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, кез келген қоғамның бақытты ғұмыр кешуі үшін алдымен ауызбірлік қажет. Бірлік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке және Алланың рахымы болатыны сөзсіз" - дейді дін маманы өз сөзінде.
Аудандық Қордай мешітінің баспасөз қызметі