АҚШ-тан туған өлкесі Ауғанстанға қайтып оралған Фируз есімді кәсіпкер жеңіл-желпі тамақтанып, жүрек жалғауға мүмкіндік беретін «Макдональдс» мейрамханасын ашты. Бір айта кетерлігі, жедел тағам дайындалатын мұндай орын бұл елде тұңғыш рет ашылып отыр.
Ауғандық «Макдональдс» безендірілуі мен ас мәзірі жағынан америкалық түріне ұқсайды. Сөйтсе де, бұл ғимаратқа бас сұққандар әдеттегі гамбургермен қоса кәдімгі палаудан да ауыз тие алады. Ең басты ерекшелігі, аталмыш қоғамдық тамақтандыру орталығының дизайны өзгеше: мейрамхана қабырғалары қасиетті Құран аяттарымен өрнектелген әрі шариғат талаптарына сай әйелдер мен ерлер бөлек отыратындай жағдай жасалған.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, қазіргі уақытта мейрамханаға жастар жағы жиі бас сұғатын көрінеді.