Талиба Қатада ас-Сиддик есімді американдық мұсылман әйел осыдан аз уақыт бұрын күйеуімен ажырасқаны аздай, жұмысынан да айырылып, далада қалған болатын. Шиеттей сегіз баланың анасы тығырықтан шығар жол іздеп шарқ ұрғанымен, барар жер, басар тауы қалмай, баспана зарын тартады. Қиналған сәтте қол ұшын созған «Қарындасқа пана керек» атты мұсылман әйелдерінің баспанасы барын естімегенде, қазір жағдайы қандай боларын өзі де білмейді. Балаларымен бірге жылы жерге орналасқан ол осы жерден жұмыс та тапты.
«Қарындасқа пана керек» ұйымы осыдан 15 жыл бұрын мұсылман әйелдердің клубы негізінде құрылған болатын. Алғашында ара-тұра бас қосып, кездесіп тұратын мұсылман әйелдері кейіннен бастарына іс түскендерге баспана беріп, қамқорлық жасау жолына түседі. 2004 жылы ол осындай ұйымға айналып, содан бері үйсіз-күйсіз қалған әйелдерге қолұшын созып келеді. Оның директоры Сакина Әли Мұджаһид жақында ғана әскери және азаматтық қызметте сіңірген еңбегі үшін өкімет тарапынан ардагер орденімен марапатталды.
«Мені де бір кездері төрт баламмен күйеуім тастап кеткен болатын, –дейді ол өткен өмірінен сыр шертіп, – сол кездегі қиындықтан енді қайтып есімді жия алмастай болған едім. Енді сондай қиын жағдайға тап болған тағдырластарыма шамам келгенше көмектесемін, олардың мен тартқан азапты көрмегенін қалаймын».
Бұл баспана жылына тағдыр тауқыметін тартқан 60 әйелге жәрдемдеседі. Мұнда ақысыз-пұлсыз жұмыс істейтін, қолдарынан келгенше көмек қолын созуға дайын еріктілер тобы бар.