Пейіліңе қарай пейішің

Пейіліңе қарай пейішің

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Абу Хурайраның жеткізуі бойынша,Алла Елшісі  С.Ғ.С  айтады;

Алла Тағала  айтады; - Менім бір құлым іштей (шын көңілмен)бір игі  істі пікірлесе,мен оған оны атқармаса да бір жақсылық жазамын.Егер оны жүзеге асырса,оған он есе артық сауап жазамын.Ал бір күнәлі істі пікірлесе,бірақ оны жүзеге асырмаса,кешіріп жіберемін. Ал атқарса, оның мысалына теңдес ғана күнә жазамын. Алла Елшісі  С.Ғ.С  айтады;Осы кезде періштелер; Ия;Раббымыз,мына бір сенің құлың жаман іс істеуді қалап тұр.-деп дабыстайды.Алла, -Жоқ,әлі ешнарсе жазбаңдар,күтіп,оның ақырғы ісін бақылай тұрыңдар.Егер ол оны атқарса теңдес бір ғана күнә жазыңдар.Ал атқармаса,оған керісінше бір сауап жазып қойыңдар.Себебі ол менім ақым үшін бұл көздеген ісінен қайтты.(Муслим)

Осы хадистен біз өмірімізге қатысты төрт түрлі қағиданы таба аламыз.

1)Кісі пейіліне қарай пейішке кіреді.

Осы хадиске ұқсас мағыналы хадистер жеткілікті.Бұл хадисте «тахаддаса» ,яғни іштей пікірлесе,деп келтірілсе,басқа хадистерде «арада»(қалау), «Һамма» шын жүрекпен қалау деген ұғымды білдіреді.Жалпы ғалымдар тұжырымдамасы бойынша,бұл жерде жай ғана,қиял мен ойдан туындаған қалауды айтып жатқан жоқ.Алла мүмкіншілік берсе,шүбәсіз атқаратын қалтқысыз бар ынтасымен жүзеге асыратын істі қалау тұрғысында әңгіме қозғалып тұр.Оған Алла Елшісі  С.Ғ.С  дұрыс тізбектермен жеткен бірқатар хадистерін мысалға келтірсек жеткілікті. Аль-Бухаридің Анастан, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, жеткізген хабарында, оның былай деп айтқаны келтіріледі:Біз Пайғамбармен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Табук соғысынан қайтып келе жатқанымызда, былай деді: "Шындығында, біздің артымызда, Мединада орынды себептермен қалған адамдар бар, бірақта олар біз қайсы бір таулы жолмен жүрсек те, қай бір қырдан ассақ та олар бізбен бірге болды.(Яғни,сауап алып отырды.)  Мединада орынды себептермен қалған сахабалар өте кедей,ауру,сырқау кісілер еді. Олар игі істі жай ғана қиялдаған жоқ,шың көңілдерімен қалады. Пайғамбармен бірге жорыққа шыға алмағандықтан өкініштен зар-еңіреп жылап та қалған еді.Жүректерінің,пейілдерінің дұрыстығы үшін,атқара алмаса да Алла оларды да сауаптан кенде қылмады.Кісі пейілі қандай кеңіш екендігін осыдан-ақ бағамдай берсек болады.

2)Әр игі істің қарымы Алла алдында еселенеді.

Хадисте шын пейілмен Алла разылығы үшін деп атқарылған әрбір іс он есеге дейін еселенетіндігін мысал етеді.Бұл  мысалға барша ізгі амалдар кіре береді.Алла қалауымен кейбір істер он есемен де шектеліп қалмайды.Жеті жүз есеге,мың есеге дейін өсіп,тіпті кейде шектеусіз сауапқа да айналып кетеді.Мысалға Алла жолында жұмсалған күш-жігер,дүние-мүлік,жеті жүз есеге дейін артып кетеді. Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші. ( Бақара сүресі -261)Кейде сауап мыңнан да асып кететін жағдайлар да болып жатады.Ал шектеусіз сауабы бар амалға мысалға оразаны мысал ғып,қойсақ болады.Алла Тағала хадис құдсида;-Әрбір істер адамның өзі үшін,Тек оразаға ғана мен үшін,оның сауабын тек өзім беремін. Осылардың қатарына сабыр еткендерде,жалпы шынайы пейілдермен жақсы амал істегендерде мысал ретінде жүре береді.Ол сауаптардың еселенуі кісі пейілінің көркемдігіне байланысты.Неғұрлым шынайылық басым болып,жүрек таза болса,соғұрлым Алла алдында оның сауабы арта береді.Сол үшін Алла Құран аяттарында; Бірақ иман келтіріп,ізгі іс істегендер басқа.Оларға таусылмас сыйлық бар. (Тин сүресі) жалпылама айтады.Сауапты бір ғана нәрсемен шектеп қоймайды.Бұл жерде кісі пейілінің маңыздылығын бағамдай береміз.

3)Жүрегін қалаған жамандықты,Алладан қорқып,тастауда жақсылықтың бір түрі.

Бір кісі жамандықты қаласа,мейлі шың көңілімен болса да,бірақ бір шартпен,Алладан қорқып,хадисте келтіргендей Алланың ақысы үшін оны іске асырудан бас тартса, Алла алдында толық бір ізгі амал болып есептеледі.Алайда,біреуден қорқып,не біреу көріп қоюуынан жасқанып,не атқаруға әлі жетпей қалу себебімен,ойланған жамандығын атқаруды тастаса,оған сауап жазылмайды.Керісінше жүрегінің күнәсі үшін бір жамандық жазылады.Оған Тирмизидің риуаят еткен төрт кісінің мысалы дәлел бола алады.Хадис мағынасында күнә іске белшесінен батып жүрген бір кісі болады.Бір кісі сол кісіні көріп,менде сондай болсам екен деп армандайды. Алла Елшісі  С.Ғ.С  ;- Ол кісі ниеті үшін,онымен күнә істе ортақтасады.-дейді.(Тирмизи )

Кісі күнә  істі атқаруды шын пейілмен қалап,бар күш-жігерін жұмсап ұмтылса,бірақ мақсатына жете алмаса,ғалымдар ол соны істегендей болып,Алла алдында жазаланады деп түсіндіреді.Оған Пайғамбарымыздың мына хадисін дәлел ретінде келтіреді. . Алла Елшісі  С.Ғ.С  айтады; "Егер екі мұсылман қылыштарын айқастырып соғысса, онда өлген де, өлтірген де тозақта болады". Мен: "(Тозаққа) өлтірген түссе әділ болады, ал өлген неліктен түседі?!", - деп сұрадым. Ол: "Өлген де өзінің жолдасын өлтірмекші болған жоқ па", - деп жауап берді. Аль-Бухари, Муслим.

Кейде пенде болған соң жаман ойлар,пікірлер адам санасында өздігінен пайда бола береді.Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне берілген үлкен нығмет,егер ол жүрекке келіп қоныстанбаса,кісінің жан-дүниесіндегі қалау еркіне айналып кетпесе,ол үшін күнә жазылмайды. Құранның мына сүресі түскен кезде сахабалар қатты састы.

- Көктердегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштеріңдегілерді жарияласаңдар да жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады. Сонда кімді қаласа, жарылқайды да кімді қаласа, азап қылады. Сондай-ақ Алла (Т.) ның барлық нәрсеге толық күші жетеді. (Бақара с 284) Алла көп ұзатпай-ақ артынша үмметке мейірім етіп,артынша басқа дұға жарылқау сұрау аяттарын түсіріп,қуантты.Көп ұзамай-ақ Алла Елшісі  С.Ғ.С; Алла менім үмметімнің іштегі жаман ойларын өзі айтып қоймаса,не атқармаса,кешіреді.-деп сүйіншіледі.Осы жерде біз кісі пейілінің күнәға да қаншалықты әсер ететіндігін байқап отырмыз.

4)Жамандықтың жазасы еселенбейді,тек өзіне сәйкес  ғана болады.

Кісі күнә істі істесе,Алла өз әділеттілігімен оны еселемейді.Оның күнәсіне сәйкес ғана жаза қолданылады.Құран аятында; Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды. (Анғам 160)Бірақ кейде бір себептермен күнә еселейтін кездер де болады;Мысалға уақыттың құрметі себебімен;Құранда  -Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер-(Тауба-36)-деп,төрт құрметті айды ерекшелейді.Яғни,осы құрметті айларда жасалған жамандық еселенуі мүмкін екендігін білдіреді.Сондай-ақ,бір мекенннің құрметімен күнәлі іс еселенуі мүмкін.Ол Мекке қаласындағы істеген күнәлі істер.Құранда; -   Шынында қарсы болғандарға, Алланың жолынан сондай-ақ Біз; оның тұрғындарымен шеттен келуші адамдарға тең қылған Месжід Харамнан тосқандарға және кім онда зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа, оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз. (Хаж с 25 ) Кейде бір кісінің Алла алдында құрметі себебімен күнә еселеніп кетеді.Мысалға Алла Елшісі Мұхаммад С.Ғ.С. құрметі. -  Әй Пайғамбардың әйелдері! Сендерден біреу ашық бір үятсыздық істесе, оның азабы екі есе арттырылады. Бұл  Аллаға оңай. (Ахзаб с 30)Жалпылама,осыған ұқсас белгілі бір себептер болмаса,Алла өз әділеттілігімен күнәні еселемейді.

Осы хадистен жалпы шығарылатын түйін,кісі пейілінің маңыздылығы.Кісі өз пейілімен көп нәрсені өзгерте алады.Еті ауырмастан,балтыры сыздамастан таза ниеті үшін,Алла алдында абыройлы болып,Алла сүйген құлға лезде-ақ айналып кете алады.Кейде керісінше теріс пиғылымен,бұрыс ниетімен әжептеуір амал қылған дүниесін бүлдіріп те жібереді.Пейілі үшін таудай сауабының тарыдай салмағы болмастан қиямет күні сормаңдай болып,опық жеп те қалады.Біреу қиямет күні күнәні қылып сорлап жатса,ал біреу ешнәрсе қылмаса да,сол күнәні пейілмен қалағаны үшін-ақ,жүрек ісінің жазасын алады.Қу пейілі үшін алған жазасына дәл сол сияқты ешкім өкінбейтін де шығар.Көп кісі басына келген қасіреттің шешімін сыртқы дүниеден іздейді.Алайда,ол сыртта көріп жатқан қайғы қасіреттерінің шешімі,оны өз ішкі дүниесінде.Алла да аятында;- Қауым өзін өзі өзгертпейінше,біз оны өзгертпейміз-деген қағиданы басты назарға қояды.Сыртқы дүниедегі болып жатқан қандай қасірет болсың,ол ішкі пейілдің бұзылғандығынан пайда болады.Адам ішкі пейілін тазаласа,сыртқы мәселелерінді Алланың өзі пейіліне қарай өзгертеді.Бұл бұлжымас Алланың заңдылығы.

    Атамыз қазақ осы діннің негізгі осы қағидасын түсінгендіктен болар,пейіл,ниет мағынасында ұлағатты өсиеттер қалдырды. «Шығысы жаман қамысты,су ішінен өрт шалар,пейілі жаман кісіні ат үстінде,ит қабар» «Пейілі жаман кісіден көшеді.Өз асын өзі жасырып ішеді» «Адамның ұяты бетінде ,Адамгершілігі ниетінде». «Жақсы ниет - жарым ырыс»  «Асыңа тойғызбасаң да, Ақ ниетіңе тойғыз»  «Су бермегенге, сүт бер, Ақ ниетіңді білсін» «Жүрегінде мұз жатса,күлгеніне сенбегін,Ізгілікті уағыздап,жүргеніне сенбегін» «Жаман-жаман ой келсе,жау көргендей қуала» «Іші таза болмаса, ісі таза болмайды.Құнты пейлі түзелмей, кісі таза болмайды» «Жігіттің де жігітін, ниетінен байқаңдар.Ниеті қалыс жігіттің кеудесінде сайтан бар» т.б

 Аллаға үнемі  «Бәрі алсаң ал  Алла, пейілімді алма»- деп дұға қылып кеткен себебі осыда шығар.Аллаға шүкір,Алла пейілімізге қарай бізге бүгін тәуелсіздікті берді.Жай ғана дербес ел болуды ғана емес,ынтымақты,береке бірлікті,тіпті нәсібеміздің жеңіл келуін дейін бізге нәсіп етті.Әртүрлі дін де,ұлыстарда бір шаңырақтың астында толеранттықты сақтап,өмір сүруді де бұйырды.Мұның бәрі пейілдің арқасында болған құндылықтар.

Алла елімізді тыныш, жұртымызды аман етсін.

Алмас Кенжемолдаев,

Жуалы ауданының бас имамы.

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: