Имам Ағзам Әбу Ханифа, Алла оған разы болсын, тақуалық пен аскетизмнің үлгісі ретінде

Имам Ағзам Әбу Ханифа, Алла оған разы болсын, тақуалық пен аскетизмнің үлгісі ретінде

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Имамның сыртқы келбеті

Имам Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, бойы орташадан ұзындау қараторы адам болған. Ол сымбатты әрі салиқалы келбетімен ерекшеленетін. Ұзын сақалды болатын, әсем киім, сәлде және кебіс киетін. Ол тартымды дауыстың иесі әрі сөзге шешен болатын және жұпар иісті әтірді жиі пайдаланатын. Сол әтірдің иісі арқылы оның келгенін білу қиын емес еді. Ол ерекше арық адам болды. Өйткені, Алла Тағаладан қорыққандықтан және ұзақ уақыт бойы ғибадат жасағандықтан, оның сүйегінде май түгілі, ет те қалмаған еді.

Имамның адамгершілік сипаттары

Әдетте адамның адамгершілік сипаттары иманның жемісі болып табылады, сондай-ақ, иманның, діншілдіктің және Аллаға деген қорқыныштың оның жүрегінде қандай деңгейде орын алғандығын көрсетеді. Иман неғұрлым күшті болса, жүректе соғұрлым нық бекиді әрі оны сәулесімен нұрландырады, сол жанның адамгершілік қасиеттері де соғұрлым жоғары болады. Ал, бұл өз кезегінде өмірдің барлық тұстарына ықпалын тигізеді, себебі, кез келген ыдыстан ішіндегі бар нәрсе ғана төгіледі.

Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, Алла елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, үмбеттің ең ізгілері деп атаған исламның алғашқы үш ғасырындағы ғұламалардың қатарына жатады. Сол себепті, оның Аллаға деген және адамдарға деген қарым-қатынасы жайлы айтқанда, оның біздің ізгі ата-бабаларымыздың ең жақсыларының қатарына жатқандығы таң қаларлық емес.

Біз имам Әбу Ханифаның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, өмірінен, ол туралы айтылған пікірлерден және оның өзінің нақыл сөздерінен мысал келтірудің пайдасы зор деп санаймыз. Өйткені, ол ислам үмбетінің ұлы ғұламасы болуымен қатар, нағыз тақуалықтың, көргенділіктің және аскетизмнің үлгісі болатын.
 
Аллаға құлшылық жасауы

Хафс бин ‘Әбд әр Рахманның былай дегені баяндалады: “Мен Әбу Ханифамен отыз жыл бойы іскерлік қарым-қатынаста болдым. Ол үш күн сайын Құранды хатым ететін және күн сайын садақа тарататын [1]”.

[1] Садақа – адамның өз еркімен дүние-мүлкінен таратуы.

Әл Мууаффақ, Букайр бин Мағруфтың былай дегенін жеткізген: “Мен Әбу Ханифа сапарға шыққанда да, қалада болғанда да қасынан бір елі ажыраған емеспін, оның түнде үйінде немен айналысатынын көретінмін. Оның өмірінің менің назарымнан тыс қалған тұсы саусақпен санарлық. Одан асқан құлшыныспен ғибадат жасайтын адамды кездестірген емеспін! Күндіз ол ораза ұстайтын, ал, түнде намазда тұратын және Құран оқитын. Ол мойынсұнушылығымен ерекшеленетін, Аллаға деген бойұсынушылықтан ешқашан таймайтын. Сондай-ақ, ол адамдардың түсінуіне қиын болған жайттарды үйретіп, білім беруге бар ынтасымен талпынатын. Лайым Алла оны Өзінің үлкен рақымына бөлегей!”

Аллаға құлшылық еткен және Оған бағынған, түні бойы Қасиетті Құранды оқыған және оны өзінің сұхбаттасына айналдырған, Алладан қорыққан және соның бәрін адамдардың назарынан жасырған, ұзақ күндер бойы ораза ұстаған, әкесі оны алғаш рет қажылыққа апарғаннан бастап, жыл сайын қажылық жасаған және күн сайын садақа таратқан имам Әбу Ханифа осындай болатын.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ғұламалардың оның жиі мақтауын асырғаны таң қаларлық жайт емес. Әл Фадль бин Сууайд Куфаға келгенде және адамдар одан Әбу Ханифа туралы сұрағанда, ол былай деген: “Біз көп жағдайда оның қасына еріп жүретінбіз, сондықтан, оның жиі ораза ұстап, түнгі кездері құлшылық жасайтынын көретінбіз”.

Әбу Мукатил былай деген: “Мен Әбу Ханифа сапарда болғанда да, үйінде болған  кезде де оның қасынан бір елі ажырамай жүрдім. Соның нәтижесінде мен Аллаға одан артық дұға қылып, құлшылық жасайтын және де одан артық дінді ұстанған адамды көрген емеспін, фиқһқа келер болсақ, бұл салада одан асқан білімді жанды көрген емеспін”.

‘Ата бин Джабаля былай деген: “Фиқһ мәселелерін бәрінен де жақсы білетін, Алаға бәрінен де артық құлшылық жасап, дұға қылатын, адамдардың арасындағы ең діндар жанның Әбу Ханифа болғандығымен келіспейтін бірде-бір ғұламаны кездестірмедім”.

Бірде Әбу Ханифаның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, түнде Құран оқып отырып, “ …Сондықтан Алла бізге игілік етті де заһарлы азаптан қорғады!” («Тур» сүресі, 27) деген аятқа жетіп, азаншы таң намазының азанын айтқанға дейін осы сөздерді қайталай бергендігі баяндалады. Бір күні ол намаз оқып тұрып, Алла Тағаланың: “ …Әлбетте оларға уәде етілген қиямет, ол; үрейлі, тым ащы бір мезгіл!” («Қамар» сүресі,46) деген сөздерін бір түн бойы қайталап шыққан. Әбу Ханифаның ұлының анасы болып табылатын күңінің былай дегені жеткізілген: “Мен оны танығалы бері, ол ешқашан жайлы төсекте жатқан емес. Жазғы уақытта ұйқыға бесін мен екінті намаздарының арасындағы уақытты бөлетін. Ал, қыста әдетте намаз оқитын жерінде түн кірген уақытта ұйықтайтын”.
 
Имамның тақуалық дәрежесі жайында

Әл Кардари, Йахйа бин Са‘ид әл Қаттанның былай дегенін жеткізген: “Біз Әбу Ханифаның қасында оны тыңдап отырған едік. Алланың атымен ант етейін, оған қарағанда жүзінен Құдіретті әрі Ұлы Алладан қорқатыны байқалып тұрды”.

Сондай-ақ,әл Кардари, Ибн әл Мубарактың былай дегенін жеткізген:

«Куфаға барып, қаланың тұрғындарының арасында фиқһ мәселерін ең жетік білетін кім деп сұрағанымда, адамдар: “Әбу Ханифа”, - деп жауап берді. Содан соң олардың ішіндегі жалған дүниеден өзін бәрінен де жоғары деңгейде аулақ ұстайтын адам кім деп сұрағанымда, олар: "Әбу Ханифа”, - деп жауап берді. Содан кейін діндарлықты ең жоғары деңгейде ұстанатын кім деп сұрағанымда, олар: “Әбу Ханифа”, - деп жауап берді».

Әл Мууаффақ, Мис‘ар бин Қудамның былай дегенін жеткізген:

«Бірде мен Әбу Ханифамен бірге көшеде келе жатқанымда, ол бір кішкентай баланың аяғын байқамай басып кетті. Бала оған: “Уа, шейх, Қиямет күні барлығының ақылары теңестірілетінінен қорықпайсың ба?” – деді. Мұны естіген Әбу Ханифа есінен танып қалды. Мен оның қасында болдым. Есін жиғаннан кейін мен оған: “Уа, Әбу Ханифа, әлгі баланың сөздері сені есеңгіретіп тастады ғой!” – дегенімде, ол: “Оған бұл сөздерді Алла Тағаланың айтқызып тұрғанынан қорқамын”, - деп жауап берді».

Әл Мууаффақ, Ибн әл Мубарактың былай дегенін жеткізген:

«Бірде мен Суфйан әс Сауриге: “Әбу Ханифа үшін өзгелерге тіл тигізу деген сондай жат қылық! Оның тіпті дұшпаны жайлы да жағымсыз сөз айтқанын естіген емеспін”, - дегенімде, ол маған былай деп жауап берді: “Алланың атымен ант етейін, оның өзінің игі амалдарына басқа біреудің билік етіп, сауабын жоюына жол бермейтіндей ақылы жетіп артылады”».

Әл Мууаффақ, ‘Әбд әр Раззақтың былай дегенін жеткізген: “Әбу Ханифаға қай кезде қарасам да, әрдайым оның көзі мен бетінен жастың ізін байқайтынмын”.

Әл Мууаффақ, Дирар бин Сурадтың сөздерін келтіреді. Ол өзі ең абзал жандардың бірі деп есептеген Йазид бин әл Кумайттың былай естігенін жеткізген:

«Әбу Ханифа Алладан қатты қорқатын. Бірде ақшам намазының кезінде азаншы Әли бин әл Хасан “Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте … ” («Зілзәлә» сүресі, 1) деген сүрені оқыды. Сол кезде оның артында Әбу Ханифа тұрған болатын. Намаз аяқталғаннан кейін адамдар тарап кеткен соң, мен орнынан қозғалмай отырған Әбу Ханифаға қарадым. Оның терең ойға шомып, оқтын-оқтын күрсініп отырғанын көрдім де: «Оны алаңдатпайын», - деп кетіп қалдым. Кетіп бара жатып, аз ғана майы қалған шырақты тастап кеттім. Таң атар алдында келсем, ол сақалын ұстап, мына сөздерді айтып тұр екен: “Уа, шаңның тозаңындай жақсылықтың сыйын беретін және шаңның тозаңындай жамандықтың жазасын беретін Раббым, құлың ән Нуғманды оттан және отқа жақындататын нәрселерден қорғай гөр. Оған рақымыңды төге гөр!”. Содан соң мен азан айттым да, шырақтың жанып тұрғанын, ал, Әбу Ханифаның әлі сол орнында тұрғанын көрдім. Ішке кіргенде ол менен: “Шырақты алып кетпекпісің?” – деп сұрады. Мен: “Мен азан шақырып қойдым”, - дедім. Сонда ол: “Көргеніңді ешкімге айтпа”, - деді де, екі рәкағат сүннет намаз оқып алып, мен парыз намазға иқамат айтқанға дейін күтіп отырды. Соңғы рет түн басталғанда дәрет алған [2] Әбу Ханифа парыз намазды бізбен бірге оқыды».

[2]  Бұл жерде Әбу Ханифаның түні бойы дәретті күйде болғаны жайлы айтылып тұр
 
Имамның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, діндарлығы мен дүниеуи нәрселерден бас тарту деңгейі жайында

Әл Мууаффақ, әл Файд бин Мұхаммад әр Раккидің былай дегенін жеткізген:

«Мен Куфаға жол тартып бара жатып, Бағдатта болғанымда, сол жерде Әбу Ханифамен кездестім. Ол маған: “Хаммадты [3] тап та, оған менің сөздерімді айта бар: “Менің бір айда екі дирхамға сауиқ [4] алып жейтінімді білесің ғой. Сен болсаң, оны кешіктіріп жатырсың. Тездетіп жібер”».

[3] Хаммад - Әбу Ханифаның ұлы.

[4] Сауиқ –сапарда пайдаланылатын тез дайындалатын тағам. Оның негізін май, бал немесе құрма қосып қайнатылған бидай немесе арпаның жармасы құрайтын. Оны жемес бұрын сумен жібітетін болған.  

Әл Мууаффақ былай деген: “Бұл Әбу Ханифаның қады лауазымын қабыл алмағандықтан, Бағдатта қамауда отырған кезі болуы керек [5]. Ол шынайы діндар болғандықтан, халифтің оған жіберіп тұрған асынан бас тартты. Сөйтіп, оған Куфадан тамақ жіберіп тұруларын өтінді”.

[5] Әбу Ханифа үзілді-кесілді бас тартқан бұл қызметті оған халиф әл Мансұр (754-775) ұсынған болатын.  

Әл Мууаффақ Әбу Ханифаның тауармен қамтамасыз етіп отырған серігі Хафс бин ‘Әбд әр Рахманның әңгімесін келтіреді. Хафс бір күні Әбу Ханифаның оған тауарды жіберіп, бір киімнің кемшін тұсы бар екенін ескертіп, оның қандай кемшілік екенін айтқан. Егер Хафс сол киімді сатып жатса, сатып алушыларға сол жайлы ескертуін  бұйырған. Хафс тауарды сатқан, бірақ, әлгі кемшіліктерді көрсетуді ұмытып кетіп, сол киімді сатып алған адамға ештеңе айтпаған. Әбу Ханифа мұны естігенде түскен ақшаның бәрін садақа ретінде таратып жіберген. Ал, ол сома отыз мың дирхемді құрайтын.

Шейх Мансұр бин Шайба былай деген: “Имамның, Алла оған разы болсын, құндылықтары жайлы айтар болсақ, оның әкесі Сәбит қайтыс болғанда, ұлына мал-мүлікпен қоса екі жүз мың дирхем мұра қалдырып кеткен. Имам соның бәрін ілім іздеуге және шәкірттеріне жұмсаған. Ал, өзіне айына екі дирхемге ғана тамақ алып отырған”.

Сондай-ақ, Шейх Мансұр бин Шайба, Сахль бин Музахимнің былай дегенін жеткізген: “Біз Әбу Ханифаның үйіне жиі баратынбыз. Бірақ, оның үйінен қамыстан тоқылған төсеніштен басқа ештеңе көрмейтінбіз”.
 
Имамның адамдармен қарым-қатынасы жайында.

Имам әл Халяби, Ахмад әл ‘Аскари және әс Саймари, Мис‘ардың былай дегенін баяндайды: “Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, балаларына бірдеңе алғанда немесе оған алғашқы жеміс-жидектерді әкелгенде, ол әрдайым сол нәрселерден мухаддистердің қатарына жататын шейхтерге де алатын. Оның үстіне, балалары мен өзіне қарағанда соларға көбірек шығынданатын. Сондай-ақ, ол сауда-саттық істерінде және адамдармен арақатынасында үнемі кең пейілдік танытатын”.

Хафиз әс Сулами былай деген:

«
Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, сауда-саттықпен айналысатын. Ал, жылдың соңында ақша жинағанда түскен кіріске мухаддистердің мұқтаж болған нәрселерені алып, қалған дирхемдерді де соларға беретін».

Әбу Йусуфтың, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай дегені баяндалады:

«Мен Әбу Ханифадан асқан қолы ашық адамды кездестірген емеспін. Өзіне де: «Сенен асқан жомарт жанды көрген емеспін», - деп жиі айтатынмын. Сонда ол: “Хаммадты көрсең, не дер едің?” – дейтін. Әбу Ханифа менің өзімді және отбасымды он жыл бойы асырады. Бір адамның бойынан соншама жақсы қасиеттің табылғанын бұрын-соңды көрген емеспін».
 
Имамның адамдарға деген ақ пейілі мен мейірімі

Адамдарға деген риясыз қарым-қатынас оларға жақсылық тілеуден байқалады. Имамның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, өмірі дәл сондай қарым-қатынастың үлгісі бола білді. Өйткені, ол әрдайым барлық адамдарға жақсылық тілейтін. Оның өзінің кедей шәкірттеріне көптеген жылдар бойы өз қаражатын шығындап, оларға мейірімділік танытқанына қатысты, өзінің шейхтеріне және олардың ішіндегі мухаддистерге қандай құрмет көрсеткеніне қатысты мысал келтірдік. Сол үшін имам олардан Алла Тағаланың өдеріне имам арқылы берген ризығы үшін Оған алғыс білдірулерін ғана талап етті. Сонымен қатар, оның барлық жиналыстары құлшылыққа, жаңа ілім алуға және де өткенді қайталауға арналғанын, сондай-ақ, әлдекім ол туралы жаман сөздер айтса да, оның ешкімді ғайбаттап, ренжітіп көрмегені жайында баяндадық.

Осы айтылғандарды ескерер болсақ, имамның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, осы қасиеттері үшін ең алдыңғы қатарлы ғұламалардың мақтауына ие болғаны таң қаларлық емес. Олар оны екінің бірінде кездесе бермейтін мейірімділіктің, ақ пейілдің және діндарлықтың иесі деп сипаттаған. Бұл -Алла Тағаланың Өзі қалаған жанға түсіретін рақымы.

Са‘дан бин Са‘идтың былай дегені баяндалады: “Әбу Ханифа осы қауымның емшісі болатын. Себебі, надандық - ең жаман дерт, ал, білім ең жақсы шипа болып табылады. Әбу Ханифа сол білімге түпкілікті талдау жасады. Соның арқасында надандық жойылды”.

Уалид бин әл Касимнің былай дегені баяндалады: “Ән Нуғман бин Сабит өзінің ізбасарларына асқан қамқорлықпен қарайтын және басқа адамдардан олардың тұрмыс-тіршіліктері жайлы құпия түрде сұрастырып жүретін. Егер солардың бірі әлденеге мұқтаж болса, имам оған жәрдем беретін, егер олардың немесе жақындарының бірі сырқаттанса, науқастың көңілін сұрауға баратын, егер олардың немесе жақындарының бірі қаза болса, оның жаназасына баратын, ал, егер оның ізбасарларының бірі қиындыққа тап болса, жомарттығымен ерекшеленген әрі адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған имам оған мейлінше көмектесуге тырысатын”.

Хафс бин Хамза әл Курашидің былай дегені баяндалады: “Кейде Әбу Ханифаның қасынан өтіп бара жатқан адам ешқандай мақсатты көздеместен, әңгімеге де араласпастан, тек оның жанына отыратын. Ал, ол орнынан тұрып, кетуге бет алғанда, имам одан кім екенін, хал-жағдайын сұрайтын. Егер ол бірдеңеге мұқтаж болса, Әбу Ханифа оған әлдеқандай сыйлық беретін. Ал, егер ол науқастанып қалса, халін білуге баратын. Бұл сол адамның имаммен арақатынасты үзбей араласып тұруына түрткі болатын. Имам болса, өзінің таныстарына ерекше жомарттық танытатын”. Әл Хасан бин Сүлейман былай деген: “Имам қолы ашықтығымен ерекшеленетін. Ол сияқты адамды кездестірген емеспін. Ол ай сайын ізбасарларына өздерін асырауға жетерліктей қаражат беріп тұратын және оларға қашанда қолдау көрсететін”.
 
Имамның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, сабырлығы мен момындығы

Сабыр дегеніміз – нәпсіңе ұнамайтынына қарамастан, өз-өзіңді тежеу болып табылады. Ал, имам Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, адамдарға білім беріп, тура жол көрсету кезінде нендей сабырдың үлгісін көрсете білді десеңізші!

Әз Захаби өзінің кітабының имам Әбу Ханифаға, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, арналған бөлімінде ‘Әбд әр Раззақтың былай дегенін баяндайды:

«Мен бұрын-соңды Әбу Ханифадан асқан момын адамды кездестірген емеспін. Бірде ол екеуміз әл Хайфа мешітінде отырғанда біреу оған сұрақ қойды. Имам оған жауап берді. Сонда әлгі адам: “Ал, әл Хасан әл Басри былай және былай дейді”, - деп айтып берді. Оған Әбу Ханифа: “Әл Хасан қателеседі”, - деді. Содан кейін имамға қызыл шырайлы біреу келіп, әл Хасанның қатесін айтқаны үшін оған қатты тіл тигізді. Адамдар сол үшін оның сазайын бермекші болғанда, Әбу Ханифа: “Мен әл Хасан қателесті дедім. Ал, Ибн Масғуд дұрыс айтады”, - деді».

Мұхаммад бин Суляйм, Йазид бин Кумайттың былай дегенін баяндаған Уукай‘аның сөздерін келтіреді:

«Бірде мен Әбу Ханифаны тыңдап отырғанымда біреу: «Өй, кәпір, өй, дінбұзар!» - деп, имамды балағаттай бастады. Оған Әбу Ханифа былай деп жауап берді: “Мен жайлы сен айтқан нәрселерден мүлде басқаны білетін Алла сені кешірсін”».

Әбу Йусуфтың, оған Алла Тағаланың рақымы болсын,былай дегені баяндалады:

«Бір күні мен Әбу Ханифаның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, үйіне бардым да, айналасына жиналған басқа да адамдардың қастарына отырдым. Біраздан кейін бір адам келіп, Әбу Ханифаның жер жебіріне жетіп, тіл тигізе бастады. Әбу Ханифа болса, кідірмей, ары қарай сөйлей берді, ол адамның сөздеріне мән де бермеді. Сол жерде отырған адамдар да оған ләм-мим деп ауыз ашпады. Бұл жағдай Әбу Ханифа сөзін аяқтап, үйіне кіру үшін орнынан тұрғанша жалғасты. Ол үйінің есігінің алдына барғаннан кейін әлгі адамға қарады да, былай деді: “Мен үйіме кіргелі тұрмын. Тағы бірдеңе айтқың келсе, айта бер. Айта алмай, ішіңде қалмасын”. Сол кезде әлгі адам ұялғаннан Әбу Ханифадан: “Кешір мені!” – деп кешірім сұрады. Әбу Ханифа: “Кешірімімді алдың”, - деді».

Йазид бин әл Кумайттың былай дегені баяндалады:

«Әбу Ханифа біреумен бір мәселеге байланысты сөз таластырып жатқанда сол адамның: “Өй, дінбұзар, кәпір!” – дегенін естідім. Оған имам былай деп жауап берді: “Алла сені кешіргей! Мен жайлы сен айтқан сөздерге мүлде қарама-қайшы шындық Аллаға аян. Оны танығалы бері, мен Оған ешкімді теңестірген емеспін, Оның кешірімінен басқа ештеңені қалаған емеспін және Оның жазасынан басқа ештеңеден қорыққан емеспін”. Ол жаза жайлы айтқанда жылап жіберді де, жабырқап қалды. Содан соң ол өз-өзіне келгеннен кейін әлгі адам оған: “Кешір мені!” – деп ғафу өтінді. Оған имам: “Мен жайлы шындыққа жанаспайтын нәрселерді айтқан әрбір надан адамды кешіруге болады. Бірақ, мен жайлы мұндай сөздерді білімді адам айтса, күнәға батады. Өйткені, расында, ғұламаға тіл тигізудің салдары жаман болады!” – деп жауап берді.
 
Имамның әке-шешесіне деген құрметі

Имам Әбу Ханифаның әке-шешесіне құрметпен қарағандығына оның солар үшін Аллаға дұға қылып, кешірім сұрағаны және шейхі Хаммад үшін де жарылқау тілегені, сондай-ақ ай сайын солардың атынан жиырма динар садақа беріп тұрғаны дәлел бола алады.

Әбу Ханифаның анасы әкесінен әлдеқайда ұзақ өмір сүрді. Имамның анасына деген ілтипатына әл Кардаридің хабарламасы куә бола алады. Ол Хаджар бин ‘Әбд әл Джаббар әл Хадрамидің былай дегенін жеткізген:

«Имам былай деді: “Біздің мешіттің жанында Зур’а есімді дастаншы тұратын. Бірде анам дін жайында бірдеңе білгісі келіп, менен сұрады. Мен оған жауап бердім. Алайда, ол: “ Зур’аның жауабын естісем ғана көңілім тыншиды”, - деді. Сонда мен оны Зур’аға апардым да: “Мынадай және мынадай мәселеге байланысты анам сенің пікіріңді білгісі келеді”, - дедім. Ол анама дәл менің айтқандарымды айтты. Сөйтіп, анамның көңілі орнына түсті”».

Әс Саймари имамның былай дегенін естіген әл Хасанның сөздерін жеткізеді:

«Мені сабағанда анамның қиналғанын көріп, жүрегім ауырды, мен үшін одан асқан қасірет болған емес. Сол кезде анам маған: “Әй, Нуғман, расында, сені осы халге жеткізген білімнен қашқаның жөн”, - деді. Ал, мен оған: “Мен бұл білімді Алла үшін алдым, бұл дүние үшін емес”, - деп жауап бердім».

Имам анасынан бұрын дүние салған болуы керек. Алла Тағала имам мен оның әке-шешесін Өзінің рақымына бөлегей және оларға разы болғай.
 
Имамның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, қазасы

Әл Мууаффақ, Әбу Йусуфтың былай дегенін жеткізген: “Әбу Ханифа, оған Алланың рақымы болсын, хижра бойынша 150 жылдың шәууал айының ортасында қайтыс болды” (70 жасында).

Әл Мууаффақ, Әбу Хаййан әз Зийадидің былай дегенін жеткізген: “Маған мынадай хабар жетті. Әбу Ханифа, оған Алланың рақымы болсын, ажалының жақындағанын сезгенде сәждеге барған. Сол кезде оның жаны тәнін тәрк еткен”.

Имамды ақтық сапарға шығарып салуға көптеген халық жиналғандығы баяндалады. Олардың саны елу мыңға жеткен.
 
Имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, құнды сөздері

Зуфар бин әл Хузайл имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, былай дегенін жеткізген: “ Алла Тағала харам еткен нәрселерден бойын аулақ ұстауға және Аллаға құлақ асудан сақтануға алған білімінің пайдасы тимейтіндер залал шеккендердің қатарына жатады”.

Ибн әл Мубарак, имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, былай дегенін жеткзіген: “Уақытынан бұрын басымдылыққа ұмтылатын адам өмір бойы жеккөрінішті болады”.

Әбу Шихаб әл Ханнат, имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, былай дегенін жеткізген: “Осы дүние үшін ілім алған адам ілімнің берекесінен айрылады. Ілім оның жүрегінде нық бекімейді және ешкімге пайда әкелмейді. Ал, дін үшін ілім алған адамға ол білім берекелі болады және жүрегінде орнығады, одан білім алғандар оның ілімінен пайдаға кенеледі ”.  

Раджа’ әл Харауи имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, былай дегенін жеткізген: Хадистердің мағынасын түсінуге талпынбай,  оларды үйренуге ұмтылатын адам дәрілерді жинайтын, бірақ, дәрігер келмейінше, олардың не үшін қажет екенінен хабарсыз күйде болатын дәріхана қызметкері секілді. Хадистерді үйренуге талпынатын, бірақ, факих келмейінше олардың мағынасын түсіне алмайтын адам жайлы да осылай айтуға болады”.

Әбу Йусуф имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, былай дегенін жеткізген: «Алла Тағаланың одан: «Сен қалай ғана Алла Тағаланың дініне қатысты пәтуа бердің?» - деп сұрайтынын ойламастан, ілім туралы сөз қозғағаны – ол адамның өз-өзіне де, дініне де немқұрайлы қарағаны?».

Мұхаммад әл Уабридің былай дегені баяндалады:  

«Бірде ‘Иса бин Мұса имамнан былай деп сұрады: “Уа, Әбу Ханифа, неге сен де басқа адамдармен бірге біздің үйге келмейсің?”. Оған имам, оған Алланың рақымы болсын, былай деді: “Өйткені, егер сен мені өзіңе жақындатсаң, мені азғырасың, ал, егер мені өзіңнен алыстатсаң, көңіліме қаяу саласың. Сенде маған керек нәрсе жоқ, ал, менде сен болмасаң жоғалтып аламын деп қорқатындай ештеңе жоқ. Саған келетіндер сенің арқаңда сенен басқа ешкімге мұқтаж болмас үшін келеді. Ал, мен сені байытқан Раббымның арқасында байыдым. Сонда басқа адамдармен бірге сенің үйіңе барып қайтем?”. Содан соң ол мына өлеңді оқып берді:

Артынан өкініп, опық жегізетін
Рахатқа толы өмірден гөрі
Қатқан нан жеп, қара су ішіп,
Жыртық киіммен жүргенім артық».

Йазид бин әл Кумайттың былай дегені баяндалады:

«Бірде имам біреумен сөз таластырып отырғанда, әлгі адам: “Алладан қорықсаңшы!” – деді. Бұл сөздерді естіген имамның жүзі түнеріп, қалтырап, басын салбыратып, былай деді: “Әй, менің бауырым, Алла сені игілікке бөлегей! Адамдар ілім жайлы айтып жатқанда, масаттанып, өз-өздеріне сүйсініп кететін сәттерде оларға барлық амалдарды Алла разылығы үшін жасау керектігін ескертіп, Алла Тағаланы есіне салатын жандар қажет. Мен ілімге қатысты қандай сөз айтсам да, Алланың алдында жауап беретінімді әрдайым қаперімде тұтатынмын және қашанда құтылуға талпынатынмын!”».

Бакр бин Джафардың былай дегені баяндалады:

«
Кейде Әбу Ханифаға, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, біреу келіп, бірдеңе айта бастайтын. Егер ол тым артық сөйлеп кетсе, имам: “Доғар енді. Мынаны және мынаны не үшін айтып тұрсың?” – деп, сөзін бөлетін. Сондай-ақ, имам жиі былай дейтін: “Адамдарға ұнамайтын нәрселерден ары қарай жеткізбеңдер! Біз жайлы жаман сөз айтқандарды Алла кешіргей, біз жайлы жақсы сөз айтқандарды Алла рақымына бөлегей! Алланың дінін үйреніңдер және адамдар мен олардың өздері үшін айналысып жатқан нәрселерін жөніне қойыңдар. Өйткені, бұл олардың сендерге мұқтаж болуына себеп болады”».
 
Имамның мәзһабының таралуы

Имам, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, білім алу және оны өзгелерге жеткізу кезінде Алланың алдында адал болып қала берді. Ол Алла Тағаланың разылығы үшін ғана әрдайым және барлық жерде адамдарға фиқһті үйретумен болды. Біз Алла Тағаланың оның өмірі мен еңбегіне қаншалықты береке бергенін көрдік. Өйткені, ілім іздеушілер мен фиқһ саласындағы ілімін жетілдіргісі келгендер жан-жақтан ат артып келіп, одан білім алып жатты. Содан соң туған жерлеріне оралып, алған білімдерін өзгелерге үйретті. Соның арқасында имам Әбу Ханифаның мәзһабы Куфадан бастап, Ирак, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Қытай, Жапония, Түркістан, Шам, Мысыр, Мағриб және Андалусия аймағына бейнебір жарқыраған сәуледей тарап, бүкіл Еуропа аймағында да, дәлірек айтсақ, Кавказда, Қырымда, Польшада, Румынияда, Болгарияда, Австрияда, Түркияда, Грецияда, Югославияда және Албанияда қанатын кең жайды. Соның нәтижесінде Алла Тағалаға ханафи мәзһабының үкімдеріне сәйкес ғибадат жасайтын адамдардың санын жалпы мұсылмандардың жартысынан астам бөлігін құрады. Сондай-ақ, бұл мәзһабты Халифатта және басқа да мемлекеттерде ұстанған. Аббасидтер халифатында ханафи мәзһабы Харун әр Рашидтің басқару кезеңінен бастап ресми түрде танылды. Содан кейін ол селжұқтар мен газневидтердің мемлекетінде және Еуропа аймағында алты жүз жыл бойы дәурені жүрген Осман империясында да ресми мәзһаб дәрежесіне ие болды. Ханафи мәзһабының кейбір үкімдері қазіргі кезде де Мысырда, Сирияда, Иорданияда, Иракта, Ливанда және басқа да елдерде пәтуа шығаруда және сот ісінде пайдаланылады. Алла Тағала қаласа, бұл мәзһабтың сәулесі бірте-бірте құқықтану мен мемлекеттік басқарудың жаңа тараптарын қамтып, ары қарай да тарай бермек.

Алла Тағаладан Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, оның сахабаларының, Алла оларға разы болсын, және оның ізгі ізбасарларының, олардың баршасына Алланың рақымы болсын, жолымен жүру үшін бізге тауфиқ беруін сұраймыз және бізді олардың игілікті қасиеттерінің ізбасарлары етіп, олардың білімінен және оларға деген махаббаттан пайдаға кенелтіп, Қиямет Күні бізді солардың туының астында қайта тірілтуін сұраймыз. Әмин!
 
Материал «Әбу Ханифа» кітабының негізінде дайындалған, Ибрагим Бин Абдуль Азиз Әл Ибрагим.


____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: