Жуалы өңігіндегі Қосбөлтек және Көктөбе атты екі ауылдың ортасында «Ән-Нұр» мешіті өз жұмысын бастады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ауылда кеңестік кезеңде салынған кішігірім ғимарат мешіт етіп өзгертіліп, жамағат рухани қажетін сонда өтейтін. Осыдан үш жыл бұрын бір жиында «ауылға не керек?» деген әңгіме болғанда, көпшілік бір ауыздан мешіттің ойсырап тұрғанын айтқан-ды. Осы әңгіме ауылдан шыққан кәсіпкер Өкімбайқызы Раушан Үсенованың ұлы Еркебұланға жетіп, ол мешіттің құрылысын бастап беруге уәде етеді.
Міне, содан бері арада өткен 2017-2020 үш жылда мешіт құрылысы тынбай жүргізіліп, көз тартар, ауылға көрік берер келбетті ғимаратқа айналды.
Күндердің сұлтаны болған жұма күні Қосбөлтек ауылы және Көктөбе ауылы, екі ауылға қарасты орта жолда «Ән-Нұр» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы бас имамы, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев, ауыл молдалары мен тұрғындар қатысты.
Жалпы, төрт мұнаралы мешітті салуға бүкіл ауыл болып атсалысыпты. Жүк көлігі, тракторлары барлар жерін тегістеп, құмын, тасын әкелуге жәрдемдессе, жанындағы қосалқы ғимараттарды тұрғызуға ауылдың азаматтары жұмылып, үлесін қосқан.
Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев құттықтау сөзінде: "Осынау сәулетті, еңселі ғимарат ендігіде Құдай деген жанға құшағын ашатын, әр мереке, әр жұма сайын елдің басы қосылатын ордаға айналатынын көрсетті" - деп атап өтті.
Ауыл, аудан тұрғындары мен әр өңірден келген қонақтардың қатысуымен болған мерекеде санитариялық талаптардың сақталуына да мән берілді. Ашылуы қасиетті күнге туралап, жиылған жұртпен бірге ара қашықтық талаптарын сақтай отырып, мешіт ақысы нәпіл намазын оқыған облыстың бас имамы бұл ашылған мешіттің аудандағы 27-ші, ал облыста 311-ші мешіт екенін, бүкіл ел үшін, мемлекетіміз үшін зор қуаныш екенін айтты.
Сондай-ақ, мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, ауылдың сәні екені сөзсіз. Сондықтан да айшықты үйдің сәулеті де тартымды болу керек. Айталық, Қосбөлтек ауылындағы атшаптырым жерді алып жатқан мешіттің айналасына раушан гүлдермен көгалдандырылған, бақшасына 450 түп жеміс ағаштары отырғызылған.
Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев мешітте жастар тәрбиесіне, оларға арналған уағыз-насихатқа көп мән берілетін болады. Дін мен халықты жақындату, жасөсіпірімдердің жат ағымдарға ілесіп кетпеуіне ықпал етудің бірден біржолы да осы болса керек.
Шара барысында мешіттің салынуына ұйытқы болған, марқұм Еркебұлан Кәдірханұлының рухына Құран бағышталып, оның артына ілесіп келе жатқан бауыры Елжанға ауыл тұрғындарының атынан ат мінгізіліп, әке-шешесі Керімжанұлы Кәдірхан мен Өкімбайқызы Раушанға қазақы дәстүрмен шапан мен қамзол кигізілді.
Мешіттің таспасы салтанатты жағдайда қиылып, апалар тәттіден мол шашу шашып, ақсақалдар баталарын берді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі