Бүкіл әлемге төнген пандемия талай іске тұсау салса да, ғаламторға тосқауыл бола алмасы анық. Көптеген жұмыс, оқу орындары, тіпті жиындар да онлайнға көшті. Осындай бір онлайн ауқымды шара елімізде тұңғыш рет өткелі отыр.
ІV республикалық азаншылар жарысына қатысатын үміткерлерді анықтау үшін Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұйымдастыруымен "Әдемі әуезді азаншы" атты іріктеу сайысы өтті. Өңір бойынша азанымен адам жанын елітер сынға 11 үміткер қатыстысты.
Ал төрелік еткен әділ қазылар алқасы құрамында төраға - Жамбыл облысы бойынша бас имамы Б.Ә.Мырзагелдиев, комиссия мүшелері: "Һибатулла Тарази" мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы және Амиров Абдижаппар, орталық мешіттің ұстазы Мұрат Нұрлан болды.
Сайыс нәтижесі бойынша комиссия мүшелерінің шешімімен ІV республикалық азаншылар сайысына "Һибатулла Тарази" мешітінің азаншысы Жұбатқанов Жалғасбай жолдама алды.
Ал 2-орынды Қордай аудандық мешітінің найб имамы Солтанбек Нұрбол иеленсе, 3-орын Жамбыл ауданы, "Бәйдібек" мешітінің найб имамы Серік Нұргелдіге бұйырды.
Алла жерлесімізге алдағы үлкен додада жүзден жүрік атанып, оза шығуды нәсіп етсін.
Алланың Елшісі (с.а.у.) айтады: «Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі. Оған берілетін сауап онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі».
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі