«Әулие Валентин» немесе ақпандағы шайтанның қақпаны

«Әулие Валентин» немесе ақпандағы шайтанның қақпаны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақпан айының кірісімен-ақ дүкеншелер мен базарлар қызыл-сары жүрекшелерге, «Қасиетті Валентин күніне» арналған ашық хаттармен басқа да түрлі-түсті заттарға толып қалатынына да көз үйренді. Алайда, иман ұялаған жүрек бұған қынжылмай тұра алмайды. Бұл жасанды мерекенің мұсылман халықтарына, соның ішінде қазаққа қаншалықты жақындығы және қажеттілігі бар еді деген ой - ақылды адамды бейжай қалдырмайтыны да шындық. Жастарымыз сауықшыл ма, әлде өзіміздің той-томалаққа әуестігімізден бе — әйтеуір жасөспірімдер арасында кеңінен қолдау тапқан осы бір күн қазақтың даласына жайылып, баласына ұнай бастады.

Оқу орындарында сезім білдірген хаттарды салатын арнайы жәшіктер күні бұрын ілініп,  өз сезімін осы жолмен білдірушілердің қолдауына ие болғанының куәсі болып жүрміз. Бұл күндері базарға бара қалсаң да, жүрек пішінді қатырма қағаздардың  сан түрі мен көптігінен көзің ауырады. Оның болашақ иегерлері де сол – жастар мен жасөспірімдер.«Валентин күнін» тойлау дәстүрі жартылай шын, жартылай жалған деректерге негізделген.

Дегенмен бүгінгі біздің қоғамымызда бұл күн адамдар бір-біріне деген құмарлығын «сезім» деген құлаққа жағымды сөзбен бүркеп, ашық әрі белсенді түрде жариялайтын, ерлер мен әйелдер, жігіттер мен қыздар ел арасынан өздеріне жаңа серіктер мен жолдастар таңдайтын, сондай-ақ өзіне ұнайтын біреуге сезім құштарлығы жайлы жазып, бір-біріне әр түрлі сыйлық сыйлайтын мерекеге де айналды.

Алайда бұл түрлі-түсті етіп сәнделген көңіл көтеру Исламның қағидаларымен де, ата-бабаларымыз насихаттап келген адамгершілік құндылықтарымен де үйлеспейтіні айдай ақиқат. Санасы ояу ата-аналар бұл мереке жақындаған сайын қынжылады. Өйткені олар өз балаларының түпкі негізі ар-ұжданға және әдептілікке қайшы келетін жеңілтек сезімге беріліп көңіл көтеруін және тәрбиелік мәні мүлдем жоқ осындай арсыздықты насихаттайтын мерекелерге қатысуын қаламайды. Өйткені мұсылман адам махаббат сезімін біреуге білдіру ісіне жеңілтек қарамайды, ол өзінің жүректен шығатын ыстық сезімін болашақта отбасын құруға, және де өзінің адал жарына сақтап жүруі тиіс. Атам қазақ өңі түгіл түсінде көрмеген «қасиетсіз Валентин күнін» жылда осылай дүркіретіп өткізіп, қазақтың кім көрінгенге қолдана бермейтін «қасиетті» деген сөзін қайдағы бір Валентинге апарып таңа салатындай  ол кім еді?!Енді Валентин күнінің шығу тарихына көз жүгіртсек, бұл мереке ежелгі көпқұдайшыл Рим қауымынан бастау алады екен. Римдіктерде 14 ақпан күні тойланатын өздері ойлап шығарған барлық құдайлардың ханшайымы - жер құдайына арналған мереке бар болатын.

Ал 15 ақпан күні олар шопандар мен үй жануарларының қамқоршысы деп саналатын пұттарға арнап, тағы бір мерекені атап өтетін еді.Осы мерекелер барысында орындалатын бір рәсім мына төмендегідей екен: әйелдер өз аттары жазылған қағазды бір қораптың ішіне тастайтын. Әрбір еркек келіп қорапқа қолын сұғып аты жазылған қағазды тартып шығарады да, өзіне бір мерекелік серік таңдап алады екен. Бұл рәсім ұрпақ жалғастыру, яғни ұятсыздық мәнге ие болған.  Алайда, қазіргі «мереке» «әулие Валентин күні» деп аталу себебін мынаған байланыстырады: христиан дінінің алғашқы тараған жылдарында Валентин есімді бірнеше христиан дінінің қызметкері болған көрінеді. Солардың бірі Рим императоры Клавдий ІІ тұсында өмір сүрген дейді.

Сол Клавдий ІІ-нің тұсында жас жігіттер әскери қызметтен бас тарту үшін, үйленіп алатын. Жас жігіттер мұндай айлакерлікке бармас үшін, ол әскерден бұрын үйленуге тыйым салады. Ал Валентин есімді поп оларды құпия түрде некелестіріп отырды. 14 ақпан күні билікке қарсы шыққан Валентиннің басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы христиан дінін қабылдаған Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялады. Сөйтіп көпқұдайшылардың мерекесі христиан мерекесіне айналды. Уақыт өте бұл мереке рәсімдері біршама өзгерді.

Енді қораптың ішінен қыздардың аты жазылған қағаздарды емес, «әулиелердің» аты жазылған қағаздарды тарту дәстүрі енгізілді. Өйткені христиан діні де ұятсыздық мазмұны бар мерекелерді қолдамады. Осылай 14 ғасырға дейін жалғасып келді. 14 ғасырда Еуропада Қайта өрлеу басталған шақта, шіркеудің ықпалы әлсіреп, бұл мерекенің ұятсыздық сипаты қайта қалпына келді. Қайтадан құмарлылықты, ынтызар мен шәһуатты қоздыратын ішімдіктер мен өзге де рәміздер кең таралып кетті. 

Осы орайда өздерін мұсылман санайтын басқа ата-аналар да түгелімен коммерциялық сипатқа ие болып кеткен осы «мерекенің» рәміздері болған – ашық хаттарға, сувернирлерге бостан-босқа ақша шашудың орнына бұл жалған салтанаттың өз балаларының рухани дүниесіне қаншалықты кері әсерін тигізетіні туралы ойланса, абзал болар еді. Ойланып қарасақ, бұның астарында адам мен қоғамды аздыруға, рухани және ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған жүйелі тәсіл жатқанын анық байқаймыз. Өкінішке орай, қоғамымыз мұны үн қатпай қабылдап, бойына сіңіріп үлгерді. Бұл тәсіл адамның достық, махаббат деген ұғымдарға жеңіл-желпі қарауынан туындайтын болашақ отбасылық өмірінің құлдырап бұзылуына соқтыруы мүмкін.

Бұл күні жігіттер қыздарға, тіпті үйлі-жайлы ер азаматтар қызметтес қоластындағы қыз-қырқынға, келіншектерге сыйлық ұсынып жататынын байқап қаламыз. Мұның арты жақсылықпен аяқталмайды, зинаға апарады  Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресінде: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол – арсыздық және жаман жол»,-деп зинаға дейінгі әр түрлі әрекеттерден аулақ болуды бұйырады. Ғұлама имам Ахмад: «Адам өлтіруден кейін зинадан гөрі үлкен күнәні білмеймін»,- деген .Кейбір ер адамдардың әйелімен ұжымдас болған бөтен еркектердің оның әйеліне осындай ашық хаттарды сыйлағанға немқұрайлы қараулары, әкелердің өз қыздарының тәрбиесіне немқұрайлы қарауы,  мұсылмандық іс емес. Бұл тұста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с), «Әйелін бөгде еркектерден қызғанбайтын еркек жәннәттің иісін де сезбейді!» деп ескерткенін еске салған жөн. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз(с.ғ.с), «Үш адам жаннатқа кірмейді: ата-анасының қарғысына ұшырағандар, "дайюс" (әйелін, қарындасы, анасын әрі туыс қарындас әпкелерін қызғанбайтын еркек) және өзін еркекке ұқсатқан әйел» - деген.

Адамдар өздерінің білімсіздігінің нәтижесінде еліктеушілікке бой алдыруда.Осы жайлы  ептеп айтсаңыз, айтатын сылтаулары: «тек мен емес, бәрі де солай жасайды» деп, ақталады. Көпшіліктен яғни қоғамнан бөлектеніп қалудан қорқады.  Нәтижесінде  «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мақалдар күшіне енуде. Осындайда Л.Н.Толстойдың: «Үлкен апаттарға апаратын қарапайым жол «бәрі де солай жасайды ғой» деген сөз» дегені ойға оралады . Ақыр соңында моп-момын қаракөз жастар көшелерде немесе жастар көп жиналатын саябақтарда сүйісуден жарысатын жағдайға жетті. Өкінішке қарай, бүгіндері ғаламтор беттерінде «Валентин күнін» қалай өткізуге болатынын үйрететін арнайы сайттар пайда болды. Ал енді сау ақылға салып, бір сәт ойланып көрейікші, «Валентин» деп аталатын түнде қаншама қаршадай қыздардың көз жасы төгілуде. Қанша ата-ана зар илеп қалды. Қаншама жас ойнақтап жүріп от басады. Талай бойжеткеннен ұят сезімі кетеді.

Осы бізге керек пе? Мұнымен қанша жерге ұзамақпыз? Валентин күні жай ғана «оның ешқандай зияны жоқ» деп айта салатын мереке емес. Тіптен олай емес! Егер сенбесеңіздер, жақын жердегі «валентинка» сататын орынға барып көріңіз! Ол жерде сіз жай қарапайым ғана деп санап жүрген «Мен сені сүйемін!» деген ашық хаттар  ғана емес, ұятсыздық сипаты бетіне шығып тұрған, ұяттан жұрдай «Ты мой, я - твоя!», «Мой страстный!», «Я помню первый поцелуй!», «Зайчик мой!», «Я не забуду наше первое свидание!» сияқты және соларға ұқсас мәтіндегі ашық хаттарды таба аласыз.

Ал оларды бір-біріне сыйлап жатқан - мына біздің бауыр етіміз болған балаларымыз, намысымыздың бір бөлігі болуға тиіс әпке-қарындастарымыз, оларды арам пиғылдардағылардың қиянатынан бізді қорғауға тиісті болған аға-інілеріміз. Абай атамыздың он төртінші қара сөзінде былай дегені есімізден шыққаны ма:  «Құдайға терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?»  Бұл сөзде Құдайға терістік пен қатар ар мен ұятқа терістік аталған. Алғашында қыз бен жігіттің тіл табысуына таптырмас жол секілді көрінгенімен, бұл мерекелердің бізге жақсылық әкелмегені бүгін көрер көзге байқалып отыр.

Керісінше, жатқа еліктеушіліктің салдарынан небір әдепсіздікті мәдениет деп санайтындар бүгінде жоқ емес. Осылайша, ғасырлар бойы ең қасиетті құндылығымыз саналып келген ар мен ұяттың бет пердесі жыл санап ашыла берді.Бірақ, махаббат деген тек қана екі жыныс арасындағы ынтықтық деп түсінетіндер қатты қателеседі. Сонда махаббаттың басқа қандай түрі болуы мүмкін! Мұсылман адамының махабаты қай арнада болуы тиіс?Ең  алдымен махаббат Алла Тағалаға арналуы қажет. Бұны дөп басып айта білген Абай атамызға Алланың рахымы болсын.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті – демеп пе еді.

Расында бізді, есі бар адам етіп жаратқан, әр сәтте жұтқан ауамыз бен толып жатқан нығметтерін толассыз беріп жатқан жаратушымыз Алла Тағаланы шексіз сүю шынайы махаббат емес пе?!. Ал албырттықпен бір-бірінің көзіне, әдемі сөзіне ғашық боп қалып, иманды мен ибалы, ақылды мен көріктіге емес, шенді мен шекпендіге, пәтерлі мен көліктіге тұрмысқа шығып жатқан қарындастардың айлар өтпей ажырасып, жылға жетпей жүз көріспей кетіп жататынын естіп жүргенімізді жасырғанмен, ауруын жасырғанның ауырмай өлетінін білмейміз бе?!. Сондағы сүйгені мен күйгені, өліп-өшкені осы болса, бұлары махаббат деген биік ұғымнан садақа кетсін дерсің...

Ислам дініндегі махаббат екіншіден пайғамбарымыз Мухаммедке (с.ғ.с), арналуы қажет. Хадисте:«Мен сендердің біреулеріңе баласынан, әкесінен, барлық адамдардан артық сүйікті болмайынша имандарың толық болмайды» дейді. Сонда хазіреті Омар, Алла одан разы болсын: уа Алланың елшісі(с.ғ.с)! Мен сізді  баламнан да, әкемнен де, басқа барлық адамдардан да артық жақсы көремін. Бірақ өзімнен артық жақсы көре алмаймын дейді. Сонда пайғамбар басын шайқап, оның иманының әлі де болса жетіле түсуі қажет екенін сездіреді. Сол сәтте Омар, Алла одан разы болсын: «осы сәттен бастап мен сізді өзімнен де артық жақсы көремін» деп ағынан жарылады. Жүзіне күлкі үйірілген пайғамбарымыз (с.ғ.с), енді иманың толық болды дегенді білдіреді. Ал пайғамбарды (с.ғ.с) сүю дегеніміз оның сүннетін сүю, жолымен жүру.

Мұсылманның мұсылманды шын жүректен сүюі  – дінімізде жоғары бағаланатын амалдар қатарына жатады. Бұл жердегі сүйіспеншілік жыныстық ынтызарлық емес, имани махаббат болғандықтан ер мен ер, әйел мен әйел де бір-бірлеріне деген еш қызығушылыққа құрылмаған, иманды болғаны үшін, Алла разылығы үшін ғана жақсы көру деген сезімді бастан кешіреді. Бұл туралы көптеген аяттар мен хадистер бар. «Өз бауырына өзіне қалағанды қаламайынша біреулерің толық иман иесі бола алмайсыңдар» дейді пайғамбарымыз(с.ғ.с). Ислам дініміз адамдар арасындағы өзара махаббат Алла Тағаланың разылығы үшін ғана болуын және Оның заңдарының шеңберінен шықпауын бұйырады. Алла үшін біреуді жар ретінде сүйген адам оған қиянат та, зұлымдық та, опасыздық та жасамайды.

Өйткені, Алладан қорқатын адам әрбір ниеті мен амалы үшін Ақыретте Алла алдында жауап беретіндігіне кәміл сенеді. Ата-анаға, адал жарға, балаға, елге деген махаббат та осы сатыдан ойып орнын алады. Ал отанға деген махаббаттың жөні бөлек. Ол өз алдына жеке тақырып. Арзан, әрі орынсыз ойын – ойнақтап  жүріп от басқызады.

Жаһандану заманында жаулаушылардың жұтқыншағына жұтылмау үшін дініміз бен ділімізді сақтайық! Ардан аттамас адал махаббатпен аналарды, аруларды аялайық. Асыл махаббатымызды алдымен Аллаға, одан соң пайғамбар мен мүминдерге арнайық! Ессіздік пен есерліктен, ең бастысы еліктеушіліктен арылайық!Әрине, жамандыққа жеткізер жолдарды жарнамалауды Жаратушымыз жақтамасы жалпақ жұртқа жасырын емес. «Ғашықтар күні» деп сырт көзге сыпайы емес сұмпайы екенін бүгін біліп тиым салмасақ, ертеңгі күні опық жегізері сөзсіз.

Қазақ қоғамында болмаған СПИД, нашақорлық, жезөкшелік сияқты қоғамдық дерттеріміздің негізінде осындай, алғаш қарағанда еш зияны жоқ сияқты болып көрінетін, ұлттық менталитетімізге, мұсылмандық болмысымызға жат қылықтарды насихаттау жатыр емес деп кім айта алады?Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қайсы елде бұзықтық пайда болып, олар оны ашық түрде  жасай беретін болса, олардың арасында оба және өздерінен бұрынғыларда болмаған аурулар пайда болады»,-деген.

Ал, жалпы алғанда Ислам діні махаббатқа қарсы дін емес. Алла Тағала Қасиетті Құранның Мүминун сүресінде: «Алланың құдіретінің белгілерінің бірі сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратты. Және сендердің араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім жасады», – дейді.Осы тұста ұлы Абайдың «Махаббат тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» қағидасын бір еске алып қойған жөн болар. Кез-келген көкірегі ояу қарындасымыз арлы жігітпен, ал інішектер салиқалы қызбен отау құруды армандайды. Игі мақсатқа қол жеткізуде Құраннан асқан кеңесші жоқ. Алла Тағала «Нұр» сүресінде «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық. Олар үшін жарылқау әрі көркем несібе бар» деген.Алла Тағала бұл жерде отау құрып отасқандардың бір-біріне лайық болатынын анық көрсетіп тұр. Арпа егіп, бидай оруды армандау қандай қисынсыз болса, зинақорлық пен сауық құрған адамның салиқалы отбасын армандауы да сол сияқты. Текті әрі батыр, ұлтжанды әрі намысшыл, дана әрі жанашыр ұрпақ тек иманды ер мен салиқалы әйелдің отауының құрсағына бітетіні анық. Сондықтан махаббат деген құнды сезімді бір күндік арсыздықпен ластамайық!Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сахабасы  Умар ибн әл-Хаттаб р.ғ айтқандай: «Біз Ислам арқылы дәрежемізді жоғарылатқан халықпыз. Ал, егер де,  басқа дүниеден дәреже іздейтін болсақ, онда Алла біздің дәрежемізді түсіреді». Біздің жол – Ислам, ал жолсеріктеріміз – мұсылмандар болуы керек, мұсылмандар сүйетін мерекелер, мұсылмандар құрметтейтін құндылықтар болу қажет. Алла аңсағанымызға жеткізгейсің!

Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ
Аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы,
дінтану магистрі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: