ХАЛАЛ АС – АЛЛАНЫҢ ӘМІРІ

ХАЛАЛ АС – АЛЛАНЫҢ ӘМІРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам – Алланың соңғы әрі өзі разы болаты хақ діні. Онда мұсылмандарға қажет өмірдің барлық саласы түгел қамтылған.

 Алла және оның Елшісі рұқсат еткен дүниені – халал дейміз. Әлбетте, халал сөзінің мағынасы ауқымды, оның бір саласы ас-ауқат, күнделікті ішіп-жейтін тағамға қатысты. Дана қазақ халқында «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен артуда.

Алла Тағала бақара сүресінде былай дейді:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الْأَرْضِ حَلَالًا طَيِّبًا وَلَا تَتَّبِعُوا خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُبِينٌ

 «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» («Бақара» сүресі, 2/168).

Алла тағала адамзатқа Алланың атымен бауыздалған төрт түлік мал, құс, кейбір жабайы аңдарды халал етті. Ал Алланың аты айтылмай бауыздалған мал, құс, сонымен қатар, шошқа еті, қан, өліксе, т.б. харам етілді. Әлем жан-жақты дамыған қазіргі уақытта түрлі қоспаларға толы күнделікті тұтынып жатқан тағамдардың құрамы қандай? Көп адамдар оған мән бермей пайдалануда. Әрбір мұсылман харамнан сақтануы міндетті. Алла елшісі (с.ғ.с.) астың адал болуы жайында мұсылмандарға былай жеткізеді:

وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ طَلَبُ الحَلَالِ

«Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті».

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا

«Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі іс істеңдер», - деп бұйырған. («Мүминун» сүресі, 51-аят).

 Мәфәтиху әл-ғайб кітабында Фаһруддин ар-Рази: «Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен мүміндерге де тікелей қатысты болып табылады. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, мынадай мағына шығады. Игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек. Себебі аятта игі іс жасаңдар деген бұйрықтың алдында адал, таза ризықты жеңдер нұсқауы бар». Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты.

Ертеректе сахаба аналарымыз жолдасын жұмысқа шығарып саларда «Бізге адал нәсібе әкеліңіз, қияметте арам астың кесірінен өртеніп жүрмейік» дейтін болған-ды. Адал ас жүректе ізгіліктің жалынын жағып, адамды ғибадатқа жігерлендіреді.  «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы хадис адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін білдіреді.

Бірде Сағд (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі, Алла менің дұғамды қабыл ету үшін мен қандай амал жасайын? - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ішер асыңды жақсарт (халал ет) Алла дұғаңды қабыл етеді» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір түйір харам ас жесе, оның қырық күн намазы қабыл болмайды» - деген.

Халалға мән бергенде тек асты ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән беріңіз. Нақтырақ айтсақ, халал  өндірісіне – тамақ өнеркәсібі (ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, т.б.), жеңіл өнеркәсіп (тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері т.б.), білім беру (ислам теологиясы, балабақша,  мектеп, жоғары оқу орындары, т.б.), денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, перзентхана, т.б.), қаржы-қаражат (кредит, өсім, банкинг т.б.), мәдени орындар (театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, т.б.),  даяшылық қызмет (асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм, т.б.) жатады. Ендеше, халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал, шариғат, барлық ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін жол.

Иә, халал мен харам Алла тағаланың әмірлерімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырған жандарға қатысты Ұлы Құдірет Иесі: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» деп қатал ескерту жасаған.

Харам-халал мәселесінде қара қылды қақ жаратындай асқан мұқияттылық танытқан Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Халал мен харам белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күдікті нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күдікті нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады. Күдікті нәрселерге жақын болған адам қорық жағасында мал жайған шопанға ұқсайды. Оның бағып жүрген қойлары кез-келген сәтте қорыққа түсіп кетуі мүмкін. Дәл осы секілді күдікті нәрселерге жақын жүрген жан да кез-келген сәтте харамға бойлауы әбден мүмкін. Жақсылап біліп қойыңдар. Әрбір әміршінің бір қорығы болады. Ал Алланың қорығы – харамдар. Ағзада бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, ағза да сау болады, бұзылса, ағза да бүлінеді. Ол – жүрек» деген екен.

Құрметті ағайын, дұғамыздың қабыл болуы тікелей ішіп-жеп  жатқан асымыға қатысы бар. Сол себепті асымыз халал болсын.

 

Бахтияр АМИРЕЕВ

Һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: