Үстіміздегі құрметті Мұхаррам айынан хижра бойынша 1442 жыл басталады. Аталмыш ай соғысуға, жанжал-қақтығыстарға тыйым салынған төрт харам айдың бірі болып табылады. Осы айларда жасалған күнәлар үлкен жазаларға әкеліп соқса, ал жасалған жақсы амалдар мол сауаптарға кенелтеді.
Айдың атауы арабтың «харам», яғни «тыйым салынған» сөзінен шыққан. Бұл айлар жөнінде Қасиетті Құранда былай айтылған: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер. Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар. Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер» (9:36).
Маңыздылығы жағынан Мұхаррам айы тек Рамазан айына ғана жол береді. Бұл айда мүмінге құлшылық етіп күнәларынан арылуға әрі мол сауапқа кенелуге ерекше мүмкіндік нәсіп етілген. Мұхаррам айының оныншы жұлдызына дәл келетін Ашура күні аталмыш айдың жақұты болып табылады. Осы күні ислам тарихында көптеген атаулы оқиғалар орын алған: жер мен көк, періштелер мен ең алғашқы адам жартылған, Мұса пайғамбар (ғ.с.) Перғауыннан құтқарылған, Нұх пайғамбардың (ғ.с.) кемесі айлаққа тұмсығын тіреген, Ғиса (ғ.с.) көкке көтерілген. Сондай-ақ, Қиямет күні де Ашура күні орын алады деп айтылған.
Мүміндерге құрметті айдың қасиетті күндерін құлшылықта өткізіп, Алла Тағалаға бір қадам болсын жақын болуға шексіз мүмкіндік берілген. Жақсы амалдармен басталған жаңа жыл, Алланың қалауымен, хайырлы да берекелі болады.
asyldin.kz