Әл-Мустаурад әл-Қураши (Аллаһ оған разы болсын) Амр ибн Астың (Аллаһ оған разы болсын) алдында Пайғамбардың (с.а.с.): «Адамдардың көбі румдықтар болмай, Қиямет келмейді», – дегенін айтқан. Амр: «Ойланып сөйле!» – дейді. Әл-Мустаурад: «Мен Аллаһ елшісінен (с.а.с.) естігенімді айтып тұрмын!» – деп жауап берген. Сонда Амр: «Егер осылай десең, онда олардың төрт қасиеті бар: олар – сынаққа ең шыдамды адамдар, қайғыдан кейін өте тез есін жияды, қашқаннан кейін тез арада қайта оралады, міскінге, жетім мен әлсізге қайырым жасауда артық және бесінші жақсы (қасиеті) – патшалардың зұлымдығына қарсы тұрады», – деген.
Пайғамбар (с.а.с.) Ауф ибн Мәликке (Аллаһ оған разы болсын): «Қияметтің алдында алты нәрсені сана.... сосын сендер мен сары әулетінің арасында бейбіт келісім болады. Сосын олар келісімді бұзып, сендерге қарсы әрқайсысы он екі мың әскерден тұратын сексен тудың астында келеді», – деген. Жабир ибн Самура (Аллаһ рақым етсін) Нафиғ ибн Утбадан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Араб жазирасына жорыққа шығасыңдар, Аллаһ одан (сендерге) жеңіс береді. Сосын Парсыға жорыққа шығасыңдар, Аллаһ одан жеңіс береді. Содан соң Римге жорыққа шығасыңдар, Аллаһ одан жеңіс береді. Содан кейін Дәжжалға қарсы жорыққа шығасыңдар, Аллаһ одан да жеңіс береді», – деген. Сонда Нафиғ ибн Утба Жабир ибн Самураға қарап: «Ей, Жабир! Рим қолға алынбайынша, Дәжжал шықпайды», – депті. Демек, бұл соғыс Дәжжалдың шығуына жақын қалғанда болады.
Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Румдықтар Ағмаққа (немесе: Дабиққа) түскенге дейін Қиямет келмейді. Оларға қарсы Мәдинадан сол кездегі жер бетінің ең жақсыларынан тұратын әскер шығады. Олар бір-біріне жолыққан кезде, (румдықтар): «Арамыздан кетіп бізге тіл тигізгендер мен біздің ортамызға килікпеңдер», – дейді. Мұсылмандар: «Аллаһпен ант етейік! Жоқ! Сендерге бауырларымызды бермейміз!» – дейді. Сөйтіп, екі жақ соғысады. (Мұсылмандардың) үштен бірі өледі.
Аллаһ олардың тәубесін қабыл етпейді. Содан кейін (тағы да) үштен бірі өледі. Олар – Аллаһ алдындағы ең абзал шәһидтер. (Мұсылмандардың қалған) үштен бірі жеңіске жетеді. Олар ешқашан жазаланбайды. Константинопольді солар қолға алады. Олар қылыштарын зәйтүн ағашына іліп қойып, олжаны бөлісіп жатқанда, шайтан: «Дәжжал сендердің отбасыларыңа шабуыл жасады», – деп айғайлайды. Сөйтіп, олар жолға аттанады. Бірақ (бұл) өтірік болып шығады. Олар Шамға жеткенде, шынымен (Дәжжал) шығады. (Мұсылмандар) соғысқа дайындалады, (сол аралықта) намазға иқамат айтылып, сап түзеп тұрғанда, Мәриямұлы Иса (аләйһис-сәләм) түседі», – деген. Ясир ибн Жабир былай деп әңгімелейді: «Бірде Куфада қызыл дауыл тұрды. Сонда бір кісі келіп, әдетінше: «Ей, Абдуллаһ ибн Масғуд! Қиямет келді!» – деді.
Шынтақтап жатқан (Абдуллаһ) түзеліп отырды да: «Расында, Қиямет мирас бөлінбейтін және олжаға қуанбайтын жағдай болмайынша келмейді» – деп, қолымен Шам жақты нұсқады да: «Дұшпан Ислам қауымына қарсы жиналады, Ислам қауымы да оларға қарсы бас біріктіреді», – деді.
Мен: «Румдықтарды айтып тұрсың ба?» – дедім. Ол: «Иә, сол соғыс кезінде діннен қайту көп болады. Мұсылмандар әскер жасақтап, өліспей беріспеуге немесе жеңбейінше қайтпауға серт қабылдайды. Түн болғанша соғысады. Олар да, мыналар да жеңіссіз қайтады. Алайда әскер сапы азайып қалады. Сосын мұсылмандар тағы да әскер жасақтап, өліспей беріспеуге немесе жеңбейінше қайтпауға серт қабылдайды. Түн болғанша соғысады. Олар да, мыналар да жеңіссіз қайтады. Алайда бұл әскер сапы да азайып қалады. Содан соң мұсылмандар тағы да әскер жасақтап, өліспей беріспеуге немесе жеңбейінше қайтпауға серт қабылдайды. Кеш батқанша соғысады. Олар да, мыналар да жеңіссіз қайтады. Алайда бұл әскер сапы да азайып қалады. Төртінші күні болғанда, мұсылмандардың қалғандары жасақталып, Аллаһ үстемдікті осыларға береді. Бұрын-соңды кездеспеген қырғын болады. Тіпті олардың жанынан ұшып өтіп бара жатқан құстар өте алмай өліп, құлап түседі. Соғысқа қатысқан жүз кісіден тұратын бір атаның ұлдарынан бір ғана кісі қалады. Қай олжаға қуанады?! Немесе қай мирас бөлінеді?! Олар осылай тұрғанда одан да қиын жайт туралы хабар келеді.
«Әулеттеріңе Дәжжал келді!» деген айғай естіледі. Сол кезде қолдарындағы нәрселерін тастап, жолға шығады. (Мұсылмандар) барлаушы ретінде он аттылы кісіні жібереді. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Мен олардың есімдерін, әкелерінің есімдерін және аттарының түсін білемін. Олар – сол күндегі жер бетіндегі ең абзал атты әскерлер», – деп айтқан», – деді».
asyldin.kz