Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлер негізінде жастар, тұрғындар арасында тәрбие жұмыстарын насихаттау мақсатында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің отырысы өтті.
Облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жасалған жиын ғибратты керуен жобасы аясында іске асқан болатын.
Шараға облыс аумағындағы барлық қалалар мен аудандардағы әкімдердің салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, Ішкі саясат және Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы, «Жас Отан» Жастар қанаты, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестері, БАҚ және мәселеге қатысты үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен белсенді ардагерлер қатысты.
Іс-шараға модераторлық еткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев: "Рухани жаңғыру бағдарламасын қабылдаған кездегі негізгі мақсат сана сезімімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды одан әрі дамыту болатын. Қазақ ұл-қыздарын үш сөзбен тәрбиелеп отырған: Ұят болады деп артық іске барғызбау; Обал болады деп біреуге қиянат жасатбау; Сауап болады деп жақсылық, ізгілік істерге бастау. Ұлтты тәрбиелеу үшін, қызды тәрбиелеу керек. Ол ертеңгі Ана. Ұлт Ана сүтінен бастау алады. Ата-Әже, Әке-Ана тәрбиелемеген ұл-қызды көше тәрбиелейді. Оның арты жақсылыққа апармайтынын түсіндіру қажет және «Ғибратты керуен» жобасы аясында Ұлы тұлғалардың салт-дәстүрлер негізінде адалдық, имандылық, ізгілік жөніндегі өзекті қағидаттарын насихаттай отыра, өңір басшысының «Қарапайым заттар экономикасы», «Асар», «Үлгілі ауыл», «Ақылды ауыл» бастамалары мен тапсырмаларын қолдайық," - деп сөз бастады.
Бас қосуда білікті мамандар баяндама жасап, түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатып айтып берді. Атап айтсақ, С.Қалиев – «Ғибратты керуен» жобасы аясында облыс аумағындағы ұлттық құндылықтарымыз тарихи және сакральды орындардың салт-дәстүрлер негізінде жастарға отансүйгіштік тәрбие берудегі рөлі жайлы тілге тиек етсе, Л.И.Накарякова – Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатынан туындайтын міндеттер туралы сөз сөйледі. Ал Е.Аманбеков – Өңір басшысының «Қарапайым заттар экономикасы», «Ақылды ауыл» бастамаларын ардагерлердің қолдауы туралы, С.Абсадықов – Өңір басшысының «Үлгілі ауыл» бастамасын Талас ауданындағы Ойық, Қасқабұлақ, Тамды ауылдары ардагерлерінің қолдауы және олардың іс-тәжірибелерінің таратылуы, Б.Алимбет – Қордай ауданында «Ғибратты керуен» қағидаттарын орындай отырып, өңір басшысының «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асырудағы ардагерлердің рөлі, К.Бесбаев – Өңір басшысының Байзақ ауданында «Асар» жөніндегі тапсырмасының жүзеге асырылуын ардагерлердің қолдауы, С.Берікқожа - «Дәстүр мен жаңашылдық жасампаздығы және жастар бастамашылдығы», Жамбыл облысының бас имамы Б.Мырзагелдиев – «Ғибратты керуен» жобасы аясында жүргізілген ұлттық құндылықтарымыздың бір саласы «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» жайлы мардымды ойларын жеткізді.
Ұлттық дәстүрімізден келе жатқан құндылықтарды қайта өркендету, жоғалтып алмау жайлы пікірлер айтылды.
Дөңгелек үстел барысында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі мен ҚМДБ-ның Жамбыл облыстық өкілдігі арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Ал жиын соңында орталық әмбебап кітапханасының бөлімдері мен релакс кабинеттерімен танысу және белсенді ардагерлерді марапаттау шарасы болды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі