Қасиетті Құрбан айт мерекесі карантиндік шектеулерге қарамастан балалар мен ата-аналарға ерекше қуаныш сыйлап, қызықты өтті.
Ұлтты ұйыстырған ұлық мереке үшін үй ішін безендіру - мерекелік көңіл күй сыйлаумен қатар, бала қиялына ерік берді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Үй ішін безендір" сайысы өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Сектор жетекшісі Гүлжан Алдасаеваның ұйытқы болуымен бүлдіршіндер мерекеге арнап шаңырақтарын әрлеп, "Құрбан айт құтты болсын!" атты жазулар жазып, діни, тарихи оқиғаларды баяндайтын суреттер салды. Шар үрлеп, ата-анасына құттықтау қағаздарын тарту етті. Осы бақытқа толы сәттердің барлығы суретке түсіріліп, ұйымдастырушыларға жолданды. Ұстаздар саралай келе 1,2,3 орын жеңімпаздарын анықтап, ақшалай сыйлық табыстады. Қатысушылардың барлығы еңбегі үшін құр қол қалмады. Ал сыйақы ата-анасының есеп шотына аударылды.
"Біздің мақсатымыз - үйде мерекелік көңіл күй қалыптастырып, өсіп келе жатқан балаларға бұл мерекенің қандай маңызды екенін ұғындыру. Жыл сайын осы күнді асыға күтіп, ата дінімізді бойына сіңдіру болатын," - дейді Һибатулла Тарази мешітінің ұстазы Гүлжан Серікқызы.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі