Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өте сабырлы жан болатын. Өмірінің ақырына дейін сол сабырлы қалпынан таймай кетті.
Бірде ол таңертеңгі уақытта үйіне қарны ашып келді. Сөйтіп, үйіндегілерден: «Жейтін бірдеңе бар ма?» - деп сұрады. Олар жоқ екенін айтты. Сонда ол: «Онда мен ораза ұстаймын», - деді. «Неге тамақ пісірмедіңдер? Неге маған айтпадыңдар? Өзім жейтін бірдеңе алып келер едім ғой», - деп, мәселені дабырайтқан жоқ. Жоқ, ол тек қана: «Онда мен ораза ұстаймын», - деп қысқа қайырды. Сөз сонымен бітті.
Осылайша, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір адамға осындай сабырмен қарай білді.
Кульсум бин әл-Хусайб ең үздік сахабалардың бірі болатын. Ол былай баяндаған:
«Мен Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге Табукқа жорыққа шықтым. Сонда бір түн бойы соның қасында Әл-Ахдар алқабында жүрдім». Ары қарай ол мынаны айтып берді. Олардың ұзақ жүргені соншалық, ол қалғи бастаған. Сөйтіп, оның түйесі Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түйесіне қатты жақындап кеткен. Кенеттен ол оянып кетіп, ер-тоқымы Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аяғына тиіп кете ме деп қорқып, түйесін одан алысырақ әкетті. Сол сәтте қалғып кетті де, оның түйесі Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түйесімен соқтығысып қалып, оның ер-тоқымы Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аяғына қатты тиіп кетті. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауырсынып, демін ішіне тартты. Кульсум оның күрсінген дауысын естіп, оянып кетті де, ұялып, былай деді: «Уа, Алла Елшісі! Алладан мен үшін кешірім сұрашы!». Бірақ, Пайғамбар (оған Алланың иігілігі мен сәлемі болсын) сабырлық танытып: «Жүре бер, жүре бер», - деді. Иә, оның бар айтқаны сол сөз болатын. «Мені неге итеріп жібердің? Жол кең емес пе? Неге маған тақалып жүресің?» - деп ашуланып, айқай шығарған жоқ. Өйткені, оның аяғына ер-тоқым тигеннен ештеңе болған жоқ. Қандай да бір жағымсыз жағдай орын алса, ол қашанда осындай сабырлықпен қарайтын.
Бірде ол сахабаларымен бірге отырғанда, бір әйел оған жадағай әкелді де, былай деді: «Уа, Алла Елшісі! Мен мұны саған өз қолыммен тіктім». Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны алды. Өйткені, оған сол нәрсе керек болатын. Орнынан тұрып, үйіне барды да, сол жадағайды сыртқы киімінің ішінен киіп, сахабалардың қасына қайтып келді. Сол жерде отырған адамдардың бірі оған: «Уа, Алла Елшісі! Осы киімді мен алайыншы», - деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Әрине», - деп жауап берді де, қайтадан орнынан тұрып, үйіне барып, сол киімді шешті де, ескі киімін киіп алды. Ал, жаңа киімді әлгі адамға әкеліп берді. Мұны көрген қалған сахабалар: «Неге бұлай істедің? Мұның дұрыс емес. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешкімнің бетін қайтармайтынын біле тұра, одан осы киімді сұрадың», - деп әлгі адамды жазғыра бастады. Ол адам: «Алланың атымен ант етейін, мен бұл киімді басқа мақсатта сұрамас едім, тек өлгенде мені сол киіммен жерлеуі үшін сұрадым», - деп жауап берді. Ол қайтыс болғанда, жақындары оны сол киімге орап жерледі (Әл-Бұхари).
Оның қасында бірге жүрген адамдар неткен бақытты еді!
Бір күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құптан намазына имамдық етіп тұрғанда, мешітке Фатиманың (Алла оған разы болсын) ұлдары әл-Хасан мен әл-Хусейн кіріп келді. Олар дереу намаз оқып жатқан аталары Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарай бет алды. Ол сәждеге барғанда Хасан мен Хусейн оның арқасына мініп алды. Сәждеден басын көтеретін кезде, ол екі немересін баяу ғана құшақтап, арқасынан түсіріп, қасына отырғызды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын оқып болғанда немерелерін ақырын құшақтап, алдына отырғызды. Сол кезде Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) орнынан тұрып: «Уа, Алла Елшісі! Оларды алып кетейін бе?» - деді. Яғни, ол мұны: «Оларды анасына апарайын ба?» - деген мағынада айтқан болатын. Бірақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды қайтаруға асыққан жоқ. Найзағай ойнап, күн күркірегенге дейін немерелерін қасынан жібермей отырды. Күн бұзылғанда ол балаларға: «Аналарыңа барыңдар», - деді. Сөйтіп, балалар үйлеріне кетті. (Ахмад жеткізген).
Кейін тағы бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі немересінің біреуін – Хасанды әлде Хусейнді қолына алып, сахабаларымен бірге бесін немесе екінті намазын оқуға барған. Ол намаз оқитын жеріне барып, баланы жерге отырғызып, тәкбір айтқан да, намазды бастап кеткен. Сәждеге барғаннан кейін басын ұзақ уақыт бойы көтермегені сондай, сахабалар оған бірдеңе болды ма деп ойлап қалған. Содан соң ол басын көтеріп, орнынан тұрған. Намаздан кейін сахабалар одан: «Уа, Алла Елшісі! Сәждеде әдеттегіден ұзақ уақыт болдың ғой. Алла солай әмір етті ме, әлде саған уахи келді ме?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Жоқ, мұның бірі де болған жоқ. Немерем арқамда отырған болатын. Оның ойынына кедергі жасағым келмегендіктен, ойнап болуын күттім», - деп жауап берген. («Мустадрак» Әл-Хакима).
Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарны ашқанда Умм Хани бинт Абу Талибке (Алла оған разы болсын) барды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Маған беретін тамағың бар ма?» - деп сұрады. Ол: «Құрғақ наннан басқа ештеңе жоқ. Бірақ, оны саған беруге ыңғайсызданамын», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Соны әкеле бер», - деді. Умм Хани (Алла оған разы болсын) нанды әкелді де, кесіп, суға жібітіп, тұздады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) суда жібітілген нанды жей бастады. Содан кейін Умм Ханиге (Алла оған разы болсын) қарап: «Нанға қосып жейтін дәмдеуіш бар ма?» - деп сұрады. Ол: «Сірке суынан басқа ештеңе жоқ, уа, Алла Елшісі», - деп тіл қатты. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан сірке суын әкелуін өтінді. Ол сірке суын әкелді де, нанның үстіне құйды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол тамақты жеп алды да, Аллаға алғыс білдіріп: «Нанға сірке суын қосып жеген қандай керемет!» - деді.
Иә, оның өмір сүру салты осындай болатын және қоршаған ортада орын алып жатқан жайттарды сол қалпында қабылдайтын.
Қажылық жасау кезінде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге намаз оқу үшін бір жерге тоқтады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алып болып, орнынан тұрды да, намаз оқи бастады. Джабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) оның сол жағына барып тұрды да, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйып, намаз оқи бастады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның қолынан ұстап, ақырын ғана оң жағына ауыстырды да, екеуі намазды ары қарай жалғастыра берді. Содан соң Джаббар ибн Сахр (Алла оған разы болсын) келіп, дәрет алды да, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол жағына барып тұрды. Сол кезде олар Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйып оқуы үшін, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол екеуін екі қолымен баяу ғана артқа итерді. (Әл-Бұхари).
Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жаңа туылған балаға тахник жасатып (құрманы шайнап, баланың таңдайына жағу), батасын алу үшін Умм Кайс бинт Мухсин келді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланы алды да, алдына отырғызды. Кенеттен бала бұтына жіберіп қойып, оның киімін бүлдірді. Сонда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бар істегені - су алғызып, киімнің бүлінген жеріне бүркеді, бар болғаны сол. (Әл-Бұхари).
Ол ашуланып, қабақ шытқан жоқ. Ал, біз неліктен үнемі түймедейді түйедей қылып, өз жағдайымызды өзіміз қиындатамыз? Айналамызда орын алып жатқан кез келген нәрсеге ашулана берудің жөні жоқ.
Лайым Алла Тағала бізге сүйікті Жетекшіміз, Көшбасшымыз – Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы сүйіспеншілікте болуымызды нәсіп еткей. Әмин.
Жабырқаған адам Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан көңіліне жұбаныш тапсын
Бәлкім, біз Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жайлы ойлағанда, бақыт пен шаттыққа толы ғұмыр кешіп, әрдайым күлімсіреп жүрген адамды көз алдымызға елестететін шығармыз. Алайда, оның өмір жолында талай қиындық пен қасіретті басынан кешіргені соншалық, нағыз мұңайса, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұңаюы керек болатын.
Ол ерте жетім қалды, сүйген жұбайының қазасын көрді және алты перзентін жер қойнына табыстады. Ол сынақ пен жанға жара салатын жайттардың нағыз ақиқат екендігін есімізге салады. Өйткені, осының бәрі - олқылықтарға толы уақытша дүниенің (өмірдің) бір бөлігі. Сондықтан да, біз үрей мен бақытсыздықтан ада кемел мекенге ұмтыламыз.
Көрмедің сен өмірде жүзін әкеңнің,
Сезінбей ана жылуын көбейді тағы әттеңің.
Уайымдап соны қиналды ата жүрегі,
Десе де, ажал оны да айналып өтпеді.
Табылмады жаныңнан қамқор болар саған жан,
Түсірмей еңсеңді үміт еттің Алладан.
Тәуекел деп, ақиқатты айттың халқыңа,
«Өтірікші!» деген сөздер батты қатты жаныңа.
Мұңаймадың, жігерленіп, жүре бердің тек алға.
Шыншыл Пайғамбар әділдікті ту еткен,
Тап болды қарсылығына өз халқының әттең.
Ағаң мен сүйікті жарың Хадиджа
Болды саған демеу сол сәтте.
Сол жылы ағаң да кетті өмірден,
Хадиджаға сәлем жетті Жәбірейілден,
Берілді оған Жұмақтан мекен.
Көп өтпей Әзірейіл әкетті оны сенен.
Жөнелдің сен Таифқа таратуға үндеуді,
Надан халық мазақ етіп, үстіңнен сенің көп күлді.
Лақтыртуға тастарын балаларын саған жіберді.
Қансырап сол кезде жабырқаулы күйге ендің.
Ухудта сені тәрк етті тентірей қашқан әлсіздер,
Қарсы тұрып дұшпанға мойымадың сен бекер.
Тараған жалған қауесет қаралап сүйген Айшаңды,
Сыздатып нәзік жүректі, көңіліңе дақ салды.
Асыға күттің бауырың Джағфарды Эфиопиядан,
Асыранды ұлың Зайд та кетті о дүниеге қалмай одан.
Рукайя мен Умм Кульсумды тапсырып жер қойнына,
Сыздады жаралы жүрек, жас толып екі көзіңе,
Ибраһимді алдың қолыңа күйінішті сезіне.
Өксітсе де сұм ажал жақындарыңды жалмап,
Алладан келген сынақ деп, налымадың сен, бірақ.
Қиындықтар күш бітіріп бойыңа,
Құзырын Алланың аңсадың сағына.
Себебі мұның айқын – Жаратушы – бір Алла,