Ертеде үлкен алма ағашы болатын. Бір кішкентай бала күн сайын сол ағаштың қасына келіп, ойнағанды жақсы көретін. Ол ағаштың төбесіне шығып, алма жеп, ағаштың көлеңкесінде ұйықтайтын. Ол ағашты жақсы көретін, ағаш та онымен ойнағанды ұнататын. Уақыт сырғып өте берді... Кішкентай бала өскеннен кейін бұрынғыдай ағаштың қасында ойнамайтын болды.
Бірде бала алма ағашының қасына келді. Оның жүзі мұңды болатын. Ағаш балаға: «Менімен бірге ойнашы», - деп тіл қатты. Бала: «Мен енді бала емеспін. Мен енді ағаштың айналасында ойнамаймын, - деп жауап берді, - Ойыншықпен ойнағым келеді. Ойыншық сатып алу үшін маған ақша керек».
«Кешір, менің ақшам жоқ. Бірақ, менің алмаларымды алып, сатсаң болады. Сонда ақша табасың», - деді алма ағашы. Бала өте қобалжулы еді. Ол ағаштағы алмалардың бәрін алып, қуанышы қойнына сыймай кете берді. Ол сол алмаларды әкеткеннен кейін қайтып келген жоқ. Алма ағашы мұңайып, жабырқаулы күйде болды.
Бір күні әлгі бала ер жетіп, үлкен азамат болғаннан кейін қайтып келді. Сонда ағаш оны қуанышпен қарсы алып: «Менімен ойнашы», - деп өтініш жасады. Ал, бала: «Менің ойнайтын уақытым жоқ. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Бізге баспана керек. Сен маған көмектесе аласың ба?» - деді.
«Кешір, менің саған берер үйім жоқ. Бірақ, үй салу үшін менің бұтақтарымды шауып алсаң болады». Сөйтіп, әлгі адам ағаштың барлық бұтақтарын шауып алып, төбесі көкке жетіп, кете берді. Ағаш оның қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзін көріп, риза болып қала берді. Бірақ, ол адам содан кейін ұзақ уақытқа дейін келмей қойды. Алма ағашы тағы да жалғыздықтың зардабын тартып, мұңаюмен болды.
Бірде жаздың ыстық күнінде әлгі адам қайтып келді. Оны көрген алма ағашы тағы да көңілденіп: «Менімен ойнашы!» - деп тіл қатты. Әлгі адам: «Мен қартайып барамын. Желкенді қайықпен суда жүзіп, дем алғым келеді. Сен маған қайық бере аласың ба?» - деп сұрады. «Қайық құрастыруға менің діңгегімді ал. Сонда алыс шалғайға кетіп, бақытыңа қол жеткізерсің». Осылайша, әлгі адам қайық жасау үшін ағаштың діңгегін шауып алды. Ол желкенді қайықпен саяхатқа кетті де, көп уақыт бойы оралмады.
Жылдар өтіп, әлгі адам қайтып келді. Ағаш: «Кешір, жарқыным. Менің саған берер ештеңем жоқ. Саған берер алмам жоқ...», - деді.
Сонда адам: «Ештеңе етпейді. Менің енді алмай жеуге жарайтын тісім жоқ», - деп жауап берді. «Енді сен шығып отыратын діңгегім де жоқ», «Мен енді қартайдым, діңгекке міне алмаймын», - деді адам. Сонда ағаштың көз жасы көл болып: «Мен шынымен де саған ештеңе бере алмаймын... солып жатқан тамырымнан басқа ештеңем қалмады», - деді.
Әлгі адам оған: «Маған қазір көп нәрсе керек емес. Тек тынығып, бой жазатын жер қажет. Осыншама жылдардан бері әбден титықтадым», - деп жауап берді. «Жақсы! Ағаштың ескі тамыры дем алуға өте ыңғайлы. Отыр, жаныма тізе бүгіп, тынығып ал». Әлгі еркек отырғанда, ағаштың қуанғаннан көз жасы жерге тамып, күлімсірей берді...
Бұл хикаяның біздің баршамызға қатысы бар. Ағаш біздің ата-анамыздың бейнесін береді. Біз кішкентай кезімізде әкемізбен, анамызбен ойнағанды жақсы көретінбіз...
Есейіп, ер жеткенде біз оларды тастап кетеміз... Олардан бізге бірдеңе керек болғанда ғана яки басымызға іс түскенде ғана келеміз.
Қандай жағдай болмасын, ата-анаңыз сізді әрдайым күтеді және жай ғана сіздің бақытты болуыңыз үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайды.
Бәлкім, сіздер «бұл бала ағашқа қатыгездік танытты» деген ойға қалған боларсыздар. Бірақ, бұл хикая біздің баршамыздың әке-шешемізге деген қарым-қатынасымыздың көрінісі емес пе? Біз оларға «солай болуы тиіс» деп қараймыз. Тым кеш болмай тұрғанда, олардың бізге жасап жатқан жақсылықтарын бағаламаймыз. Алла Тағала біздің олқылықтарымызды кешіріп, баршамызды тура жолға бастағай, ин ша Алла.
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле». («Әл-Исра» сүресі, 17:23)
«Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!”, -де». («Әл-Исра» сүресі, 17:24)
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.