«Алланың рақымы. 2014 жыл». Жан-дүние монологтары - 1 орын
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Монологтардың негізінде шынайы өмірден алынған оқиғалар жатыр, куәгері бұл оқиғалардың өзім боламын. Менің монологтарымның кейіпкерлері нақты адамдар емес, тек олардың бейнелері. Олар бізбен бірге өмір сүреді, мүмкін оқырмандар олармен кездескен де немесе оларды сырттай бақылаған да шығар. Шығармамның кейіпкерлерінің өмірін және тұрмыс-тіршілігін біле тұра, мен олардың ішкі жан-дүниелерін және олардың күйініштерін жеткізуге тырыстым.
1 монолог.
Жаныма батады... Менің бар айтарым осы.
Әлі де сәби бола тұра, мен басқа не айта аламын? Менің есімім ата-анамнан басқа ешкімге қызықты емес. Менің балалық қылықтарым қуантқанның орнына аяныш сезімін оятады. Өзім әрең дегенде үйреніп айтқан сөздерімді, менің анам мен әкемнен басқа ешбір жан түсінбейді. Неге екенін білмеймін, менде достар жоқ...
Менің ойыншықтарым жоқ... Есесіне төсегімнің айналасында толып жатқан бөтелкелердің біреуін ала алатын болдым, дәлірек айтсам алуды үйрендім, оларды қолымда айналдыра аламын, сезе аламын. Неге екені белгісіз олардың бәрі бірдей әрі сұр түсті. Қолыма нағыз ойыншықты ұстағым келеді – мысалы әдемі көйлегі бар, ұзын шашты, тарақтары және сөмкесі бар қуыршақты. Ондай қуыршақтарды көшедегі қыздардан көргенмін, бірақ та менің ата-анам маған ондай қуыршақтарды бермейді. Әлбетте, сылдырмақтарым бар, бірақ олардың қатты сылдырлайтыны сондай, кейде басым ауырып кетеді.
Мен ылғи жата беремін... жата беремін...
Әйткенмен де әрдайым емес – кейде әкем мен анам мені үлкен үйге алып барады, онда ақ халатты ағалар мен апайлар жүреді және де ол жерден менің дәрілерімнің иісі сияқты қышқыл иіс шығады. Бұл ағалар мен апайлар ылғи да менің денеме қолдарын батырып тексереді, қарайды, қолдарымды көтеруге мәжбүрлейді, аяқтарымды созады. Мен оларға: «Ауырттыңдар!» деймін, бірақ мені түсініп жатқан олар жоқ. Мен олардан қатты қорқамын, тығылып қалғым келеді, сол кезде анам мені құшақтап елжірете сүйіп алады, сонда ғана мен тынышталамын да қорқынышым тарайды. Мен ылғи былай армандаймын: «Осыдан жүріп үйренсем, бәлем, сендерден қашып кетермін, сонда сендер мені ешқашан таба алмассыңдар!».
Мені далаға алып шыққанда өзім сияқты кішкентай, тіпті менен де кішкентай балаларды көремін. Мен оларға қатты қызығамын, өйткені олар ересектердей өз аяқтарымен тұрады, тіпті жүгіреді де! Олар ересектердей сөйлейді және ересектер олардың сөздерін түсінеді. Мені тек менің ата-анам ғана түсінеді, есесіне мен өз анамның есімін айтуды үйрендім: «Ма-ма!». Неге екенін білмеймін әкем оны ұзын әрі қиын басқа есіммен атайды, бірақ мен оның есімі «Ма-ма» екенін анық білемін, өйткені менің бір жерім ауырғанда оны «Ма-ма!» деп шақырсам ол қасымнан табыла кетеді де мен көп-көрім жеңілдеп, тынышталып қаламын. Кейде мен жылаймын. Анам естімесін деп дыбысымды шығармай, ақырын-ақырын жылаймын. Өйткені мен жылағанда анам қосыла жылайды, ал әкемнің қабағы түсіп, бір жаққа кетіп қалады. Кейде анам екеуміз бірге жылаймыз, анамның жастары сондай ыстық, сондай ыстық...күйдірмейді, бірақ сонда-да жаныңа батады. Менің бір жерім қатты ауырғанда, әкем қасыма отырып алып басқа тілде өте әдемі де әуенді тақпақтар оқиды. Онда не айтылып жатқанын мен түсінбеймін, бірақ жеңілдеп қаламын әрі ауырып тұрған жерім басылады. Анам мен әкем бұны Құран дейді. Олар ылғи да Құран оқиды, құлшылық етеді, содан соң алақандарын көтеріп, ұзақ-ұзақ сыбырлайды да жылайды. Әкем де жылайды, неге екені белгісіз ол ылғи тек алақанына ғана жылайды. Анам әр уақытта да «О, Алла!» дейді. Мен бұның не, әлде кім екенін толық түсінбеймін, бірақ бір білетінім Алла – ол өте Жақсы. Өйткені анам мен әкем Одан ылғи да бірнәрсе сұрайды. Олардың айтуынша, мені оларға Алла берді. Яғни Ол Өте Жақсы, өйткені Ол бізді бір-бірімізге берді: әкеме – анамды, анама – әкемді, содан кейін мені – оларға.
Және де әкем айтады Ол бәрін біледі – тіпті мен туралы да, Ол менің тұрып жүруіме және сөйлеуіме де көмектеседі. Егер Ол маған көмектессе, мен анама көмектесер едім, өйткені кеше анамның тағыда жылап, әкеме шаршағанын айтып жатқанын естіп қалдым. Ал әкем Алладан көмек сұрау керек, Ол міндетті түрде көмектеседі деп айтты. Олар мені ұйықтап жатыр деп ойлаған болар, бірақ мен ұйықтамадым, бәрін естідім, естідім де ақырын жыладым, мен өскенше, өздігімнен тұрып, жүруге үйренгенше анама көмектесші деп Алладан сұрадым. Әкем мен анама мені емдеуге Алланың көмектесетінін білемін. Өйткені кейде менде тәтті дәрілер болады, оларды ішу қорқынышты емес, әкем тәтті дәрілерді әкелгенде, анам әрқашан «Аллаға мадақ!» дейді, яғни Алла анам мен әкемнің сұрағандарын – маған деген дәрілерді береді.
Егер мен алақандарымды көтеруді үйренсем әрі құлшылық етсем, жылап Алладан анама жаңа, әдемі көйлек пен бас орамал сыйлауын сұрар едім. Анам ылғи да бір көйлек пен бір бас орамалын тастамайды, сонда да ол ең сұлу жан. Бірақ мен анамда ең әдемі киім болғанын қалаймын. Ал әкем үшін бәлкім көлік сұрармын, бізді әр жерге апаруы үшін, өйткені мені көтеріп ұзақ жаяу жүргеннен әкем де шаршайды ғой. Менің әкем де сұлу – оның иегінде мен жақсы көріп ойнайтын шаштары бар – олар менің саусақтарыма оңай ілінеді, менің еш жерімді ауыртпайды...
Сондай-ақ, мен Одан бізді әдемі баққа кіргізуін сұрар едім, ол бақ туралы маған анам айтқан. Ол айтты, Алланың әдемі бағы бар, онда әдемі құстар, дәмді алмалар мен жүзімдер бар. Онда адамдар ешқашан ауырмайды да жыламайды деп. Менің қалауым анам мен әкем осы бақта жүрсе, ал мен болсам басқа кішкентай балалар сияқты олардың қасында жүгіріп, оларды күлдіртіп жүрсем. Тағы да Алладан мені күшті болуға үйретші деп сұрар едім, өйткені көшеде жүргенде мені әкем қалай көтерсе, мен де оны солай көтеріп жүрер едім. Анам ешқашан жыламаса, ылғи да күліп жүрсе екен.
Мен алақандарымды көтеріп үйренуге тырысамын, бірақ әзірге алақандарсыз-ақ сұрармын, өйткені Ол біледі ғой менің әлі алақанға жылап үйренбегенімді және «Әмин» деп айта алмайтынымды, себебі анам мен әкем Одан бірнәрсе сұрағанда ылғи да осылай айтады. Бұл бәрі біле бермейтін бір сиқырлы сөз шығар, өйткені ақ халатты адамдар бұлай айтпайды, бәлкім білмейтін де шығар. Менің білетінім, егер де Одан қалаған нәрсеңді сұрар болсаң және «әмин» деп айтсаң, Ол саған көмектеседі.
Анам мен әкем құлшылық қылып қолдарын көтеріп, алақандарына сыбырлап жылағанда, мен де сыбырлап жылаймын:
- «Менің анама көмектес. Әмин!» - «Менің әкеме көмектес. Әмин!» - «Маған көмектес. Әмин, әмин, әмин!»..
«Балалар науқастығының ұлттық статистикасынан: ҚР Ұлттық генетикалық Тіркелім мәліметі бойынша Қазақстанда жылына 2000-нан 3500-ға дейін нәрестелер туа біткен және тұқым қуалайтын патологиямен туылады, демек 1000 жаңа туылған нәрестенің 20,0-24,3% құрайды. ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің мәліметі бойынша, осы жас категориясындағы балалардың науқастық құрылымында орталық жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдануының жиілігі 7,5-22,4% құрайды. Бұл жағдай әлеуметтік құбылыс болып анықталады және де беталысы өсіп отырады, сондықтан да 2015 жылда ОЖЖПЗ 11% өседі деп күтілуде. Балалар мүгедектігі құрылымында озық орында тұрған БЦСА (30% -дан 70%-ға дейін). Қазақстанда статистика деректері бойынша, 44 мыңнан астам мүгедек балалар тіркеуде тұр, олардың 10 мыңнан астамы «Балалар церебральды сал ауруы» диагнозымен тіркеуде...
2 монолог.
О, Алла, мені адам қылып жаратқаныңа, ақыл-ой, сана бергеніңе және де ақиқат жолына салғаның үшін Саған Мадақ! Сенің игілігің мен сәлемің Өзіңнің Елшіңе және Өзіңнің Сүйіктің Мұхаммедке болсын!
О, Алла, мен бәрін де салыстыру арқылы танып білемін. Сен маған несібе бересің, Сен маған игілік бересің. Сен маған ұрпақ бересің, сол үшін де Саған Мадақ!
Менің балаларымның толық жанұяда, қысым көрмей, жұда болмай өсулеріне мүмкіндігі бар. Не ішіп, не қоюды таңдау өзімнен, қай жерде ас-су ішуді де өзім таңдай аламын. Менде бәрі жақсы – альхамдуЛиллях, өзімді Сенің сүйікті құлдарыңның бірімін деп сенімді түрде ойлауыма болушы еді, бірақ мен ондай ойды тіпті де ойлай алмаймын, өйткені Сен маған – аз да болса сәл сәтсізрек, аз да болса жағдайы сәл төменірек, бірақ сонысына қарамастан менен өткен риза басқа адамдарды көрсетесің!
Егер ертең біріне-бірін әрең жеткізіп күн көріп отырғандар, күні-түні тыңбай еңбек етіп, менің тапқан нәпақамнан он есе кем табыс тауып, Жұмаққа есепсіз бірінші болып кіретіндердің қатарында болса, менің күнім не болмақ?
Менің алдыма подноспен әкелінген ыстық тамақ пен суық тәтті жеміс нәрсуы нақ осы сәтте басқаның алдындағы кеуіп қалған шелпек пен су құбырының шүмегінен ағызып алынған суық судан дәмдірек деп сенімді айта алар ма екенмін?
Жаратушым, менің! Мен жалға баспана іздеп тұру керектігіне қиналдым. Баспана тапқан кезімде, онда еурожөндеудің жоқ екеніне абдырадым. Жөндеуімен баспана тапқанымда, душ кабинасының болмағанына назаландым. Ал барлық жағдай болған кезде, жұмысыма алыс деп қапаландым!
Біреудің ұсақ-түйектері салынған бір «қытай» сөмкесімен, екі түйіншегімен, кішкене балаларымен қоса әлдеқашан далаға шығарылып тасталғандарын сол кезде мен ойлаппын ба?
Сол кезде ана мен бала саябақтағы орындықтарда түнеп жүргендеріне қарамастан, далада қыс емес жаз мезгілі болғаны үшін Саған мадақ айтудан бір шаршамағанын ойлаппын ба мен?
Адамдардың қораларда, зираттарда тұрып та, жаңбыр мен қардан ықтайтын жеріміз бар деп, Саған мадақ айтатындары зердеме менің жетер ме, әлде оны көз алдыма елестете алар ма екенмін?
Үйден жұмысқа дейінгі ұзақ кептелісті, автобустағы сығылысуды, аялдамалардағы күтуді, ойша ақшаны санап, таксимен жүргенше автобуспен жүруді елестеткен кезде, дәл сол уақытта бір қарт ананың 5-6 автобус аялдамаларын жаяу жүріп өтуі тек қана 200 теңгесін үнемдеп, ауыру қызына дәрі-дәрмек алу үшін екенін мен ойлаппын ба? Солай бола тұрса да, көзінен жасы сорғалай өз аяғымен жүруіне мүмкіндік бергенің үшін Саған шүкір айтады!
О, Алла! Маған берген киімің үшін Саған алғысымды айтамын, соның арқасында мен адамдарға көрінуге мүмкіндік аламын, өзімнің қал-ахуалымды білдіремін, мұнтаздай боп жүруге тырысамын. Киім таңдай жүріп біз көп нәрсені ұмытамыз, «брэнд» киімдерді іздей бастаймыз, сәнге, стилге бой алдырамыз, қолмен ұстап көреміз, иіскейміз, киіп көреміз де «сэконд хендтан» тәкаппарлана бас тартамыз...
Өз киімдерін расымен бағалай білетіндерден өзімді Саған шынайы да мол ризашылықта болғанымды сенімді түрде айта аламын ба? Олар біреудің иығынан шешілген ескі киімді киюге жиіркенбейді, тіпті сол біреудің иығынан шешілген ескі киімдермен мешітке келіп, Саған алғыстарын айтып, сәждеде жатып жайнамаздарын көз жастарымен сулайды да.
Сен маған денсаулық бердің, мен білемін бұл – аманат, сол үшін мен Қиямет Күні сұралармын. Бірақ мен сол аманатыма қаншалықты берікпін, өзімнің денсаулығымды сақтау үшін жеткілікті көңіл бөлемін бе? Бәлкім сондықтан да болар төсекке таңылған адамдарды көруіме тура келетіні? Мүмкін биіктен құлап бір сәтте мүгедек болып, аяққа тұру мүмкіндігінен айырылған мұсылман бауырыма жиірек барып тұру керек шығар? Мүмкін Саған алғыс айтуда басқадан ерекше шынайы болатын соқыр әйел туралы жиі есіме алайын ба? Есту, сөйлеу мүмкіндіктерінен айырылса да жылы жымиып, сұрағандарға саусақ ишаратымен: «АльхамдуЛиллях» деп көрсететін өзімнің мұсылман бауыр-қарындастарыма әлбетте жиі барып тұруым керек!
Бәлкім сонда ғана түсінетін шығармын, өзіміздің жұмыс істеп тұрған дене мүшелеріміз үшін, азанның ғажайып әуені үшін, иық түйістіре түзу сапта тұрған мұсылман бауырларымыз үшін, иілу мүмкіндігі үшін, Сенің ұлылығыңды дәріптеп етпетінен құлаймыз, тек менің белімнің сәждеге иілу мүмкіндігінің болғаны үшін ақиқатында Саған қалай риза болу керектігін!
О, Жаратушы! Мен сыбырлаймын: «Менің балаларым үшін Аллаға мадақ!». Сен бізге балалар сыйладың, олармен біздің пендешілік өмірімізді әшекейледің. Олар сондай ұшқалақ, кейде сондай сүп-сүйкімді, әсіресе ұйықтап жатқанда және күлгенде! Олар сондай ерке, кейде олардың еркеліктерін көтермей долданамыз да, оларға дауыс көтереміз. Олар сондай тынымсыз, тіпті кешке жұмыстан шаршап үйге оралғанда, қолыңнан тартып ойнамақ болады, орынсыз да күлкілі сұрақтар қояды. Кейде біз балаларымызға ашуланамыз да...
Бірақ кейде біз бір балаға зар болғандар туралы ұмытып кетеміз. Біз олардың мұңды да қызғанышты көзқарастарын байқамадық па? Балаларымызды апасы мен атасына жіберіп, үйде жалғыз қалғанда құлаққа ұрған танадай тыныштық бір сәт зердемізге жетпеді ме? Жылдап осындай тыныштықта өмір кешетіндердің күндері қандай екен?
Кейде біз балалары ауыру және мүгедек балалары бар ата-аналар туралы мүлде ұмытамыз. Шынын айтқанда, сондай ата-аналармен бір рет-те болса кездестірген шығармыз! Біз сияқты, олар да өздерінің толық дамымаған балалары үшін қуанады. Сөзссіз, бізге қарағанда олар өздерінің балаларын көбірек және артық жақсы көреді, өйткені олар өз баласының азап шегіп қиналғанын көреді. Баласы тартқан жан азабын олар да қоса тартады. Олар бұл фәни дүниелерін тастаған: мейрамдар, көңіл көтерулер, комфорт пен жайлылықты өзінің сәбиіне ауыстырған. Сен, О, Әміршім, тек сол үшін ғана оларға таңқаларлық сабыр бердің! Менің баламның еркеліктеріне деген сабырым, сол ғажап әйелдің сабырына тең келер ме, оның сәбиі тумасынан жасқа толмай тұрып күн сайын комаға түсіп отырған, оны сәби білді, көнді, әлі күнге сондай қатты ауырғанына шыдап келеді, ондай ауруды бізге елестетудің өзі қиын емес пе?
Сондай балалардың көздерін көрдім мен, олардың көздерінен: «Менің өмір сүргім келеді! Менің ойнағым келеді! Менің күлгім келеді!» дегенді көруге болады. Олардың аналары мен әкелері сәбиінің ұйқысы үшін түнді күнге айырбастаған, ал бізге, алаңсыз да бір қалыппен дем алып ұйықтап жатқан балалар үшін, бізге осындай қызықты да еркетотай жаратылыстарды сыйлағаны үшін, жүрегіміздің түбінен шыққан алғысымызды жеткізу үшін, түнгі намазға тұрудың өзі күш, СубханАллах?!
Сенің алдыңда біз қандай әділеттсізбіз! Қалай біз пендешілік өмірдің қызығына берілеміз де сәждеге өте сирек тізе бүгеміз әрі Сенің атыңа бір дүркін ғана дәріптеу жолдаумен ғана шектелеміз!
Жасаған Ием, менің! Расында да Сенің маған берген игіліктерің шексіз. Кейде мынадай бір ойға шомғанымыз жөн болар: «Орнына еш нәрсе қажет етпей, маған беріп жатқан Сенің нығметтеріңе мен тұрарлықпын ба?» Біздің көпшілігіміз өз бойынан бұндай құндылықтарды таба алмасына сенімдімін.
Біздің күнәларымызды кешіріп, Өзің риза болған құлдардан болуға нәсіп ет!
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 22431
Жан-дүние монологтары..
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.