24 бөлім. Жасырын шақыру, 2 бөлім (жалғасы)

24 бөлім. Жасырын шақыру, 2 бөлім (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Олардың ішінде[1] - аз-Зүбайыр ибн әл-Аууам ибн Хууайлид ибн Асад Абдул-Узза ибн Құсай әл-Құрайыш. Ол Абдул-Мүтәлібтің қызы Сафидің ұлы болған. Оның туған ағасы оны ата-бабасының дініне қайтуын талап етіп, қинаған, алайда Алла оның сенімін нығайтқан.  Зүбайыр сол кезде кәмелет жасқа енді келген жеткіншек болатын. Олардың ішінде – Абдурахман ибн Ауф ибн Абду-Ауф ибн әл-Харис ибн Зухра ибн Кылап әл-Құрайыш әл-Хашім. Жәһилиәт кезінде оны Абду-Амр (Амрдың құлы) деп атаған, ал  Абдурахман (Қайырымдының құлы) деп оны Алла Елшісі (ﷺ) атаған. Олардың ішінде – Саꞌд ибн Әбу Уақас Мәлік ибн Ухайб ибн Абду-Манаф ибн Зухра ибн Кылап әл-Құрайыш. Оның анасы Хамна бинт Әбу Суфьян ибн Умайя ұлының Исламды қабылдағанын білгенде, оған былай айтады: - Саꞌд, сенің (бабалар) дінінен кеткенің маған белгілі болды. Алламен ант етемін, сен Мұхаммедтен безбейінше, ыстық болсын, суық болсын, мен үйді пана етпеймін әрі ішпеймін де жемеймін. Ол осындай халде үш күнді өткізеді, содан кейін Саꞌд Алла Елшісіне (ﷺ)  келіп анасына деген наразылығын айтады. Сонда жауап ретінде Алла Тағала  «ꞌАнкәбут» сүресінің мына аятын түсіреді:

وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ حُسْنًا وَإِن جَاهَدَاكَ لِتُشْرِكَ بِي مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ فَلَا تُطِعْهُمَا إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Мағынасы: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық. Егер екеуі саған білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуыңа тырысса, онда ол екеуіне бағынба. Қайтар жерің Мен жақ. Сол уақытта сендерге не істегендеріңді түсіндіремін» (29:8).

Алла Тағала ата-анаға жақсы қарауды бұйырған, олар мүмін болсын, мүшрік болсын, алайда олар мұсылмандарды пұтқа табынуға шақырғанда, міндетті түрде оларға бағынбау керек, өйткені мұндай жағдайда барлық міндеттемелер, тіпті ата-анаға бағыну сияқты маңыздылары да әлсірейді. Өйткені жаратылғандарға Жаратушыны тыңдаудан артық бағыну жоқ[2]. Кейін Алла айтады, мүміндер де, пұтқа табынушылар да — барлығы Оған қайтады. Әркім өз амалдарына қарай бағаланады. Аяттың соңынан біз екі маңызды сабақ ала аламыз: Алла Тағала әркімге қайтарымын береді, сондықтан да егер олар пұтқа табынушылар болса, олармен дөрекі болудың қажеті жоқ. Екіншісі: мәңгілік өмірде азап тартпас үшін, ақиқат дінде нық болу қажеттілігі. Олардың ішінде – Талха ибн Убайдулла ибн Усман ибн Амр ибн Каꞌб ибн Саꞌд ибн Тейм ибн Мурра ат-Тейми әл-Құрайыш. Ол христиан монахтарынан Пайғамбар (ﷺ) және оның қасиеттері туралы білген.  Сондықтан да Әбу Бәкір (р.а.) Талханы Исламға шақырғанда және ол Алла Елшісінен (ﷺ) Құран аяттарын естігенде, мұның арабтардың бұрынғы сенімдеріндегі кемшіліктерден жұда, ақиқат дін екенін түсінді де бірден Исламды қабылдады[3]. Сондай-ақ, мұсылмандардың біріншілері азат етілген  Сухайб ар-Руми, Аммар ибн Ясир әл-ꞌАнси болған, ол (р.а.) былай айтқан: «Мен Алла Елшісіне (ﷺ) келгенде оның қасында бес құл, екі және Әбу Бәкірден (р.а.) басқа ешкім болмап еді»[4]. Онымен бірге Исламды оның әкесі Ясиир мен анасы Сумайя да қабылдаған болатын.



[1]  Әбу Бәкірдің (р.а.) шақыруының арқасында Исламды қабылдағандар.

[2]  Имран ибн Хусейннен жетіп, имам Ахмад пен имам әл-Хакиммен келтірілген хадистегідей

[3]  «Құрайыштардың сауда керуендерінің бірімен Талха ибн Убайдулла ал-Тайми Шамда болған еді. Керуен Басраға келгенде, құрайыш шейх-көпестері халқы көп қала базарына қарай жөнеліп, сауда-саттыққа қызу кіріскен болатын.  Өзінің жастығы мен шейхтердегідей саудалық тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, Талхаға ғана тән ақыл өткірлігі мен алғырлығы оған олармен бәсекелесуге және ең тиімді келісімдер жасауға мүмкіндік берді. Таң атқаннан кеш батқанша Талха жан-жақтан келгендер жиналатын базарда болатын. Осы жерде оның өмір ағымын ғана өзгертіп қоймаған бір оқиға болды... Ол барлық оқиға бағытының өзгеру нышаны болды... Сөзді Талха ибн Убайдулланың өзіне берейік, өзінің әсерлі оқиғасын өзі айтып берсін. Сонымен, Талха былай әңгімелейді: «Бір күні Басраның базарында болғанымызда, бір христиан монахы қасындағыларға былай үндеу тастап жатыр екен: — Әй, көпестер! Адамдардан сұрастырыңдаршы, бұл жерде меккеліктерден біреу бар ма екен? Мен оның қасында тұрғандықтан, оған жауап беруге асықтым: — Иә, мен меккелікпін. — Сендердің араларында Ахмад пайда болды ма? — деп сұрады ол. — Ахмад деген кім? — деп сұрадым мен.  — Абдулла ибн Абдул-Мүтәлібтің ұлы, — деп жауап берді монах. — Ол дәл осы айда пайда болуы керек және де ол пайғамбарлардың соңғысы... Ол сендердің меккелік жерлеріңнен шығады әрі қара жартастары, пальмалары бар және бұлақ көздерінен су ағып жататын жерге қоныс аударады. Уа, жеткіншек, оған асық! Монахтың айтқаны менің жүрегіме қона кетті. Мен бірден түйелеріме қарай асықтым, оларды ерттеп, жүруге дайындалдым. Содан кейін керуенді қалдырып, мен Меккеге жол тарттым.  Ол жерге жеткенде, мен адамдардан былай сұрадым: — Біз кеткен соң Меккеде бірнәрсе болды ма? Маған былай жауап берді: — Иә, Мұхаммед ибн Абдулла пайда болды, ол өзін Пайғамбармын деп жариялады, ал ибн Әбу Кухаф (Әбу Бәкір) оның соңынан ерді. Мен адамды өзіне баурап алатын Әбу Бәкірді жақсы білетінмін. Ол адал және өнегелі көпес болатын, онымен біз дос болатынбыз әрі онымен уақытты өткізуді жақсы көретінбіз, өйткені ол құрайыштардың тарихын жақсы білген және олардың генеалогиясынан керемет хабары болатын. Оған келіп, мен былай сұрадым: — Мұхаммед ибн Абдулланың пайғамбарлықпен келгені, ал сен оның соңынан ергенің туралы рас айта ма? — Иә, — деп жауап берді ол. — Солай. Сосын ол оған қосыл деп мені үгіттеп, Пайғамбар туралы айта бастады. Әбу Бәкірге монах туралы айтқанымда, ол оған қатты қайран болып, маған былай ұсынды: — Жүр, Мұхаммедке бірге барайық, осыны оған өзің айтып бересің, ал содан кейін Алланың дінін қабылдау үшін оның не айтатынын тыңдайсың. Мен Әбу Бәкірмен Мұхаммедке келгенде, ол Құранның біраз аяттарын маған оқып беріп, Исламды қабылдауды ұсынды, осы дүние мен о дүние игіліктерін уәде етті.  Алла Исламға менің жүрегімді ашты және мен оған басралық монах туралы айтып бердім.  Менің әңгімемнің Мұхаммедке жақсы әсер еткені сондай, оның жүзі өзгеріп сала берді... Содан соң мен оның алдында Алладан басқа құдайдың жоқ екендігін әрі Мұхаммед — Алла Елшісі екендігін жария еттім. Осылайша, Әбу Бәкірдің арқасында, мен Ислам дінін қабылдаған төртінші адам болдым»».  (Абдуррахман Раъфат әл-Баштың «Сахабалар өмірінің оқиғалары» кітабынан).

[4]  Хадисті имам әл-Бұхари (3460) келтірген. Хафиз Ибн Хаджар әл-Аскаляни «Фатх әл-Бариде» былай жазған, бес құл – Біләл, Зайт ибн Харис, Амир ибн Фахир, Әбу Бәкірмен азат етілген Әбу Фукайх, Суфьян ибн Умайямен азат етілген Үммү Айман. Екі әйел — Хадиша мен Үммү Айман болуы әбден мүмкін. Дұрысы, Аммар (р.а.) Исламды қабылдағандарын жасырмағандарды меңзеген болуы керек, өйткені Исламды жасырмағандарды меңзеген болуы керек, өйткені Исламды бұрынырақ қабылдап, бірақ оларын көрсетпей келгендер де болған.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: