Баласы көп, өздері қарапайым ғана өмір сүріп жатқан бір отбасы болатын. Отағасы қайтыс болған соң, ауыртпашылықтың бәрі 7 баланы дүниеге әкелген ананың мойнына ілінді. Балалары әлі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, бір иығынан тартып, көмек қолын созар ешкім болмады. Бейшара ана балаларын «тырнақтыға ілгізбей, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіремін деп жүріп әбден шаршап, қалжырайтын.
Таңертеңнен кешке дейін мектептің еденін жуып, кешке келіп үй тірлігімен айналысатын – тамақ пісіретін, кір жуатын, тағысын тағылар. Бірде балаларын аймалап-толғанса, бірде жер-жебіріне жете ұрсып алатын. Әбден қалжыраған ана бір күні ақыл-кеңес сұрап бір имамға барады. Қайтсем жақсы ана боламын? деген ой жатса-тұрса байғұс ананың көкейін тесіп жүр еді. Имаммен ақылдасып біршама уақыт отырды, алайда сол жерден қатты ойға шомып шығады. Сол күннен бастап әлгі ана өзгеріп кеткен еді. Жоқ, отбасында ақша көбейіп кеткен жоқ, балалар да тілалғыш болып кетпеді, бірақ анасы оларға ұрыспайтын, мойнының тамыры білеуленгенше ақырып-зекірмейтін болды. Керісінше, үнемі күлімсіреп жүретін болды. Аптасына бір рет базарға барып, келген соң кешке жақын бөлмесіне кіріп алып, шықпауды әдетіне айналдырады. «Анамыз ауырып қалмады ма екен», - деп балалардың болса естері шығып жүрді. Бір күні аналарының бөлмеге кірме дегеніне қарамастан, бөлменің есігін ашып, баса-көктеп кіріп барады. Ал аналары болса үстелдің басында тәтті тоқаштарды жеп, жаймен ғана шай ішіп отыр еді. «Ана, бұныңыз не? Бізден жасырынып шай ішіп отырсыз ғой, ал біз ше?» - деп таңданыстарын жасыра алмады. Ал ана болса: «Тыныш, балапандарым, мен сендерге бақытты ана жасап отырмын», - деп маңғаздана жауап берді...
Бұл оқиғадан алар ғибрат мынау – «Өзіңізді біреуге толықтай арнамас бұрын, алдымен өзіңізді дайындап алу ләзім!» Міне, сіздерге қарапайым ғана шындық. Балаларыңыз, күйеуіңіз бақытты болсын десеңіз, ең алдымен ана бақытты болуы тиіс! «Дәлел талап етпейтін аксиома», - дер едім...
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz