Тараз: "Ел үлесі пәтерге" жобасының 203-ші үйі берілді

Тараз: "Ел үлесі пәтерге" жобасының 203-ші үйі берілді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерей тойына орай "Ел үлесі пәтерге" жобасы аясында Тараз қаласында жалғызбасты 4 баланың анасына тұрғын үй кілті табысталды. 

Бүгінде үйлі болып, қуанышы қойнына сыймай шын алғысын айтып, ағынан жарылған Айна Жайткенова 4 баланы жалғыз өзі жеткізіп отыр. Жолдасы дүниеден өткен, өздері қайын ағасының үйінде 1 бөлмесінде тұратын. Келіншек "Жасыл ел - Тараз" қызметкері болып жұмыс жасаған, алайда екі бүйрегі ауырып, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты. 

Айта кетейік, осындай қиын жағдайы бола тұра осы уақытқа дейін өкіметтен көмек алып көрмеген, сынақ келіп сай-сүйегін сырқыратса да мұқтажбын деп алақанын жаймаған қайсар анаға сыйға тартылған үй қаланың орталық бөлігі саналған 2-ші мөлтек ауданында орналасқан 2 бөлмелі пәтер. Жанында мектеп, сауда орталығы, базар сынды нысандар орналасқан.

Алдын ала тексеру жүргізген құраманың айтуынша, бұл отбасының жағдайы өте нашар болатын, тұрып жатқан үйлері де құлауға шақ. Кәсіпкер азаматтардың ұйытқы болуымен ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев бастаған мешіт істері меңгерушісі Халид Хожахметов, Һибатулла Тарази медресесінің директоры Қанат Жұмағұл, наиб имам Ғалымбек Жапек, қайырымдылық істері меңгерушісі Жалғас Жұбатқанов үй кілтін табыстауға арнайы барып қайтты.

Шаттықтан жүзі нұрланған ана: "Үйге келіп хал-жағдайымызды сұрап кетті. Бірақ үй береді деп ойламадық. Күтпеген жағдай болды, шексіз разымын, Алла сіздерден разы болсын. Мүфтиятқа, "Зекет қорына", мешітке шын жүректен алғысымды айтамын," - дейді Айна Жайткенова.

Үлкен ұлы да өз рақметін айтып: "Мен қиыншылық көріп өсіп жатырмын. Алда мен де осылай қайырымдылық жасап, үйсіз адамдарға үй сыйласам деген арманым бар" - деп лебізін білдірді. 

Рамазанның соңғы 10 күндігінде жасалған бұл игі амал, ол үшін қуанған бір отбасы талайлардың жүрегін мейірімге бөледі. Қайырымды адамдар барда, қайырлы амалдар бар екенін ұмытпайықшы.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (4)

Оқи отырыңыз: