Қасиетті Құранға қатысты әдептер

Қасиетті Құранға қатысты әдептер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Құранды қолына алған немесе оқып отырған адам оның құндылығын біліп, құрметпен қарауға міндетті.
 
1. Құранды дәретті кезде ғана қолға алып, дәретті кезде ғана оқу.

2. Оқымас бұрын тісті мисуәкпен жуып, тістің арасын тамақтың қалдықтарынан тазартып, ауызды шаю керек. Өйткені, Құран сол жол арқылы өтеді.

3. Ештеңеге арқа сүйемей, тік отыру.

4. Бейнебір әміршінің алдына баратындай киіну керек, өйткені, Құран оқитын адам Алламен тілдеседі.

5. Құбылаға қарап бет түзету.

6. Түкіргеннен кейін ауызды шаю. Шу’ба Әбу Хамзадан жеткендей, Ибн Аббас Құран оқып отырып, алдына түкіргенде аузын шайып барып қана оқуға кірісетін болған. Түкірсе болды, аузын шаятын болған.

7. Есінегенде оқуды тоқтату. Өйткені, есінеу – шайтаннан, ал, Құран оқығанда адам Аллаға арнап оқиды.

8. Оқымас бұрын: «Аузу билляхи мина щщайтани рраджим», – деп, «Бисмилля» сөзін айту (сүрені басынан бастап оқысаң да, ортасынан бастап оқысаң да).

9. Оқуды бастағаннан кейін аса қатты қажеттілік туындамаса, әңгімеге алаңдап, оны тоқтатпау.

10. Құранды оқыған кезде Алланың сөздерін дүнияуи сөздермен араластырмас үшін ешкім кедергі келтірмейтіндей және сөйлемейтіндей оңашада оқыған жөн. Дүнияуи әңгімеден кейін «исти’азу» сөздерін (Аузу билляхи мина щщайтани рраджим) қайта айту.

11. Құран оқығанда әрбір әрпін анық айтып, байыппен асықпай оқу.

12. Оқып отырған аяттардың мағынасына терең бойлап, ойлану.

13. Алланың рақымы жайлы аяттарды оқығанда тоқтап, Алладан рақым тілеу.

14. Алланың жазасы жайлы аяттарды оқығанда тоқтап, Алладан жазадан құтқаруын сұрау.

15. Бұрынғы заманның адамдары мен халықтары жайлы хикаялар келгенде, ойланып, өзіңе сабақ алу үшін тоқтау.

16. Сирек кездесетін сөздердің мағынасын білу.

17. Әрбір әріпке мән беріп, дұрыс және анық оқу. Өйткені, оқылған әрбір әріп үшін он сауап амал жазылады.

18. Оқып болғаннан кейін Алла Тағаланың сөздері – Ақиқат екендігіне және оны бізге Мұхаммед Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жеткізгендігіне куәлік етіп, төмендегіні айту:

 صدقتَ ربنا وَبَلَّغَتْ رُسُلُك ونحن على ذلك من الشاهدين اللهم اجعلنا من شهداء الحق القائمين بالقِسْطِ،

 («Я, Алла, Сен Ақиқатты айтасың, және Сенің елшілерің оны жеткізді, біз соған куәгерміз. Я, Алла, бізді ақиқаттың куәгері етіп, әділеттілік жасаушылардан ете гөр»). Содан соң Аллаға дұға қылу керек.

19. Қандай да бір сүреден өзің қалаған аяттарды таңдап оқуға болмайды, бір сүрені түгелдей оқу керек.

20. Әр сүренің аяттарын араластырып оқуға болмайды. Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Біләлдің қасынан өтіп бара жатып, оның әр сүреден әр түрлі аяттарды оқып отырғанын естіп, бір сүрені түгелдей оқуды бұйырғаны жеткізілген.

21. Ақылды немесе білімді болып көріну үшін Құранның аяттарын келтіріп, мақтануға болмайды. Бұл - Алланың алдында жиіркенішті қылық.

22. Тыйым салынған жаңа тәртіптердің белгілі бір жақтастары хамзаны тереңдетіп оқитыны (артық дем шығарады) сияқты, оқуды қиындатып (бірдеңені ерекше екпінмен оқу), сөздерді жасанды түрде оқымау керек. Бұл – оларға шайтанның ұсынған жаңа үрдісі, олар соны қабыл алды.

23. «Бұл бұлай оқылмайды», - деп, Құранды дұрыс оқуға қатысты ешкіммен сөз таластырмау керек. Олай оқуға да рұқсат етілген болуы мүмкін, сонда сіз Алланың Кітабын жоққа шығарып жатқан боласыз.

24. Құранды қойғанда ашық қалдырып кетпеу.

25. Құранның үстіне басқа кітаптарды қоюға болмайды. Құран әрдайым басқа кітаптардан жоғары тұруы тиіс.

26. Оқу кезінде Құранды тізеңе қойып немесе алдыңдағы нәрсеге қойып оқу (жерге қоюға болмайды).

27.Құран тақтаға жазылған болса, оны түкірікпен емес, сумен дымқылданған шүберекпен сүрту.

28. Тақтадағы Құранның сөздерін сүртуге пайдалнылған суды нәжіс бар жерге немесе адамдар ары-бері өтетін жерге қоймау. Ол суға қатысты белгілі бір әдеп бар. Сәләфтардың тақтадағы Құранды сүртуге пайдаланған суды ауруларды емдеу үшін пайдаланғандығы жеткізілген.

29. Аят жазылған парақтарды кітаптың тысы ретінде пайдаланбау.

30. Күніне, ең болмаса, бір рет Құран оқып тұру.

31. Көзіңіз Құранға ұзақ қарайтын болсын, өйткені, көз – ішкі дүниеге апаратын жол. Жад пен жанның арасында кедергі бар. Сондықтан, жадыңдағы Құранды оқығанда, құлағың ғана естіп, жан-дүниеңе жеткізе алады. Ал, егер Кітапқа қарап оқысаң, оған көз де, құлақ та қатысып, сауапқа кенеледі.

32.Күнделікті тірлікке қатысты Құран аяттарын пайдалануға болмайды (мәселен, дастарханға тамақ әкелгенде тамақ жайлы айтылатын аяттарды айту және т.б.).

33. Христиандар мәтіндерін әндетіп айтатыны сияқты, Құранның мәтінін әндетіп айтуға болмайды.

34. Аяттарды жазған кезде анық әрі әдемі жазу.

35. Қасыңда біреу Құран оқып отырғанда, Құранды дауыстап оқымау.

36. Базарларда, күнә жасалып жатқан жерлерде, адамдардың Алланы ұмытып жататын жерлерінде және тобыр жиналатын жерлерде Құранды оқуға болмайды.

37. Құранды басыңа қойып, жастануға болмайды.

38. Құранды біреуге лақтырып беруге болмайды.

39. Құранның кішкентай көшірмелерін жасауға болмайды. Омар ибн әл-Хаттаб біреудің қолынан кішкентай Құранды көріп: «Мұны кім жазды?» - деп сұрағанда, әлгі адам: «Мен», - деп жауап берген. Сонда Омар-асхаб оны қамшымен ұрып: «Құранды лайықты түрде ұста», - деген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың,( оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), «кішкентай мешіт», «кішкентай Құран» (кішірейтіп «Құран кітапшасы» деу) деген сөздерді пайдалануға тыйым салғандығы жеткізілген.

40. Құранды басқа мәтіндермен бірге бір мұқабада басып шығаруға болмайды, шамадан тыс әшекейлеп, алтынның үстіне немесе алтын әріптермен жазуға болмайды. Ибн Аббас күміспен әрленген Құранды көріп, былай деген: «Бұған ұрының көзі түседі. Құранның әдемілігі – мазмұнында».  

41. Кейбір жаңа мешіттердегідей оны еденге немесе қабырғаларға жазуға болмайды. Омар ибн Абдуль-Азиз риуаят еткен, Алла Елшісі қабырғадағы жазуды көріп, Хузайл тайпасының бір адамынан: «Бұл не?» - деп сұраған. Ол адам: «Бұл – Алла Тағаланың кітабынан алынған сөздер, мұны бір еврей жазды» - дегенде, Пайғамбар: «Осыны жазған адам Алланың қарғысына ұшырасын», - деген. Мұхаммад ибн әз-Зубайр риуаят еткен, Омар ибн Абдуль-Азиз ұлының Құран аяттарын қабырғаға жазғанын көріп, оны ұрған.

42. Терімен немесе күміспен қапталған болмаса, аят жазылған бойтұмарларды (сабабтар) әжетханаға алып кіруге болмайды. Қапталған болса, ол адамның көкірегінде болып есептеледі.

43. Егер кімде-кім Құранның сөздерін бір ыдысқа жазып, жазылған сөздерді суға ерітіп, сол суды ішсе, суды әр жұтқан сайын шын ниетімен «Бисмилля» деуі керек, өйткені, Алла амалдарды ниетке қарай бағалайды.

44. Құранды түгелдей оқып шыққан болсаң, ең болмаса, «Фатиха» сүресін оқып, оны оқуды қайта бастау керек.

45. Құран оқып болғаннан кейін отбасыңды айналаңа жиюың керек. Анбари Катададан жеткізген, Әнас ибн Мәлік Құран оқуды аяқтағанда отбасын айналасына жиып, дұға жасайтын болған екен. Сонымен қатар, муджахид Абда ибн Әби Лубаба мен басқа да көптеген ғұламалардың Құранды оқып болып, адамдарды айналасына жинайтын болғандығы жеткізілген. Өйткені, Алланың рақымы Құран оқылып болғаннан кейін түседі. Ибн Таимия жеткізген: «Егер кімде-кім Құран оқуды күн басталғанда аяқтаса, періштелер сол күні кешке дейін оған береке тілеп тұрады; егер кімде-кім Құран оқуды кешкісін (түн басталғанда) аяқтаса, періштелер оған таң атқанға дейін береке тілеп тұрады. Сол себепті, Құран оқуды таңертең немесе кешкілік (түн басталғанда) аяқтаған абзал».
 
____________________ 

Орыс тілінен аударған Azan.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: